19 ақпан күні «Halyk Bank» АҚ БҚО филиалының директоры Игорь Стексов бастаған ұжым мен олардың отбасы мүшелері Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының төрінен табылып, Ш. Айтматовтың «Жәмилә» қойылымын тамашалады.
Шара соңында Игорь Валерьевич ынтымақтастық қарым-қатынас үшін театр басшылығына, әр адамға ой салар классикалық туындыны жоғары деңгейде жеткізе білгені үшін театр ұжымына алғысын білдіріп, ықылас гүлін табыс етті.
– Аталмыш банктің облысымыздағы филиал басшылығымен өзара серіктестік туралы келісімге келдік. «Halyk Bank» біздің театрға тұрақты түрде қолдау білдіруге ниетті. Мекеме әр тоқсан сайын бір қойылымды таңдап, көрермен залына банк басшылығы мен қызметкерлері, олардың отбасы мүшелері мен банктің клиенттері жиналады. Сонымен қатар аталмыш ұжым балғын көрерменді де назардан тыс қалдырмайды. Банкпен арадағы мұндай жемісті серіктестікке еліміздегі қазақ драма театрлары арасынан алғаш болып қол жеткізген – біздің ұжым. Өз тарапымнан өнерге деген шынайы жанашырлығы мен рухани биік талғамы үшін «Halyk Bank»-тің өңіріміздегі филиал басшысы Игорь Стексовке, өз уақыттарын саф алтындай таза өнерге арнаған ұжымның барша қызметкеріне айрықша алғыс білдіремін, – деді театр директоры Салтанат Абулгазиева.
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер