20.03.2026, 11:15
Оқылды: 7

Идея мен инновация көрмесі

Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-да «Цифрландыру және жасанды интеллект»  бағдарламасы аясында іс-шара өтті. «Университеттегі жасанды интеллект  пен цифрлық шешімдер» атты студенттік жобалар көрмесіне БҚАТУ-дың ғалымдары мен оқытушылары, сонымен қатар студенттер қатысты. 

DSC06579

Көрменің мақсаты – студенттердің жасанды интеллект (ЖИ) бағытындағы жобаларын таныстыру және олардың ғылыми ізденісін қолдау. Сонымен қатар жас зерттеушілер белсенді қатысушы ретінде идея ұсынып, прототиптер жасайды және кейбір жүйелерді әзірлеуге тікелей қатысады. Жасанды интеллект студенттердің сараптамалық (аналитикалық) ойлау қабілетін, бағдарлау дағдысын, инновациялық көзқарасын дамытады. Яғни еңбек нарығында бәсекеге қабілеттігін арттырады. Бұл көрме студенттердің төл идеясын көрсетуіне, тәжірибе алмасуға, жаңа ғылыми бағыттарды зерттеуіне жол ашады.

Гаухар Камалова

– Көрмеде студенттердің ЖИ көмегімен жасаған жобалары таныстырылды. Атап айтатын болсақ, талапкерлерге арналған «TalapkerBot», ғылыми зерттеулерге арналған «ScienceFinderBot», білім бе-
ру үрдісіне арналған «AIMentor-Bot» және кадрлық үрдістерге арналған «HRAssistant-Bot» жобасы көпшілік назарына ұсынылды. Белсенді қатысқан студенттердің жобалары болашақта университетімізде жүзеге асатын нақты цифрлық шешімдердің бастауы болуы әбден мүмкін, – дейді Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-ға қарасты «Цифрлық даму» орталығының директоры Гауһар Камалова (суретте).

Әлемдік технологиялық стартаптар дәл студенттік жобалардан бастау алады. Келешекте жақсы идеялар қолдау тапса, үлкен инновациялық жобаларға айналуы мүмкін. Сәтін салса, студенттік жобалар университет ішінде нақты жүйе немесе цифрлық қызмет ретінде іс-ке  асуы  ықтимал.

Ерболат Ерасыл

– Жасанды интеллекттің көмегімен цифрлық алаяқтықтың алдын алуға болады. «StopScam» мобильді қосымшасы  арқылы алаяқтықтың жолын кесіп, спам-қоңырауларды, күмәнді смс-терді, белгісіз сілтемелер мен QR-кодты анықтауға, зерттеп талдауға мүмкіндік береді. Телефонға түскен қоңыраулардың тарихын, күмәнділігін тексеріп, оны бұғаттауға және қабылдамауға тойтарыс бере аламыз, – деді Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың ІІІ курс студенті Ерболат Ерасыл (суретте).

Көрме соңында студенттер жоба ауторларының жұмысымен жекелей танысып, сұрақ-жауап алмасты.

 

Гүлфия Азаматқызы,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале