4.11.2021, 17:04
Оқылды: 50

Иен даладан Индерге дейін

Биылдан бастап «Барбастау – Ақжайық – Индер» бағытындағы автокөлік жолы қайта жаңатылуда. Сәрсенбі күні бұқаралық ақпарат қызметкерлері жол құрылысы саласындағы мекеме өкілдерімен бірге «Жолшы маманның бір күні» жобасы аясында облыс орталығынан 110 шақырым жерде орналасқан Шағатай ауылы тұсындағы құрылыс учаскесіне барды. Қарашаның қара суығына қыңбаған жұмысшылардың құрылыстан қол үзе қоймағанына куә болдық. Автогрейдерші Николай Краснятовтың өз мамандығы бойынша еңбек етіп келе жатқанына 30 жылдан астам уақыт өтіпті.

53

– Жөндеу жұмысы басталғанда алдымен бульдозер ескі төсемдерді алып тастайды. Содан кейін ауыр техника тегістеп өтеді. Геодезиялық зерттеу жүргізілген соң,  жобадағы өлшем бойынша автогрейдер іске кіріседі. Жер тегістеу жұмысы жүргізілген соң, қиыршық тас араластырып алғашқы қабатты төсейміз. Оның үстіне асфальт құямыз. Мен жүргізетін автогрейдерде салқындатқыш бар әрі пешпен жылытылады. Қысы-жазы қауырт тірліктен қол үзген емеспін. Қыс кезінде автожолдардағы қарды аршып, жол бетін тегістеп қырамыз, – деді Николай Краснятов. Жұмыс тобы құрылыс учаскесі қасындағы көшпелі асфальт-бетон зауытына барды. «Барбастау – Ақжайық – Индер» жобасының жетекшісі Ермек Қайырсапиевтің айтуынша, зауытта құрылыс материалдары дайындалуда. Жазғы маусымда жұмысшылар асфальт-бетон қоспаларын өндіруді екі ауысыммен  жүргізді. Ауа райының салқындауына байланысты қазіргі уақытта асфальт-бетон қоспасы күндіз дайындалуда. Өндіріске қажет құм-қиыршық қоспа Теректі ауданының аумағынан жеткізіледі, қалғандары басқа аймақтан тасымалдануда. Зауыт жұмысшылары сағатына 150 тонна асфальт-бетон қоспасын өндіріп үлгереді.

48

– Жол құрылысында еңбек етіп жүргеніме 11 жыл болды. Жолшылар сапында еңбек жолымды қатардағы жұмысшы болып бастап, қызмет бабымен сатылай көтерілдім. Лаборант, геодезист, учаске шебері болған жылдар мен үшін шыңдалу кезеңі болды. Одан кейін учаске басшысынан жоба жетекшісі лауазымына тағайындалдым. Колледжді тәмамдаған соң, жол құрылысы бойынша жоғары білім алдым. Негізгі мамандығым – техник-құрылысшы. Алматы қаласының аумағында «Батыс Еурова – Батыс Қытай» халықаралық дәлізі бойынша бірінші санатты бетонды автожол салуға, облыстағы республикалық маңызы бар «Чапаев – Жалпақтал – Казталов» автжолының құрылысын жүргізуге үлес қостым, – деді жас жігіт.

Құрылыс учаскесіне барған «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» ШЖҚ PMK-ның БҚО бойынша филиалының қызметкерлері материал сапасын тексерді. Орталық инженері Дәурен Амиров ірі қиыршықтастарды қапқа салып, Орал қаласындағы зертханада сараптамадан өткізетінін айтты. Оның берген мәліметіне сүйенсек, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» филиалымен жұмыстар мен материалдардың сапасына сараптама қызметі туралы шарт жасасқан. Басқарма тапсырысына сай орталық мамандары биыл жыл басынан бері құрылыс барысын тексеруге 14 рет жолға шықты. Жоспарлы тексеріс бойынша 100-ге жуық құрылыс материалы сұрыпталып, соның 10 пайыздайы стандарт талабына сай келмеді. «Оның бірін атап өтсек, жазғы қуаңшылық кезеңінде су тапшылығы туындауына байланысты жердің беткі қабатына төсем салу құрылыс талабына қайшы екені анықталды. Мердігер сараптама қорытындысы бойынша барлық ақауды жойды. Қазіргі уақытта асфальт-бетон зауыты қалыпты жұмыс істеуде»,  – деді инженер қиыршық тасты күрекпен қапқа салып жатып.

51

Мердігер ЖШС Барбастау – Ақжайық – Индер (43-93 км) 50 шақырым бөлігін жөндеуді Шағатай ауылы тұсынан бастаған. Бүгінге дейін серіктестік жұмысшылары автожолдың 13 шақырым бөлігіне асфальт төсеп үлгеріпті. Серіктестің бас директорының орынбасары Шымболат Ғаббасовтың мәліметі бойынша келісімшарт құны – 5,9 миллиард теңге. Биыл автожол құрылысына облыс бюджетінен 1,6 млрд теңге бөлінді. Осы қаражат қараша айы соңына дейін игеріліп, 15 шақырым асфальт төселуі тиіс. Құрылыс учаскесінде 50 шақты адам жұмыс істеуде, оның 30-ы жергілікті елді мекендерден тартылған. Қап-қара шикізатты төсеп бара жатқан комбайн тәріздес алып техника қасында құрылыс бригадасы қарбалас қимылдап жүр. Жол бетіне қорғасындай балқып түскен асфальт-бетон қоспасын дөңгелегі жалпақ техника әрі-бері таптауда. Күздің ызғырық желі өңмеңнен өткенімен, етік табанынан жаңадан құйылған асфальт қызуы анық сезіліп тұрды.

54

– Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында елдегі оң өзгерістер шарапатын анық сезінудеміз. Ауылымыз таза сумен және көгілдір отынмен қамтылды. Көптен күткен жобаның бірі – Шағатай ауылы арқылы өтетін күре жол асфальтталуда. Тұрғындар жол азабын басынан кешіріп келеді. Қыста жолды қар басып, қатынас үзіліп, қаңтарылып қалатынымыз рас. Енді, міне, мердігер автожолды жаңғыртуға кіріскелі қуанышымыз қойнымызға сыймай жүр, – деді аңқылдай сөйлеген қария, Шағатай ауылының тұрғыны  Сатқан Мұқашев. Ақсақал сөзін сабақтай сөйлеген облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бауыржан Айтмағамбетов «Барбастау – Ақжайық – Индер» жобасының Жайықтың сол жағалауында орналасқан елді мекендер үшін әлеуметтік маңызы зор екенін айтты. Аталған жоба жүзеге асқан жағдайда Ақжайық пен Теректі ауданына қарасты үш мыңдай тұрғыны бар сегіз ауылдың өрісі кеңейіп, тынысы ашыла түспек. Осы автожол арқылы көрші өңірге бет алған жолаушыларды Индер ауданы қол бұлғап қарсы алады. Басқарма басшысы автожолды Атырау облысының шекарасына дейін асфальттау жоспарда бар екенін айтты.

55

Бауыржан Айтмағамбетовтың сөзінше, жол құрылысы материалдарының қат болуы жобалардың уақтылы орындалуына әсер етеді. Мәселен, мердігерлер қиыршық тасты Ақтөбе өңірінен, битум қоспасын Маңғыстау облысынан алдыртады. Соған байланысты құрылыс құны қымбатқа шығуда. Облыс бойынша жергілікті автомобиль жолдары желісінің ұзындығы 5082,7 км құрайды. Соның 34 пайызы ғана қанағаттанарлық деңгейде. Республикалық әрі жергілікті бюджеттен бөлінген 11,2 млрд теңге қаражатқа 34 жоба бойынша 165,7 км автомобиль жолдарын реконструкциялау, күрделі және орташа жөндеу жоспарланды. Соның нәтижесінде жақсы деңгейдегі жергілікті жолдардың үлесі  39 пайызға жетпек.

57

– «Жолшы маманның бір күні» жобасының мақсаты – БАҚ арқылы жастарды қиын да қызықты жолшы мамандығының қыр-сырымен таныстыру. Құрылыс мердігерлері автогрейдер операторы, асфальт тегістегіш жүргізушісі, техник-инженер секілді жоғары және орта білімді мамандарға зәру болып отыр. Сондықтан колледждер мен мектептерде жастарды осы бағытта техникалық мамандықтарға тарту бағытында үгіт-насихат жұмысын жүргізудеміз. Қазіргі кезде жол құрылысы саласында кадр тапшылығы өте өзекті, – деді «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» ШЖҚ PMK-ның Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалы директорының міндетін атқарушы Зауырбек Қыпшақбаев.

Нұртай Текебаев,

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале