Ішкі істер министрлігінде аумақтық полиция бөліністерінің, Ұлттық ұланның өңірлік қолбасшылықтарының, қылмыстық-атқару жүйесі департаменттерінің және ведомстволық оқу орындарының басшыларының қатысуымен кеңейтілген алқа отырысы өтті, деп хабарлайды Polisia.kz.
Суреттер: Polisia.kz
Отырыс барысында ішкі істер органдарының ағымдағы жылдың тоғыз айындағы жедел-қызметтік қорытындылары шығарылып, алдағы кезеңге арналған басым міндеттер айқындалды. Бірқатар басшылар тыңдалды.
Ведомство басшысы кәмелетке толмағандар арасындағы қылмысқа қарсы күресті күшейтуге назар аударды. Ол аумақтық полиция бөліністеріне құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін мектеп әкімшілігімен бірлесіп, білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздікті белсенді бақылауды және осы бағыттағы профилактиканы жандандырып, іс-шаралар кешенін жүргізуді тапсырды. Сонымен қатар балалардың түнде ересектерсіз үйден тыс жерде жүргені үшін ата-ана мен заңды өкілдердің жауапкершілігі туралы жеткізуді айтты.
Есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес жеке қаралды. Жыл басынан бері полиция 6288 есірткі құқық бұзушылығының, оның ішінде 2657 қылмыстың жолын кесті. Заңсыз айналымнан 19 тоннадан астам есірткі тәркіленді, оның ішінде 419 кг-нан астамы синтетика. 47 есірткі зертханасы жойылды. Бұдан басқа, есірткінің таралуы туралы ақпаратты қамтитын 3182 интернет-ресурс анықталды, олар бойынша мәлімет бұғаттау үшін уәкілетті органға жіберілді.
Жалпы осы бағытта полиция қызметкерлері 700 мыңнан астам адамды қамтыған 11 мыңға жуық алдын алу іс-шараларын өткізді.
Министрлік қызметінің негізгі бағыттарының бірі – киберқылмысқа қарсы іс-қимыл. Тоғыз айда 15 мыңнан астам интернет-алаяқтық фактісі тіркелген. Жалпы цифрлық қылмыстарға қарсы күресті күшейту мақсатында ведомствода бейінді департамент құрылып, оған IT-салада тиісті білімі бар мамандар кіретін болады. Бұл оларға заманауи қауіп-қатерге қарсы тұруға мүмкіндік береді.
Отырыс соңында еліміздің бас полицейі департаменттер мен қызметтердің бастықтарына профилактикалық жұмысты күшейту және оған жергілікті атқарушы органдар мен жалпы жұртшылықты жұмылдыруды, жеке адамға қарсы барлық қылмыстардың жолын кесуді, өңірлерде құқықтық тәртіпті сақтап, азаматтарды қылмыстық қол сұғушылықтардан қорғауды қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар берді.