4.04.2024, 9:15
Оқылды: 39

Ильфат Абдуллин: «Қазіргі дайындығымыз тікелей олимпиада ойындарына бағытталған»

Садақ атудан Қазақстан командасы қатарынан екінші рет Олимпиада ойындарына толық құрамда барады. Қазіргі таңда мергендеріміз төртжылдық додасына алаңсыз дайындалып жатыр. Olympic.kz сайтына сұхбат берген құрама үздіктерінің бірі Ильфат Абдуллин жаттығудың қалай өтіп жатқанын баяндады.  

1712125844

Фото: olympic.kz

Садақ ату шеберлері 2023 жылғы Азия чемпионатының қорытындысы бойынша Олимпиада жолдамасын жеңіп алды. Аталған сында Ильфат Абдуллин, Дәулеткелді Жаңбырбай мен Александр Еременкодан құралған Қазақстан командасы күміс медаль иеленген.

Естеріңізде болса, Токио Олимпиадасында Қазақстан құрамасы араға 20 жыл салып, жазғы ойындардың командалық додасында өнер көрсетті.

Жақын арада спортшылар әлем кубогінің алғашқы кезеңінде сынға түседі.

«Дайындық жоспар бойынша жүріп жатыр. Соңғы екі жаттығу жиынын Түркияда, өте жоғары деңгейде өткіздік. Өзге елдердің спортшыларымен спарринг ұйымдастырып, бізге қиын соғатын кейбір элементтерді жете меңгердік.

Енді 20 сәуір күні Қытайда өтетін әлем кубогінің алғашқы кезеңінде бақ сынаймыз. Қазір Олимпиадада сәтті өнер көрсету үшін дайындықты да қайта қарап жатырмыз. Нәтижені жақсартып, техниканы жетілдірудеміз. Сондай-ақ, жоспарлы көрсеткіштерімізді тексердік.

Парижде біз командалық және жекелей сында өнер көрсетеміз. Егер әйелдер командасындағы өкілдеріміз жолдама алса, аралас жұптық сында да жарыс жолына шығатын мүмкіндік бар», - дейді Абдуллин.

Бүгінде спортшы өзінің техникалық шеберлігін жетілдіруге күш салып жатыр.

«Жылдың басында нағыз бабымда болдым. Қазір бабымды жоғалтпауға, орташа деңгейден төмендемеуге тырысып жүрмін. Кез келген спорт түрі секілді, бізде де нәтиженің жақсаратын, құлдырайтын кездері болады. Барлық жағдайға дайын болу керек. Қазір осымен жұмыс істеп жатырмын. Ең бастысы – жарақаттан аулақ болу қажет»,- дейді Ильфат.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале