Tesla мен SpaceX-ті басқаратын және Twitter-дің иесі Илон Маск тағы да әлемнің ең бай адамы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Bloomberg агенттігіне сілтеме жасап.
Бұл титул LVMH (Louis Vuitton Moet Hennessy) президенті Бернард Арнонда болған еді.
Илон Маск активтері биылғы жылы Tesla Inc акциялары құнының 70 пайызға жуық өсуінің нәтижесінде артты. Сондай-ақ компания бірнеше модельдердің бағасын төмендеткеннен кейін электр көліктеріне сұраныс өсті.
Bloomberg-тің рейтингіне сәйкес, Масктың байлығы 187,1 миллиард долларға бағаланады. Бұл 185,3 миллиард долларға бағаланған 73 жастағы Бернард Арноның байлығынан сәл артық.
Масктың қайырымдылыққа жұмсаған қаражаты оның жеке капиталына көп әсер етпеген. Кәсіпкер өткен жылдың тамыз-желтоқсан айларында 11,6 миллион Tesla акциясын аталмаған қайырымдылық мақсаттарға берген.
Tesla инвесторлары Масктың қазан айында алған Twitter-ге тым көп көңіл бөлетініне алаңдаушылық білдірді. Сол уақытта электромобиль өндірушісі саладағы бәсекелестіктің күшеюіне тап болды.