Инвестиция тарту – экономиканы дамытудың басты бағыттарының бірі. Ол үшін сыртқы және ішкі инвестициялар көлемін ұлғайту қажет.
Сурет: istockphoto.com
Өңірдегі инвестахуалдың жай-жапсарын білу үшін облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Нұржан Өтепбаев берген мәліметке көз жүгіртелік. Былтыр өңірге инвестициялар тарту барысында 104 млрд теңгеге 21 жоба іске қосылып, 600-ге жуық жұмыс орны ашылған. Оның ішінде ірі жобаларға тоқталар болсақ, Бөрлі ауданында Қарашығанақ кен орнын кеңейту аясында 5-компрессорды орнату (КПО б. в.) және мұнай өнімдерін сақтауға арналған резервуарлар паркі («NDF Kazakhstan» ЖШС), Рожков кен орнындағы көмірсутек шикізатын барлау және өндіру («ОралОйлэндГаз» ЖШС), бордақылау алаңын кеңейту («Терра Ақжайық» ЖШС) және 700 бас малға арналған сүт тауарлық фермасын кеңейту («Ringo-Milk» ЖШС).
– Өңдеу өнеркәсібі саласында құны шамамен 5 млрд теңгеге 4 инвестициялық жоба іске қосылды. 200-дей жұмыс орны ашылды. Атап айтқанда, қуаттылығы жылына 30 млн дана кірпіш өндіретін зауыт («Westgroup» ЖШС), жылына 53 мың бірлік мұнай-газ жабдығын өндіретін зауыт («КаспиМұнайКапитал» ЖШС), жылына 10 млн литр минералды су өндіру цехы («BATYSMINIRALSU» ЖШС) және сүт зауыты («Сүт өңдеу зауыты» ЖШС) іске қосылды. Биыл облыста негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі бойынша бекітілген нысаналы индикатор 841 млрд теңге көлемінде жоспарланды. 2025 жылы 30,1 млрд теңге көлемінде инвестиция тарту арқылы 451 жаңа жұмыс орнын құруды көздейтін 15 жоба іске асырылмақ. Соның ішінде келесі ірі жобаларды атап өтуге болады: Ақсай қаласында қонақүй құрылысы («Серік» ӨЖК» ЖШС), Орал қаласында химиялық қоспалар өндірісі («Синтез Урал» ЖШС), алюминий сымдары өндірісі («Ural Electric» ЖШС) және көтерме тарату орталығы («БатысКапиталЛимитед» ЖШС). Бәйтерек ауданында құрғақ қоспалар өндірісі («Бриг Compani» ЖШС), «Ural Electric» ЖШС италиялық «SIGME» компаниясының жабдығымен дөңгелек қимасы бар эмальданған алюминий сымдар өндірісінің жобасын жүзеге асыруда. Жобаның қуаты жылына 250 тонна өнім өндіруге жетеді. Бұл жоба құрылыс индустриясы саласында импортты алмастыруға және экспортты ілгерілетуге бағытталған. Жалпы, жобаны биыл іске қосу жоспарда тұр. «Bilgili Group» ЖШС тұрмыстық химикаттар өндірісінің жобасын қолға алды. Жобаның қуаттылығы – жылына 24 мың тонна өнім өндіру. Өндірілетін өнімдердің негізгі түрлері: антифриз, шыны жуғыштар, кір жуғыш ұнтақ, сабын, ағартқыштар, теріге арналған майлар және т. б. Жобаны іске асыру шеңберінде өнімдердің 70%-ын экспортқа жіберу жоспарлануда. Аталған жобалар импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді, – деді Нұржан Сапаркелдіұлы. Жалпы, 2024 жылдың қорытындысы бойынша облыста негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 712,9 млрд теңгені құрап, 4,7%-ға артқан. Тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 2024 жылдың 3-тоқсанының қорытындысында 995,5 млн АҚШ долларын құраған. Бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,1%-ға артық. Отандық және шетелдік инвесторлардың құқығын қорғау, оларды толғандырған мәселелерді шешу, қолдау көрсету мақсатында инвестициялық штаб қызмет етеді.
Ясипа Рабаева,
«Орал өңірі»