26.08.2020, 11:26
Оқылды: 32

Індеттің қаупі сейілмей тұр

Қорғаныс құралдарын өндірушілер санын көбейтіп және олардың өнімділігін арттыру арқылы бетперделер құнын 40 теңгеге дейін төмендету қажет. Сондай-ақ карантин кезінде адам көп жиналып, аурудың таралуына кесірін тигізетін тойлар мен жиындарды өткізушілер туралы құзырлы орындарға хабарлама берген жанашыр адамға сыйақы төлеудің заңды жолдарын қарастыру керек. Кешегі өткен індеттің алдын алуға бағытталған жедел штаб отырысында облыс әкімі Ғали Есқалиев осындай мәлімдеме жасады.

shtab (1)

Онлайн түрде өткен басқосуда облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Болатбек Каюпов өңірдегі эпидемиологиялық ахуал туралы баяндады. Облыстың бас дәрігерінің мәліметіне сүйенсек, бүгінгі таңда аталған індетке шалдыққандарға медициналық көмек көрсетуге арналған емханаларда 3445 адамға есептелген орын бар. Олардың ішіне 1823 карантиндік, 752 повизорлық, 870 инфекциялық керует кіреді. Індетке шалдыққандардың саны азаюына байланысты провизорлық және инфекциялық емдеу орындарын қоса алғанда кереует саны 891-ге дейін қысқартылған. Аталған емдеу орындарында 150 дәрігер қызмет атқаруда. Жалпы облыс бойынша 1687 дәрігер мен 6388 орта медициналық қызметкер болса, биыл олардың қатары 64 жоғары білімді, 104 орта білімді медицина қызметкерлерімен толыққан.

shtab (2)

– Өңірімізде коронавирус індетіне шалдыққандардың жалпы саны 6701 адамға жетті. Олардың ішінен 5832 адам сауығып шықты. Өкінішке орай 86 адам қауіпті індеттен көз жұмды. Енді күз-қыс мезгілінде коронавирус инфекциясының екінші толқыны келуі мүмкін деген болжам бар. Осыған орай инфекциялық және провизорлық емханаларда қосымша орындар дайындалды. Олардағы медицина қызметкерлері де жеткілікті. Емдеу орындарында екі айға жететін дәрі-дәрмек қоры жасақталды. Емханаларға қажетті құрылғыларды алу үшін 757 миллион теңгеден астам қаражат бөлініп, 154 медициналық аппараттар алынуда. Дертке шалдыққандарға жедел көмек көрсету мақсатында 37 реанимобиль алу жоспарланды. Жеке қорғаныс құралдарын алуға республикалық бюджет есебінен 288 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінді. Ал жергілікті бюджет есебінен медициналық құрал-жабдық алуға 170 миллион теңгеге тарта қаражат қарастырылды. Сонымен қатар 200 орынға есептелген инфекциялық емхананың құрылысы жүргізілуде. Күз мезгіліндегі ауа райының күрт салқындауына байланысты тұмау ауруының да күрт өсу қаупі бар. Жыл сайын тұмауға қарсы екпе жасау үшін 67 000 дана екпе алынатын болса, биыл қосымша 83 000 екпеге тапсырыс берілді. Күз және қыс айларының суық мезгілдерінде адамдар өз денсаулықтарына аса мән беруі керек. Себебі осы кезде тұмау мен коронавирус инфекциясының қосарларған түріне шалдығу қаупі жоғарлайды. Бұл, әсіресе балалар мен жүкті әйелдер, созылмалы аурулары бар адамдар мен 65 жастар жоғары тұрғындар үшін өте қауіпті мезгіл. Сондықтан да жерлестерімізді барынша қорғануға шақырамын, – деді Болатбек Каюпов.

shtab (3)

Сондай-ақ бас дәрігер індеттен толық құтылдық деп, арқаны кеңге жаюға әлі ерте екендігін баса айтты. Бүгінгі таңда коронавирус дертін жұқтырған 114 науқас облыс емханаларында орналасқан. Олардың 11-нің жағдайы өте ауыр болса, 24 науқас жасанды тыныс алу аппаратына қосылулы. Күніне ондаған адам осы дертке шалдығуда екен.

shtab (4)

Облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ернар Бекетовтың мәлімдеуінше, пандемия кезінде өңірдегі 18 кәсіпорын қорғаныс құралдарын өндіруге бет бұрған. Олардың күшімен бүгінге дейін 1 миллион 200 мыңға жуық бетперде, 300 мың дана қорғаныс киімдері тігілген. Қазіргі таңда өңірдегі бетпердеге деген сұраныс толықтай қамтылған. Дәріханалардағы бетперделердің қоры 140-200 мың дананы құрайды. Сонымен қатар бетперде өндірісіндегі жетекші кәсіпорын саналатын «Казмедком» компаниясы қосымша құрылғылар алып, қыркүйек айында өндіріс көлемін арттыра түспек.

Штаб отырысында өңір тұрғындарының қойылған талаптарды тиісті дәрежеде сақтамай отырғандығы да сөз болды. Карантин режимін сәл босаңсытқалы бері тойлар мен түрлі жиын өткізушілер саны көбейген. Облыстың бас санитары Мұхамғали Арыспаевтың айтуынша, өңірдегі карантин тәртібін сақтамаған 561 жағдай тіркелген. Оларға 34 миллион теңгедей айыппұл салынған. Бір ғана Орал қаласында – 258, Бөрлі ауданында – 78, Бәйтерек ауданында – 35, Ақжайық ауданында 31 тәртіп бұзу анықталған. Бұлардың басым бөлігі той, садақа, қонақтық секілді басқосуларды өткізген.

shtab (5)

– Өкінішке орай біз індеттен әлі құтылған жоқпыз. Бұл дерт тұмау секілді күнделікті тірлігімізде қала бермек. Тек тұмаудың емдеуге болатын болса, бұл індеттің емі әлі табылмауда. Бүгінгі басқосуда айтылған деректерден қауіптің әлі жоғары екендігін аңғарып отырмыз. Карантин режимін сәл жеңілдеткенде тәртіп бұзушылар санының күрт артқандығына көзіміз жетті. Тұрғындар бұрынғы қалыптарына түсіп, той мен түрлі жиындарды көптеп өткізіп жатыр. Адамдардың бір жерге шоғырлануы індеттің таралуына оңтайлы жағдай туғызады деп қанша айтылғанмен әлі күнге дейін кейбіреулердің санасына жетпегені өкінішті. Біз тағы да тым босаңсып кеттік. Соның салдарынан да індет жұқтырушылардың саны артып отыр. Түрлі блокбекеттер қою, айыппұл салу, қозғалысты шектеу арқылы бұл індетке тосқауыл қою қиын. Біздер тек шектеулер арқылы өз-өзімізді қорғай аламыз. Жиындар жасамай, жеке бастың гигиенасын сақтау керектігін түсінгенде ғана бұл індетті жеңеміз. Соны әр адам жіті түсінетін уақыт жеткен сияқты. Иә, жер-жердегі тәртіпті бақылау үшін өңірде 130 мониторингтік топ құрылды. Бірақ олар барлық аумақты толық қамти алмауы мүмкін. Сондықтан тәртіпті бақылау үшін жаңа жүйеге көшуіміз керек. Ол үшін біз өңір тұрғындарынан қолдау сұраймыз. Әр аудан-ауылдардағы жерлестеріміз тойлар мен жиындар өткізу жағдайын байқаса құзырлы мекемелерге хабарлауды өтінеміз. Телефон арқылы немесе бейнежазба, фото дәлел ұсынғандарға қаржылай сыйақы беруіміз керек. Күз, қыс мезгілінде індеттің екінші толқыны келеді деген жиі айтылуда. Сондықтан тұрғындарды өз денсаулығына аса мән беріп, қойылған талаптарды қатаң сақтауға шақырамын, – деді жиынды қорытындылаған облыс әкімі Ғали Есқалиев.

Нұрбек Оразаев,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале