12.01.2026, 16:00
Оқылды: 69

Инклюзивті спортты дамытуға сіңірген еңбегі еленді

Орал қаласында мүмкіндігі шектеулі жандар спортының дамуына қосқан елеулі үлесі үшін Әскербек Бақытжанұлы Нұрмұхановқа «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы» құрметті атағы берілді.

WhatsApp Image 2026-01-12 at 16.43.52

Әскербек Бақытжанұлы – сурдо дзюдо спортынан ел намысын абыроймен қорғап жүрген бірқатар чемпиондарды тәрбиелеп шығарған білікті бапкер. Ол 1982 жылы Сырым ауданының Жосалы ауылында дүниеге келген. 2003 жылы Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің дене шынықтыру және спорт факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын Сырым ауданындағы спорт мектебінде жаттықтырушы болып бастады. Кейін Батыс Қазақстан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасында жетекші маманнан бөлім басшысына дейінгі түрлі қызметтерді абыроймен атқарды.

2021–2025 жылдары мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт клубының директоры қызметін атқарып, өңірде инклюзивті спорттың дамуына тың серпін берді. Қазіргі таңда Орал қаласындағы №2 балалар-жасөспірімдер спорт мектебін басқарады.

Елімізде инклюзивті спортты дамытуға сіңірген еңбегі жоғары бағаланған Әскербек Бақытжанұлын мәртебелі марапатымен шын жүректен құттықтай отырып, алдағы қызметіне толағай табыс тілейміз!

Түгелбай Бисен,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале