14.11.2022, 9:31
Оқылды: 198

Инсулинге тәуелді 13 мың ғұмыр

Бүгінде сусамыр дертіне шалдыққандар санының күрт өсуі әлемдік денсаулық сақтау ұйымдарының жаһандық проблемаларының біріне айналып отыр. Инсулинге тәуелді ғұмырлар өңірімізде де аз емес. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек, өңірде 13 мыңға жуық тұрғын аталмыш дертке шалдыққан. Бұл дерек жыл сайын жаңарып отырады. Сусамыр сырқатының жас талғамайтынын ескерсек, аурудың алдын алу – кезек күттірмейтін мәселе. Осы орайда «Қант диабетінің алғашқы белгілері қандай? Дерттің алдын алу үшін не істеу керек?» деген сауалдар төңірегінде облыстық көпбейінді аурухананың эндокринолог дәрігері Камила Бақтығалиевамен тілдескен едік.

1

Қандағы қант мөлшері қанша болуы керек?

Камила Нұрболатқызының айтуынша, қант диабеті – адам ағзасындағы ұйқы безі бөлетін гормон – инсулиннің мүлдем бөлінбей қалуынан немесе жеткіліксіз бөлінуінен пайда болатын эндокриндік ауру. Яғни инсулин – ұйқы безі бөлетін, қандағы глюкозаның мөлшерін бақылайтын гормон. Ол жүйелі бөлінбесе, қант ағзадағы жасушаларға сіңбей, қан құрамында қалып қояды. Соның салдарынан қандағы қант деңгейі көтеріледі. Дені сау адамның капиллярлық (саусақтан алынған) қанындағы глюкоза қалыпты жағдайда 3,3-тен 5,5 ммоль/л-ға дейін болса, тамақтанғанда 7,8 ммоль/л-ға дейін өзгеруі мүмкін. Бірақ одан жоғары болса, сусамыр сырқатынан хабар бергені. Қант диабеті негізінен екі түрге бөлінеді. Біріншісі, инсулинге тәуелді диабет (қант диабетінің 1-ші түрі), негізінен балалар мен жастарда кездеседі. Екіншісі, инсулинге тәуелді емес диабет (қант диабетінің 2-ші түрі), әдетте 50 жастан асқан, артық салмағы бар адамдарда дамиды. Диабеттің өршуіне вирустық инфекцияларды жиі жұқтыру, қимыл-қозғалыстың аз болуы, семіздік, дұрыс тамақтанбау, жиі күйзеліске түсу, тұқымқуалаушылық әсер етеді. Сондай-ақ қызылша, вирустық гепатит пен эпидемиялық паротит (құлақ түбі бездерінің шошынуы) сырқаттарына шалдыққандарда сусамыр дертінің өршу қаупі жоғары болады. Тағы бір айта кететін мәселе, адам панкреатит ауруына шалдықса, ұйқы безі зақымдалуы мүмкін. Соның салдарынан ұйқы безінің гормон шығару қабілеті ішінара немесе толық жойылып, ұйқы безінің диабеті (панкреатический диабет) дамиды. Егер ұйқы безі қалыпқа келсе, гормон шығару  қабілеті  де  реттеледі.

Алғашқы белгілері қандай?

– Негізінен қант диабеті жасырын түрде дамитындықтан, көп жағдайда дерт кеш анықталып жатады. Сусамырдың негізгі симптомдарының бірі – гипергликемия немесе қандағы қант деңгейінің көтерілуі. Оған шалдыққан адам үнемі шөлдеп жүреді. Қыста да шөлі қанбай, суды көп мөлшерде ішеді. Кіші дәретке шектен тыс (тәулігіне 6 литр және одан көп) көп барады. Сәл қимылдаса, шаршап қалады. Тіпті таңмен төсек-орнынан ширақ тұруға құлқы болмай, әлсіздік басады. Науқас өзін әлсін-әлсін ашқұрсақ сезініп, жиі ауқаттанады. Соған қарамастан, себепсіз арықтай береді. Аяққолдың жансыздануы мен ауруы да сусамыр белгілерінің бірі. Уақтылы емделмесе, аяқ-қолдың ауырғаны күшейіп, жазылып бітпейтін жаралар пайда болады. Екінші типтегі диабет басталғанда науқастың көру қабілеті нашарлап, көз алды «тұманданады». Тиісінше емделмесе, науқас көз жанарынан айырылып қалуы мүмкін. Аурудың ерте белгілеріне терінің, әсіресе екі шаптың арасында қышу, бөртпе пайда болуы жатады. Бұл белгілер байқалғанда науқастардың дені алдымен дерматологқа қаралады. Қан талдамаларын тапсырған соң диабетке шалдыққанын біліп, ем-дом қабылдайды. Диабетке душар болғандарда бүйрек қызметі де бұзылып, науқастың аузынан ацетон тәріздес иіс шығады. Ал балаларда тым ерте білінетін белгісі – кіші дәреті тоқтамайды. Кіші дәреттегі қанттың мол болуынан балалардың іш киімдері (емшектегі нәрестелердің жөргегі) крахмалданғандай қаудырлап тұрады, – деді Камила  Нұрболатқызы.

Бүгінде көптеген медициналық орталық қандағы қант мөлшерін глюкометр аспабы арқылы анықтайды. Мұны экспресс тәсіл деп атайды. Бұл аспап арқылы ағзадағы қант мөлшерін үйде де анықтау қиынға соқпайды.

Сусамырдың алдын  алғыңыз келсе ...

Эндокринолог дәрігердің айтуынша, қант диабетін ем­деудің негізгі жолы – диета сақтау. Диетотерапия арқылы ауруды үш жылға дейін асқындырмай ұстауға болады. Бұдан әрі науқасқа қантты азайтатын дәрі-дәрмек тағайындау қажет. Тазартылған көмірсулар (қант, бал, джем және т.б.) мен майлы тағамды  тұтынуды азайту керек. Құс етін, майлы емес балық, көкөніс тағамдары мен шөп қайнатпаларын және қант қосылмаған компоттарды тұтынған абзал. Яғни тамақты қуырып жегеннен гөрі, бұқтырып пісіріп пайдаланыңыз. Тәттілерден, газдалған сусындар мен десерттерден, қантпен еритін сусындардан, фастфудтар мен ысталған, тұздалған  тағамнан  бас  тартыңыз.

Екіншіден, физикалық тұрғыда белсенді болыңыз. Адамның асқазанындағы астың дұрыс қорытылмауы салдарынан қандағы қант көбейіп кетеді. Сондықтан кез келген адамның жүйелі қозғалыста болғаны жөн. Сонда ғана ағзадағы қан айналым дұрысталып, қандағы қант реттеледі. Дұрыс тамақтануды қалыптастырып, оны әдетке  айналдырыңыз.

Үшіншіден, I типті қант диабетін емдеу үшін тек инсулин терапиясы қолданылады. Инсулин препараттарын әсер ету ұзақтығына байланысты үш топқа бөлуге болады: қысқа әсер ететін инсулиндер, ұзартылған инсулин препараттары мен аралас препараттар. Бұл науқастың диагнозына байланысты тағайындалады. Инсулинге төзімді дәрілер тобына бигуанидтерді, инсулин секрециясын ынталандыратын дәрілерге сульфонил зәр шығару препараттарын қолданады. Ішектегі глюкозаның сіңуін  альфалюкозидаза ингибиторлары  тежейді.

– Диабетті диетаның, жаттығулар мен дәрі-дәрмектің көмегімен емдеуге, сол арқылы оның асқынуына жол бермеуге болады. Десе де, ең алдымен, әр науқас өз денсаулығына жауапты екенін ұғынуы қажет. Ол арнайы күнделік ашып, күн сайын қан мен несептегі қант деңгейін, несептегі ацетон мөлшерін, салмағы мен қан қысымын жазып жүруі тиіс. Бұл оның ахуалын анықтап, емдеу схемасын ауыстыруға, емдеу терапиясын, диета мен физикалық жаттығулар бағытын реттеп отыруға көмектеседі. Диабет белгілерін байқаған жағдайда эндокринолог дәрігерге қаралу маңызды. Диагноз расталса, пациентті, ең алдымен, «Диабет мектебіне» жібереді. Әрбір емхана жанында жұмыс істейтін бұл кабинеттер глюкометрдің көмегімен қандағы қант деңгейін өлшеу, дұрыс тамақтану мен инсулин екпесін салу жолдарын үйретеді. Бұл екпелер қарынға немесе санға салынады, – деді Камила  Бақтығалиева.

Денсаулықтың қорғаны – өзіміз

Елімізде қант диабеті тегін емделеді. Кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті шеңберінде диабетке шалдыққан науқастарға  бірнеше түрлі дәрі мен медициналық бұйымдар беріледі. Оның ішінде шприц, тест-жолақша, глюкометр, инсулин помпалары (жасанды ұйқы безі) мен 22 түрлі инсулин бар.

Эндокринологтар қант диабетінің алдын алғыңыз келсе, чипсы (қуырылған картоп), газды сусындар мен қуырылған тауық аяқтарын (KFC) тұтынбаңыз деп дабыл қағуда.

Осы орайда әлемнің кей елінде диабеттің алдын алу мақсатында бірқатар тағам түрін сатуға тыйым салынған немесе зиянды тағамдар дайындайтын компанияларға көп салық салынады екен. Мәселен, Венгрия билігі құрамында байытылмаған майлар, трансмайлар, қант пен тұзы көп тағамдар бойынша салынатын салықты көтерді. Азық-түлікке байланысты салық енгізілген төрт жылда қазынаға 200 миллион еуро түскен. Оның 95 мыңы дәрігерлер жалақысына 25 пайыз үстеме ретінде қосылған. Тұрғындардың басым бөлігі салық салынатын өнімдерді азайтып, пайдалы тамаққа бет  бұрған.

Ал Франция, Португалия, Мексика, Чили, Вьетнам сынды бірқатар елде қант салығы қолданылады. Шри-Ланкада «Сен ойлағандай тәтті емес» деген ұранмен әлеуметтік жарнама жасалған. Ауторлар аяғы кесілген прәндік-адам, көзінің қарашығы жоқ фигуралар арқылы диабеттің ампутация (аяқ-қолды кесу), инсульт, соқырлыққа душар қылатынын көрсетуге тырысқан. Сондай-ақ Британия билігі де қант салығын сала бастаған. Салық салынатын тағамдар тізімінде алкогольсіз сусындар, атап айтқанда құрамындағы қант мөлшері 100 миллилитрге 5 грамнан келетін сусындар бар. Fanta сусындарындағы қант мөлшерін 6,9 грамнан 4,6 грамға дейін төмендетті. Өкінішке қарай, заңды айналып өтетін, қант орнына қант алмастырғыш пайдаланатын компаниялар да жетіп артылады.

Диабетпен өмір сүруге болады. Технология күн сайын жаңарып жатқан заманда сусамырға шалдыққандарға барынша қолайлы жағдай жасалуда. Мәселен, қандағы қант деңгейі жоғарылай бастағанда смартфонға хабарлама жіберетін мониторинг құралдары бар. Инені (шприц) аз пайдалануға мүмкіндік беретін инъекциялық порттар жасап шығарылды (iPort Advance түтікшесін үш күнге терінің астына қояды, ол қанға инсулин жіберіп тұрады). Медицина ғылымындағы жетістіктердің бірі – глюкозаға сезімтал келетін «ақылды гель». Жапондық ғалымдар әзірлеген полимерлі гель терінің астына егіледі. Қант деңгейі көтеріле бастағанда, ол инсулиннің қажетті мөлшерін қанға жіберіп отырады.

Ғалымдар зерттеуі өз алдына, мемлекет, әрине, сырқатқа шалдыққан жандарды қараусыз қалдырмайды. Десек те, денсаулық қорғаны – өзіміз екенін қаперімізден шығармаған абзал.

Гүлсезім Бияшева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале