9.01.2026, 15:15
Оқылды: 59

Инсульттің алғашқы белгілері қандай?

Инсульт –  мүгедектікке  немесе  өлімге  душар  ететін қауіпті  дерт.  Бұл  сырқатқа  шалдыққан  адамға  алғашқы  көмек  көрсетуде  әр  секунд  құнды.  Науқасқа  неғұрлым  тезірек  көмек  көрсетілсе,  мидың  жұмысын  сақтау  мүмкіндігі  соғұрлым  жоғары  болады.  Дәрігерлер «алтын  уақыт»  немесе  «терапевтік  терезе»  деп  атайтын  уақыт  –  инсульттің  симптомдары  пайда  болған сәттен бастап  алғашқы  3-4,5  сағат  аралығы.  Дәл осы кезеңде  қан  айналым  ағымын  қалпына келтіретін және  ауыр  зардаптардың  алдын  алатын  тромболитикалық  терапия  жүргізілуі  тиіс.

Suffering from vertigo or dizziness problem

Сурет: istockphoto.com

50 жастан асқан  ер-азаматтар  инсультке жиі шалдығады

Инсультке егде жастағы адамдар ғана емес, 25-40 жас аралығындағылар да шалдығады. Әсіресе  бұл дертпен 50 жастан асқан ер адамдар жиі ауырады. Миға қан құйылу және дерттің даму  деңгейіне байланысты инсульт бірнеше түрге бөлінеді.

Біріншісі, геморрагиялық. Бұл – бас ми тініне (ткани) қан кету нәтижесінде пайда блатын ең ауыр түрлерінің бірі. Көбінесе қан қысымының үнемі жоғары жүруінен және туа біткен тамырлы аневризма салдарынан қан қысымы кенеттен көтеріліп, артерияның жарылуынан болады. Тамырдан шыққан қан ми тінін сіңіріп, көрші құрылымдарды қысып, ісінуді тудыратын гематома түзеді. Бұл жағдай өте қауіпті. Науқас аяқ асты комаға түсіп кетуі немесе қайтыс болуы мүмкін. Клиникалық бақылауларға сүйенсек, 50 жастан асқан ер адамдар геморрагиялық инсультке жиі шалдығады. Олар  емделмеген  гипертония салдарынан  комаға  түсіп  жатады.

Екіншісі, ең көп таралатын ишемиялық түрі. Инсультпен ауырып қалғандардың 70-80%-ы осы түріне шалдығуда. Бұл миға қорек таситын артерияның бойындағы қан тромб болып бітеліп қалуы салдарынан болады. Нәтижесінде мидың бір бөлігіне оттегі мен глюкоза тасымалданбай, 5-7 минуттан кейін жасушалар өле бастайды. Ишемиялық түрі кенеттен дамуы мүмкін. Науқастың сөйлеу қабілеті жоғалып, сал болып қалу қаупі бар. Компьютерлік томография мен МРТ-ның көмегімен  ишемияның кішкентай ошақтарын анықтауға болады. Содан соң  науқасқа  уақтылы ем-дом тағайындап, қалпына  келтіру керек.

Кардиоэмболиялық түрі жүректегі қан тамырларының (эмболия) қан немесе лимфа ағымдарымен келген заттармен бітелуі салдарынан мидың тамырларына қан бармай қалудан болады. Дерт көбінесе жүрек соғысы ырғағының бұзылуынан, миокард инфарктісінен және жүрек клапаны жабылып қалудан кейін өршиді. Статистикаға сүйенсек, бұл диагноз 50-55 жастағы ер адамдарға қойылады. Әсіресе, жүрек-қан тамыр ауруларына душар болған, қан қысымы жиі көтерілетін және темекі шегетін ер-азаматтар шалдығады. Кардиоэмболиялық  инсультті  емдеу  тромболитикалық  терапияны қажет  етеді.

Атеротромботикалық түрі ми тамырларының прогрессивті атеросклерозы аясында дамиды. Артериялардың қабырғаларында холестериндер пайда болып, олар тамырдың бойын біртіндеп тарылтады. Тромб түзіліп, қанды ұйыта береді. Қан ұйығышы қан ағымын өткізбеген кезде мидың бір бөлігіне қорек бармай қалады, бұл ишемия ошағын тудырады. Бұл түрінің ерекшелігі – кардиоэмболиялық түрі секілді тез дамымайды. Инсульттің бұл түрі түнде  науқас ұйқыда жатқанда  өршиді. Науқастың қан қысымы төмендеп, қан ағымы азаяды. Холестерині жоғары, гипертониясы бар адамдарға қауіпті. Диета сақтап,  дерттің  алдын  алу  үшін  дәрігердің  кеңесімен  дәрі-дәрмек ішіп  жүру  керек.

Лакунарлы түрі мидың терең құрылымдарына оттегі мен глюкоза таситын ұсақ артериялардың зақымдалуынан пайда болады. Қан ағымы өз қызметінен ауытқыған кезде «лакуна» деп аталатын некроздың кішкентай ошақтары пайда болады. Мөлшерінің шағын болғанына қарамастан (2-ден 15 мм-ге дейін), мұндай зақым қан
айналым жүйесіне қатты әсер етеді. Лакунарлы инсульт созылмалы  артериялық гипертониямен немесе қант диабетімен ауыратын науқастарда жиі кездеседі. Өйткені осы аурулар ұсақ тамырларда патологиялық өзгерістер тудырады. Алғашқы белгілеріне тоқталсақ, аяқ-қолдың әлсіздігі, ұйқышылдық, кенеттен бас ауруы. Дерттің бар-жоғы МРТ-ға  түскенде  анықталады.

Гүлсезім Бияшева 

"Орал өңірі"

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале