24.04.2023, 19:59
Оқылды: 47

Инвестиция тарту мәселесі талқыланды

Биыл өңірімізде 54 ірі жоба жүзеге аспақ. Оған 47,6 млрд теңге инвестиция тартылған. Жобалардың құрылысы аяқталған соң 1430 тұрғын жаңа жұмыс орнымен қамтамасыз етіледі. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің қатысуымен өткен селекторлық кеңес отырысында айтылды. Сондай-ақ  жиында  инвестиция тарту, облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері және ел қазынасынан бөлінген  қаржының тиімді жұмсалуы мәселелері талқыланды.

WhatsApp Image 2023-04-24 at 17.41.02

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында: «Еліміздің экономикасы сыртқы саудаға және инвестицияға әрдайым ашық. Инвестиция тарту жұмысын жүйелі жүргізу керек. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған басты міндеттің бірі», – деп атап өтті.  Еліміз ашық нарықтық экономикаға бет бұрғаннан кейін шетелдік инвестицияға деген қажеттілік пайда болды. Бұл мәселе облыс экономикасы үшін де өзекті. Бұл орайда біз облысқа инвесторларды тартып, оларға облыстың инвестициялық әлеуеті мен мемлекеттік қолдау шараларын тиянақты түсіндіруіміз қажет. Бүгінде облысымыздағы инвестициялық ахуал қандай, инвестиция тарту қай салаларда жолға қойылған, қай салада толғандыратын мәселелер бар? Алдымен осы сауалдардың жауабын талқылағанымыз абзал, – деді кеңестің ашылуында сөз алған облыс әкімі Нариман Төреғалиев.

WhatsApp Image 2023-04-24 at 17.41.02

 

Жобалар жедел жүзеге асса игі ...

Биыл өңірімізде жалпы 54 ірі жоба іске қосылуы қажет. Бүгінде оның 10-ы пайдалануға беріліп, 464 адам жаңа жұмыс орнымен қамтылған. Айта кетсек, биыл «Ringo-Milk» ЖШС-ның сүт-тауарлы фермасы, «PlayCom Uralsk» ЖК-ның фанера өндіріс орны, «БҚҚМК» АҚ-ның силикатты кірпіш зауыты іске қосылған.  «Nurbergen Health Resort» ЖШС-ның қонақ үй құрылысы аяқталып, «Талап» АҚ мен «Олимп» ЖШС-ның ғимараттары салынған. Сондай-ақ «Мерей» ЖШС-ның сауда үйі, «Диана» ЖК-ның құрама жем өндірісі кешені, «Уральск АЗС Сервис» ЖШС-ның жанар-жағармай құю бекеті және «PHX-KZ» ЖК-ның химикалық өнімдер шығаратын зауыты пайдалануға берілген. Бұл туралы облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жанна Бекқалиева баяндады.

WhatsApp Image 2023-04-24 at 17.41.05

Оның мәліметінше, былтырғы жылдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 9,9%-ға өсіп, 501,1 млрд теңгені құраған (2021 жылдың қорытындысы бойынша – 428,7 млрд теңге). Өңірге инвестициялар тарту мақсатында инвесторларға қызмет көрсету сыртқы, орталық және өңірлік деңгейлердегі фронт-кеңселер арқылы жүзеге асырылады. Нақтырақ айтсақ, сыртқы фронт-кеңселер Қазақстан Республикасының шет елдердегі елшіліктерінде, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ өкілдіктерінде орналасқан. Инвестиция тарту мақсатында биыл 12 қаңтарында еліміздегі  Нидерланды корольдігінің төтенше және өкілетті елшісі Андре Карстенспен кездесу ұйымдастырылған. Ал 3 сәуірде облыс әкімі Чехия Республикасының Злин аймағының басшылығымен ZOOM байланыс арқылы тілдесіп, Батыс Қазақстан облысы мен Злин аймағы арасындағы ынтымақтастық байланысты арттыру мәселелерін талқылаған. Инвестиция тарту бойынша орталық  деңгейдегі кеңсе жұмыстарын «Kazakh Invest» ҰК» АҚ, Task Force, Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік құрылымдары (Сыртқы істер министрлігі және Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктері), «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырады. Ал өңірлік деңгейдегі іс-шараларды жергілікті атқарушы құрылымдардың бөлімшелері, яғни облыстық кәсіпкерлік басқармасы, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ өңірлік өкілдіктері мен «AQJAIYQ»ӘКК» АҚ, облыстық кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері жүргізеді.

WhatsApp Image 2023-04-24 at 17.41.01 (1)

– Инвестиция тартып отырған аудандар бар. Бөрлі ауданында инвестиция көлемі 53,3%-ға артып, 311,0 млрд теңгені құрады. Оның  295,4 млрд теңгесі  КПО б.в. компаниясынан аударылды. Сондай-ақ, Ақжайық ауданында инвестор тарту 1,7 есеге (6,8 млрд теңге), Жаңақала ауданында 1,6 есеге (2,0 млрд теңге), Бөкей Ордасы ауданында 1,5 есеге (1,2 млрд теңге), Жәнібек ауданында 23,7%-ға (861 млн теңге), Теректі ауданында 21,5%-ға (3,6 млрд теңге), Тасқала ауданында 0,8%-ға (2,0 млрд теңге) өсім тіркеліп отыр. Қалған аудандар мен Орал қаласында инвестор тарту жұмыстары баяу. Жалпы былтыр  224 млрд теңгеге 18 ірі жоба іске қосылып, 700 жаңа жұмыс орны ашылды. Барлық ірі жобалар Орал қаласында және Бөрлі, Бәйтерек аудандарында іске қосылды.  Биылғы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысына сүйенсек, негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 25,8%-ға артып, 97,2 млрд теңгені құрады (2022 жылдың қаңтар-наурыз айлары бойынша – 73,6 млрд теңге). Орал қаласы мен Шыңғырлау аудандарында ғана инвестиция тарту жұмыстары баяу жүруде, – деді Жанна Палатқызы.

WhatsApp Image 2023-04-24 at 17.41.03 (1)

 

Оралға инвестор тарту неге мүмкін болмай тұр?

Жиында талқыланған келесі мәселе – биылғы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша облысымыздың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері еді.

Облыстық стратегия және экономикалық даму басқармасының басшысы Бибігүл Қонысбаеваның мәліметінше, қаңтар-наурыз айында облыстың жеті негізгі көрсеткіші бойынша оң динамика байқалған. Біріншісі, өңдеу өнеркәсібінде. Нақтырақ айтсақ, машина жасау саласында өнім  46,1%-ға (АО «Оралагрореммаш» АҚ, «ОМЗ» ЖШС, «Гидроприбор» ҒЗИ), металлургия өнеркәсібі - 44,3%-ға («КазТрубпром» ЖШС), мұнайды қайта өңдеу саласындағы өнім 40,4%-ға («Конденсат» АҚ) артқан. Сондай-ақ  құрылыс индустриясы өнімдері - 23,2%-ға («Гидромаш-ОрионМЖБК» ЖШС, «Стройкомбинат» ЖШС), химия өнеркәсібі өнімдері – 11,6%-ға («Миком» ЖШС), тамақ өнімдері – 2,4%-ға («Белес Агро» ЖШС, АО «Желаев нан өнімдері комбинаты» АҚ), сусындар өндірісінің («Нұржанар» АҚ) көлемі 28,8%-ға артқан.

WhatsApp Image 2023-04-24 at 17.41.03

Ауыл шаруашылығы өнімі 5,5%-ға артып, 28,6 млрд теңгені құраған. Ет өндірісі 8,6%-ға, сүт 2,9%-ға артты. Алайда ауыл шаруашылығы  өнімдерін өндіру Байтерек, Бөрлі ауданында және Орал қаласында  төмен. Тұрғын үйлерді салу  қарқыны  Бөкей ордасы, Сырым,Теректі  аудандарында және Орал қаласында баяу. Инвестиция тарту жұмыстары  Шыңғырлау ауданы мен Орал қаласында жоқтың қасы.

– Әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің серпінін жақсарту үшін өңірдегі барлық жауапты басқармалар экономикалық өсуді ынталандырудың мынадай шараларына шоғырлануы қажет. Біріншісі, инфрақұрылымды одан әрі дамыту шеңберінде белсенді құрылыс жұмыстары маусымын жедел іске қосуы керек.  Инвестициялық жобалар пулынбелсенді әрі уақтылы іске асыруды жалғастыру, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның өсуіне жол бермеу маңызды. Сондай-ақ  инвесторлармен нақты жұмыстар жүргізу қажет,- деді Бибігүл Тишанқызы.

WhatsApp Image 2023-04-24 at 17.41.04

Облыс әкімі Нариман Төреғалиев Орал қаласына инвестиция тарту жұмыстарының кемшін жүріп жатырғандығын ескертіп, сала мамандарына тапсырма берді.

– Орал қаласы – инвестиция тарту бойынша қолайлы аймақ. Алайда неге шаһарға инвестор келмейді? Бұл дегеніңіз бұл бағытта жүйелі жұмыстар жасалып жатырған жоқ деген сөз. Қала дамуы бойынша төрт көрсеткіште де көштің соңында. Оралдағы өңдеумен айналысатын  кәсіпорындардың қазіргі ахуалы қандай? Орал қаласы әкімінің орынбасарлары, «Агрореммаш» кәсіпорнына бардыңыздар ма? Кәсіпорында толғандыратын қандай мәселелері бар? Білдіңіздер ме? Жоқ! Орал қаласында заңсыз салынған құрылыс нысандары да көбейді. Жеке сектордың ортасына тоғыз қабатты тұрғын үй салынуда. Осы заңсыздықтың жолын кесуді қолға алыңыздар ма. Жоқ! Облыстың орталығына инвестиция тарта алмайтын болсаңыздар, жұмсақ креслода не істеп отырсыздар? Жұмыстарыңыздың нәтижесі жоқ. Біз облысымызда бар зауыт, фабрикалардың, кәсіпорындардың мүмкіндігін пайдаланып, халықтың тұтынатын тауарларын шығаруымыз керек. Сондықтан Орал қаласындағы кәсіпорындардың  бүгінгі таңда қандай мәселесі бар екенін анықтаңыздар. Кәсіпорындарды аралап, басшыларымен, жұмысшыларымен кездесіңіздер, –  деді өңір басшысы бірқатар сала маманына тапсырма беріп.

 

Лизингке алынған техникалар есепке алынсын!

Кеңес отырысында талқыланған келесі мәселе – биылғы жылдың бірінші тоқсанындағы бюджеттің тиімді жұмсалуы туралы еді.

Облыстық қаржы басқармасының басшысы Нұрлан Есенғалиевтің мәліметінше,  облыс бюджетінің жылдық көлемі биыл 430,1 млрд  теңгені құраған. Оның 606,3 млн теңгесі әлі игерілмеген. Қаржының игерілмеуіне мердігерлердің жұмыс актілерін ұсынбауы, өнім берушілердің тауарларды жеткізбеуі, мемлекеттік сатып алу конкурстарының уақтылы өткізілмеуі себеп болған. Басқарма басшысы осы олқылықтардың алдын алу үшін мемлекеттік сатып алу конкурстарын уақтылы ұйымдастыруды қадағалап, қаражаттардың сапалы және толықтай игерілуін қамтамасыз ету қажеттігін жеткізді.

WhatsApp Image 2023-04-24 at 17.41.05 (1)

WhatsApp Image 2023-04-24 at 17.41.01

– Жиынды қорытындылай келе, күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша сала мамандарына бірқатар тапсырмаларды жүктеймін. Біріншісі, облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының жауапты мамандары Орал қаласы мен аудан әкімдерімен бірлесіп, бюджеттік және коммерциялық жобаларды қадағалаңыздар. Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласын қолдау аясында сатып алынатын техникаларды, құрылғыларды ұйымдастырыңыздар. Инвестиция тарту бойынша жұмыстаныңыздар. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы Орал қаласы және аудан әкімдерімен бірлесіп,   «Ауыл аманаты» жобасы бойынша нақты іс-шаралар жоспарын бекітіңіздер. Ауыл шаруашылығы саласында тұрғындардың «Аграрлық несиелік корпорациясы» АҚ-дан, «ҚазАгроҚаржы» АҚ-дан  лизингке, несиеге алынған ауыл шаруашылығы техникаларын, құрылғыларын, мал санын  есепке алыңыздар. Жеңілдетілген несиені алған жастардың қаржыны тиімді жұмсауын  қадағалаңыздар. Алған несиенің сұрауы бар екенін ұқтырыңыздар. Өңдеу өнеркәсібін дамыту үшін өңірімізде мүмкіндік көп. Бірақ біз сол мүмкіндікті пайдалана алмай отырмыз. Шетелге жас кәсіпкерлерді жіберіп, жаңа технологияны меңгертуіміз қажет. Содан ол тың жобаларды елімізге әкеліп, халыққа қажетті тұрмыстық тауарларды өндірумен айналыссын. Мемлекеттік   сатып алу конкурстарын уақтылы ұйымдастырып, жобаларды  қатаң бақылауға алыңыздар. Қазынадан бөлінген қаражаттардың уақтылы, сапалы және толықтай игерілуін қамтамасыз етіңіздер, – деді облыс әкімі Нариман Төреғалиев жиынды қорытындылап.

 

                                                                    Гүлсезім Бияшева,

zhaikpress.kz  

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале