24.05.2022, 9:15
Оқылды: 52

«Инвестиция тартуға әлеуетіміз зор»

Облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Жұмакелді Батырниязовпен сұхбаттасқан едік.

1

Биылғы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысында өңірдегі өнеркәсіп саласында өсім байқалды. Есепті мерзім ішінде саладағы өнімнің көлемі 2,4%-ға өсіп, 1070,7 млрд теңгені құрады. Өндірілген өнім көлемінің қомақты үлесі тау-кен өндіру өнеркәсібіне (92,7%) тиесілі. Бұл жағдай «КПО б. в.» компаниясы базасындағы газ өндіру көлемінің 3,2%-ға және сұйық көмірсутектердің (мұнай мен конденсат) өндірісінің 1,9%-ға артуы есебінен болды. Өнеркәсіптік өндірістің өсімін қамтамасыз ету мақсатында бірқатар ірі жоба жүзеге асырылуда. Ондай ілкімді жобалар мұнай өндірудің тиімділігін оңтайландыруға (әкімшілік және операциялық шығындарды қысқартуға, т.б.)  және арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, оны одан әрі жақсарту көзделеді.

Қарашығанақ кен орнында «Газды кері айдаудың 4-ші компрессорын (4КОЗГ) салу» жобасын жандандыру жоспарланған. Осы жобаны іске асыру арқылы жер қыртысына айдалатын газ көлемі артып, соның әсерінен көмірсутек шикізатын өндіру шамасы өседі. Қарашығанақты кеңейту жобасы бойынша базалық жобалау аяқталды. Нысанды пайдалануға беру мерзімі алдағы жылға жоспарланған. Жоба Қарашығанақ кен орнындағы шикі газды дайындау және кері айдау қуаттарын арттырады. Сонымен қатар ағымдағы жылғы қаңтар-наурыз айының қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібінің көлемі 1,1%-ға артып, 52,2 млрд теңгені құрады. Мұндай өсімге облыстағы кәсіпорындардың өнді­ріс көлемін ұлғайтудың арқасында қол жетті. Мысалға, «Оралагрореммаш» АҚ «Қазатомөнеркәсіп» ЖШС-ның тап­сырысы бойынша арнайы техника мен тіркемелер өндірісін кеңейтті. «КазАрмапром» ЖШС тегістеу шарларын өндіруді 3,8%-ға, «КазТрубпром» ЖШС сорғы-компрессорлық құбырлар өндірісін 2,6 есеге, «Орал құю механикалық зауыты» ӨК шойыннан жасалған бұйымдар шығаруды 1,6 есеге өсірді. Одан басқа «Батыс Қазақстан құрылыс материалдар корпорациясы» АҚ құрылыс материалдарын өндіруді 1,4 есеге,  «Стройкомбинат» ЖШС және «Гидромаш-Орион-МЖБК» ЖШС бетоннан жасалған бұйымдар шығаруды тиісінше 8%-ға және 1,4 есеге көбейтті. Ел нарығын және іргелес Ресей облыстарын полиэтилен құбырларымен қамтып отырған «Орал сауда-өнеркәсіп компаниясы» ЖШС-да өнім өндіру көлемі 6,8 есеге, өңірдегі қалбырдағы тағам өндірісінің маңдайға басқан «жалғызы» «Кублей» ЖШС-да  өнім өндірісі 18%-ға артты. Бір сөзбен түйіндесек, коронавирус пандемиясы кезіндегі карантиндік шектеулерден кейін өндіріс ошақтары «белдерін буып», өндірісті ілгерілетудің қамына кірісті.

– Жұмакелді Жолдыбайұлы, қазіргі кезде геосаяси ахуал нашарлап, жаһандық тауар жеткізу жолдарында қиындықтар пайда болғаны белгілі. Одан бөлек, азық-түліктің, энергия ресурстары бағасының өсуіне байланысты сыртқы инфляциялық қысым күшейді. Қазақстан әлем экономикасының бір бөлшегі десек, біздің өңіріміз де сол бөлшектің ішінде. Сондықтан жаһандық өзгерістердің салқынын сезінбеу мүмкін емес. Осындай жағдайда отандық өндірушілерді қолдау мақсатында қандай шаруалар жасалуда?

– Отандық өндірушілерді қолдау мақсатында 2022 жылға қорғаныс бағытындағы мемлекеттік тапсырыстарды жасау, импортты алмастыру бағытындағы жобаларды қолдау, оның ішінде «Iveco» аутобустары мен ершікті тартқыш (сидельный тягач) өндірісін ашуға  келісімшартқа қол қою мәселелері пысықталуда. Осындай жобаларды жандандыратын кәсіпорынға өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы лизингтік қолдау көрсету мәселесі қарастырылуда. Қорғаныс өнеркәсіп кешені бойынша шамамен 10,5 млрд теңгеге 17 келісімшартқа қол қоюға уағдаластық.

Еліміздегі өнеркәсіптік саясатқа орай еңбек өнімділгін арттыру және экспортты ілгерілету мақсатында жұмыстанудамыз. Атап айтар болсақ, мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде өндірісті қолдаудың негізгі тетіктерін түсіндіру жұмыстары жалғасуда. Соның ішінде өнімдерін сыртқа экспорттаушы компаниялардың шығындарының бір бөлігін «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ арқылы өтеу және «QazIndustry» қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ арқылы еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған қолдау шаралары қарастырылған. 2021 жыл қорытындысы бойынша жалпы 204,9 млн теңгеге сыртқа өнім шығаратын 7 компанияға  қолдау  көрсетілді.

– Шетелдік инвесторлардың алдымен мемлекеттің ішкі жағдайының тұрақтылығына баса назар аударатыны анық. Облыстағы шикізаттың молдығы, жағырапиялық жағынан қолайлы орналасуы инвестиция тартуға мүмкіндіктің мол екенін көрсетеді. Алдында, ақпан айында инвестиция көшінің соңында қалған екі өңірдің бірі болып едік. Қазіргі жағдайымыз қалай?

– Иә, Ақ Жайықтың өндірісті-аграрлы өңір ретінде инвестиция тартуға әлеуеті зор. Мал және егін шаруашылығын дамытуға қолайлы. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін өндіріс орындарын салуға болады. Есепті мерзім ішінде (бірінші тоқсанда) негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 1,3%-ға өсіп, 73,6 млрд теңгені құрады. Бұл көрсеткіш былтыр бірінші тоқсан бойынша  67,3 млрд теңге болды. Бір жылда инвестициялық өсім 6 млрд теңгеден асты. Әрине, қазіргі геосаяси жағдайды ескеретін болсақ,  бұл жаман көрсеткіш емес. Енді инвестицияларды тарту мақсатында қандай шаралар қабылданғанын айта кетейін. Өткен жыл­ғы мамыр айында онлайн режімінде «Aqjaiyq Invest-2021» инвестициялық форумы өтті. Онда облыстың инвестициялық әлеуеті және әлеуметтік-экономикалық дамудағы жетістіктері айтылып, мемлекеттік қолдау шаралары  таныстырылды. «Астана» халықаралық қаржы орталығы, даму институттары, бизнес өкілдері және басқалары қатысты.

Былтыр өңірде инвестициялар тарту, инвестициялық ахуалды жақсарту және экспортты ілгерілету жөніндегі өңірлік кеңестерде 3900-дан астам тұрақты жұмыс орнын құрумен жалпы шамасы 566,6 млрд теңге болатын 23 жоба мақұлданды. Сонымен қатар «Бизнеске арналған үкімет» жобасы жұмыс жасауда. Жоба аясында бизнесті ашу және қолдау үшін мемлекеттік қызметтің 50-ден астам түрі көрсетіледі. Қазіргі кезде 400-ге жуық кәсіпкерлік субъектісіне 70-тен астам кеңес беріліп,  500-ден астам қызмет көрсетілді.

Инвестицияларды тарту және облыстың инвестициялық ахуалын жақсарту үшін инвестициялық портал іске қосылды. invest07.gov.kz порталы – үш тілді онлайн-платформа болып табылады. «Идеядан іске асыруға дейін» қағидатын басшылыққа ала отырып, кәсіпкерлік субъектілерін орналастыру мүмкіндіктерін талдаудан, мемлекеттік қолдау шараларын алудан бастап, жобалардың «жандану» сатысында жедел мәселелерді шешеді.

– Жұмакелді Жолдыбайұлы, экономикамыз дамымайынша, әл-ауқатымыз жақсармайды, әлеуметтік мәселелер түйіні тарқатылмайды. Осы ретте экономиканы ілгері жылжытатын қандай инвестициялық жобалар қолға алынғанын айта кетсеңіз?

– Былтыр 6 ірі жоба іске қосылды. Олардың ішінде Қарашығанақ өңдеу кешенінің газ бойынша өндірістік шектеулерді алып тастау жобасы («КПО б.в.»), жиһаз фабрикасының құрылысы («Квант» ЖШС), сүт зауытын салу («UralskTradeCompany» ЖШС) және қызанақ-қияр өсіретін жылыжай кешенінің құрылысы («World Green Company» ЖШС), көкөніс сақтау қоймасын салу («Baystone» ЖШС), кірпіш зауытын салу («134» ЖШС) жобалары бар. Биыл негізгі капиталға инвестициялар тарту мақсатында бірқатар мынадай ірі жоба жүзеге асырылады: газды кері айдайтын 4-ші ком­прессор жобасы («КПО б. в.»), сүт-тауарлы фермасының құрылысы («Ringo-Milk» ЖШС), кірпіш зауытының құрылысы («Westgroup» ЖШС), заманауи қойма құрылысы («Квант» ЖШС), АГТКС құрылысы («Метан-Сервис» ЖШС), көкөніс өнімдерін өсіру және қайта өңдеу бойынша агроөнеркәсіптік кешенді кеңейту (ЖК «Рубцов»), күн панельдерінің өндірісі («Green Spark Limited» ЖШС), пластмасса қалдықтарын қайта өңдеу, тауарларға арналған пластмасса қаптамалар өндірісі («УТПК» ЖШС), медициналық орталық құру («ME­DITEK» ЖШС, «КДЛ ОЛИМП» БҚФ ЖШС, «OLYMP MEDICAL GROUP» ЖШС БҚФ), кірпіш зауытының құрылысы («АлтынАлмаСтрой» ЖШС), ат спорт кешенінің құрылысы («БатысСервисПлюс» ЖШС). Сонымен қатар ағымдағы жылдың наурыз айында Қарашығанақ кен орнын кеңейту жобасы бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары  басталды.

Сұхбаттасқан Гүлбаршын Дыбысқалиқызы,

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале