Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 7 қаңтардағы Қазақстан халқына үндеуіндегі «Қастерлі Отанымыз – Қазақстан әлем картасындағы егемен ел ретінде қуатты мемлекетке айналады, экономикамыз анағұрлым қарқынды дамиды, азаматтарымыздың әлеуметтік жағдайы жақсара түседі. Мен мұны зор сеніммен айтып тұрмын» деген сөзі баршамыздың жанымызға қуат берді, қоғамға серпіліс әкелді. Жаңа үлгідегі қоғам мен экономиканың негізін қалауда, қоғамдық құндылықтарды қайта жаңғырту, жастарды ғылымға, елжандылыққа тәрбиелеуде жоғары оқу орындарының қосар үлесі аз емес. Университеттердің білім беру қызметіне қойылатын талаптары өзгертіліп, техникалық мамандықтарға басымдық берілуде. Басты мақсат – цифрлық технология, жасыл энергетика, биотехнология және жасанды интеллект заманындағы үдеріске өз үнін қосатын отандық инженерлердің жаңа буынын қалыптастыру.
Әлемдік жаһандану заманында талантты жастарымызға мұхит аспай, кәрі құрлықты шарламай, елімізде білім алуға жол кеңірек ашылмақ. Бұл білім саласының мамандарына жаңа міндеттер жүктейді.
Ақ Жайық өңіріндегі техникалық бағыттағы білім ордаларының бірі – Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінде IT-технология, энергияның балама көздері, нейроинтерфейс және цифрлық технологиялық, экономика, техника және азық-түлік қауіпсіздігі бағыттарында ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Студенттерге ғылыми-әдістемелік тұрғыдан көмек көрсету мақсатында «Виртуалды білім беру», ситуациялық-талдау, коворкинг, робототехника, нейроинтерфейс технология орталықтары жұмыс істейді. Мұндай орталықтар келешекте жастардың инновациялық жаңалықтармен жетік танысып, мобильді және мультимедиалық, нано және ғарыштық технология, робототехниканы игеруіне мүмкіндіктер береді.
Академик Ақсерік Әйтімовтың жетекшілігімен жасақталған жел қуаты жобасы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінде көрсетілсе, жекелеген ғылыми жаңалықтарымыз 21 мемлекеттен 700 инновациялық жоба жалпақ жұртқа жария етілген XXI Мәскеу халықаралық «Архимед-2018» көрмесінде 3 алтын және 2 күміс медальға ие болды. Университеттің демеушілігімен «STARTUP KAZIITU-2019» инновациялық жобалар сайысы өткізіліп, жеңімпаздар ҚР Ұлттық инженерлік ғылым академиясының жастар қанаты мүшелігіне қабылданды, кейін бұл шара білім ордасына арнайы келген Венчур 500 Startups қорының басшысы, Хьюстон университетінің профессоры Тимур Даутпот (АҚШ) халықаралық жоба шеңберінде жалғасын тапты.
2019-2020 оқу жылында «КазИИТУ» ғылыми-білім кешенінің жанынан талапқа сай жабдықталған орта білім беретін IT мектебі ашылып, 132 оқушы қабылданды. Облыстағы IT бағытында алғаш рет құрамында IT ақпарттық мектебі, республикалық жоғары техникалық және халықаралық цифрлық технологиялар, құқық және сәулет колледждері, Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетін біріктіретін «мектеп-колледж-университет» жүйесі қалыптасты. Облыс әкімдігімен арадағы меморандумға сәйкес REACT бағдарламашылар мектебі ашылды. Бүгінгі таңда 70 тыңдаушы IT саласы бойынша ағылшын тілінде білім алуда.
Әр тыңдаушыға университет есебінен көлемі 1450 $ болатын грант бөлінді. Болашақта түлектер Ресей, Беларусь, Сингапур, Оңтүстік Корея ақпараттық нарығына шығуға мүмкіндік алады.
Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университеті Повольже телекоммуникациялар жүйесі және ақпараттану мемлекеттік университеті, Уфа мемлекеттік ұшақтар техникалық университеті және А. Туполев атындағы Қазан ұлттық зерттеу техникалық университетімен бірлескен «Техника және телекоммуникациялар технологиясының мәселелері» атты XIX халықаралық ғылыми-техникалық конференция өткізді. Онда IT саласы, ақпараттық және цифрлық технология жетістіктері мен болашағы, робототехника, телекоммуникациялар технологиялары талқыланды. Ресейдің Ю. Гагарин атындағы ғарышкерлер даярлайтын орталығы – «Жұлдызды қалашықпен» іскерлік байланыс орнатылды. 2015 жылғы 10 қазанда университет ұжымының атынан «Жұлдызды қалашықта» «Союз ТМА-18М» ғарыш кемесінің борт-инженері Айдын Айымбетовты қарсылау және ғарыш сапары бойынша есеп беру салтанатына қатысып, жерлестерімнің құттықтауларын жеткіздім. Кездесулер барысында Ю. Гагарин атындағы орталық мұражайда академик А. Әйтімов пен Ресей ғарыш қоғамының журналисі В. Полетаеваның «Батыс Қазақстан және ғарыш» атты кітаптар жинағының тұсауы кесілді.
Университет түлектері Ресейдің ядролық физика орталығы Дубна қаласында магистрлік және аспиранттық оқу бағдарламалары бойынша тегін білім алуда. Солардың ішінде Ақпараттық жүйелер орталығының директоры, ҚР Ұлттық инженерлік ғылым академиясының кеңесшісі С. Офицеров, университеттің тәрбие жұмыстары жөніндегі проректор З. Хамзин, Халықаралық цифрлық технология, құқық және сәулет колледжінің директоры А. Боранова және басқалары табысты еңбек етуде.
Студенттік ректор, аспирант Н. Сақтағанов күндізгі бөлімде білім алуда. Ғалымдарды әлеуметтік тұрғыдан қолдау – «КазИИТУ» ғылыми-білім кешенінің басты ұстанымы. Осы мақсатта заманауи 37 пәтерлік «Жас ғалымдар кампусы» қолданысқа берілді. Өткен жылғы наурыз айында Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің, Ресейдің халықаралық ынтымақтастығы ұйымының өкілдерінің, Мәскеу қаласындағы ғарышкерлер мұражайының ұйымдастыруымен «Біздің Гагарин» атты халықаралық көрме өтті. Наурыздың 21-26 күндері аралығында ZOOM платформасында онлайн сипатта «Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компаниясы» АҚ, Ресей ғылым академиясы, Ресей жаратылыстану ғылым академиясы, Ресей халықаралық ынтымақтастық қауымдастығы, М. Ломоносов және Разумовский атындағы Мәскеу мемлекеттік университеттері, сонымен бірге Самара қаласындағы білім ордаларымен, Байқоңыр ғарышкерлер мұражайы, Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің оқытушы-профессор құрамы, студенттер мен магистранттардың қатысуымен «Ұлы дала ноосфера жолында: Қазақстан мен Ресей ғарыштық ынтымақтастығы» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция оздырылғанын айтқанымыз орынды. Сондай-ақ 2021 жылғы 4-9 қазанда IX Халықаралық Балтық теңізі форумының мүшелерімен (Калининград қ.) – жоғары оқу орындарымен әріптестік байланыстар орнатылды.
Өткен жылы қараша-желтоқсан айларында «Электроника және ақпараттық технологиялар» институтының директоры, Люблин технологиялық университетінің профессоры, техника ғылымдарының докторы В. Вуйцик (Польша), М. Ломоносов атындағы университетінің профессоры С. Кибальников, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Теориялық математика және ғылыми есептеулер» институтының директоры, профессор Н. Темірғалиев және басқа да әріптестермен бірлесе отырып, техникалық бағытта білім сапасын арттыру, техникалық бағытта ғылыми мамандар даярлау жұмыстарын жақсартудың жоба-жоспары талқыланып, бекітілді. Бүгінде соны басшылыққа алып отырмыз. Былтыр маусымда профессор В. Вуйциктің ғылыми жетекшілігімен әріптесіміз Д. Жаманғарин IT саласы бойынша PhD докторлық диссертациясын қорғады. Жаңадан жабықталған техникалық бағыттағы аутоматтандыру және басқару зертханалары, оқу аудиториялары іске қосылды. Сонымен бірге өңіріміздің белді өнеркәсіп орындарында университеттің салалық филиалдары жұмыс жасайды.
2021 жылдың желтоқсанында Ақтау қаласында Каспий теңізі аймағы: Қазақстан, Иран, Ресей, Әзербайжан, Түрік мемлекеттерінің жоғары оқу орындарының кездесуінде Астархань мемлекеттік техникалық, Дағыстан мемлекеттік, Astana IT University және Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеттерімен меморандумға қол қойылды әрі ғылыми әріптестік бағытта жұмыстар басталды. Университет негізінде ҚР Ұлттық инженерлік ғылым академиясының және «Жаңару» жалпы ұлттық сыбайлас жемқорлыққа қарсы республикалық қозғалысының Батыс Қазақстан облыстық филиалдары жұмыс жасайды.
Бүгінгі таңда үздік студенттеріміз инженерлік ғылым академиясының жастар қанатының мүшелігіне қабылданса, ғалым Г. Қайырлиева аталмыш академияның корреспондент мүшесі болып сайланды. Жыл қорытындысы бойынша «Ғылым» саласы бойынша жеңімпаз атанған магистр А. Қажымоваға марапатты президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев табыс етті. Білім ордасы еліміздегі жоғары оқу орындары арасындағы НААР Ұлттық рейтинг бойынша 13-орынды иеленді. Ал ҚР «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының рейтингісінде «Ақпараттық жүйелер», «Экология», «Құрылыс материалдарын өндіру», «Жерге орналастыру» оқу бағдарламалары бойынша алғашқы ондықтан табылды.
Ресми деректерге (ГЦВП) сәйкес түлектердің жұмысқа орналасу орташа көрсеткіші – 75%-ды құрады. 2020 жылы «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ жүргізген мониторингта университет 20-орынға ие. Халықаралық байланыстар 50-ден астам келісімшарт негізінде ТМД, Еуропа, Азия мемлекеттерінің жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу орталықтарымен жүзеге асырылады. Мемлекет басшысының ел экономикасын тұрақтандыруға, халықтың әл-қуатын арттырып, интеллектуальды ұлт қалыптастыруға бағытталған саясатын университет ұжымы толығымен қолдайды. Сонымен қатар осы бағыттағы іс-шараларды тиімді жүзеге асыруда адал еңбекпен өз үлестерін қосады.
Әліби Баяхов,
Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің ректоры,
Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік ғылым академиясының корреспондент мүшесі
Фотосурет: dw.com