IQanat олимпиадасының финалына қатысу үшін Батыс Қазақстан облысынан 30 дарынды бала елордаға келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО білім басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, еліміздің 166 ауданында 8-сыныпта оқитын 37 мың баланың арасынан іріктеуден өтіп, екінші турда үздік атанған 953 бала Назарбаев университетінде өтетін «IQanat-2023» республикалық олимпиадасында бақ сынайды. Олардың 30-ы – Батыс Қазақстан облысының өкілдері.
Бұл жоба – Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың ірі бизнес өкілдеріне қоғамды толғандыратын әлеуметтік мәселелерді шешуден шет қалмауға жасаған үндеуінің көрінісі. Ауыл оқушыларының білім деңгейін көтеру – еліміздегі ең маңызды мәселелердің бірі.
Осы мақсатта ауыл оқушылары арасындағы ең ауқымды офлайн олимпиаданы «IQanat» қоғамдық қоры ұйымдастырып келеді.
Соңғы бес жылда ауыл мектептерінің 160 мыңнан астам оқушысы сапалы білім алуға мүмкіндік алды. Республикалық слет аясында соңғы іріктеу кезеңі өтіп, 120 жеңімпаз IQanat мектебіне тегін оқуға шақыру алады, ал қалған қатысушылар олимпиададан кейінгі білім беру бағдарламаларымен қамтылады.
IQanat олимпиадасы және қордың басқа да бағдарламалары мыңдаған ауыл балаларына ең жоғары технологиямен қамтамасыз етілген білім ордаларының бірі – IQanat High School of Burabay мектебіне түсіп, оқуға мүмкіндік береді. Ауыл балалары мықты мұғалімдермен қарым-қатынас жасау арқылы баға жетпес тәжірибе алып, танысу аясы мен білім көкжиегін кеңейтеді. Түптеп келгенде, олардың үздік жоғары оқу орындарында білім алуына жол ашады. Қор бағдарламаларының түлектері – ауыл мектептерінің оқушылары Nazarbayev University, University of Purdue, Polytechnic University of Hong Kong, University of Chicago және басқа университеттерге түсуде.
IQanat әлеуметтік жобасын жүзеге асыру қордың 100-ден астам қамқоршылары үлесінің арқасында мүмкін болды. Қамқоршылар – ауыл оқушыларына көмектесіп, балалардың сапалы білім алуына жағдай жасау ниетімен біріккен қазақстандық кәсіпкерлер.
«Менің атым – Ибраһим Жайлан, Қажым Жұмалиев атындағы Қаратөбе мектеп гимназиясының оқушысымын. Iqanat мектебі туралы бұрын да естігенмін. Бірінші кезең өтпестен бұрын Iqanat-тың облыстағы өкілдері және бұрын біздің мектепте оқыған аталмыш білім ордасы түлектерінен толығырақ мәлімет алдым. Олар мектебімізге келіп, таныстырылым жасаған болатын. Iqanat республикалық мектеп екенін және оның олимпиадасы ауыл балалары үшін үлкен мүмкіндік беретінін біліп, қуандым. Екінші кезеңге жақсылап дайындалдым, соның арқасында республикалық финалға жолдама алдым. Енді үшінші кезеңнен де сәтті өтсем деймін. Осыған орай өзіме білім берген ұстаздарыман алғыс айтқым келеді», деді БҚО-дан келгендердің бірі Ибраһим Жайлан.
Айта кетейік, Iqanat республикалық олимпиадасының үшінші туры 20 маусымда өтеді.