6.01.2026, 15:00
Оқылды: 282

Іргелі  істердің  ұйытқысы

Халқымыз  «Өнегелі  қарты  жоқ  жерде,  өнегелі  жас  та  болмайды»  деп  бекерден  бекер  айтпаса  керек.  Егемен  еліміздің  еңсесін  тіктеуіне  маңдай терін  сыпыра  жүріп  қызмет  еткен,  адамгершілік  қасиеттерді  ту  еткен,  ел  басқару  ісінде  адал  еңбегімен,  ұйымдастыру  қабілетімен  халықтың  алғысына  бөленген  азаматтар  аз  емес.  Сондай  замандастарымыздың  бірі,  өкшелес  іні-қарындастарына  сыйлы,  алдыңғы  толқын  ағалары  есімін  ізетпен  атайтын  Серік  Сүлеймен  Жайық  жұртына  жақсы  таныс. 

WhatsApp Image 2026-01-06 at 13.56.04

Серік Сүлеймен Сырым (бұрынғы Жымпиты) ауданындағы К. Маркс селолық советінің Қоңыр ауылында  1956 жылы 14 қаңтарда өмірге келді. 1972 жылы Қаратөбе ауданындағы Қоскөл орта мектебін бітірді.  Еңбек жолын Жымпиты ауданындағы «Бұлдырты» совхозында жұмысшы болып бастады. 1979 жылы Еңбек Қызыл Ту орденді Қазақ ауыл шаруашылығы институтының агрономия факультетін ғалым-агроном мамандығы бойынша қызыл дипломмен бітірді. 2004 жылы  Батыс Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінің қаржы және несие  факультетінде оқып, экономист мамандығын алды. Жоғары оқу орнын бітірген соң Жымпиты ауданындағы «Бұлдырты» совхозында №2 бөлімшеде  агроном болды. 1980-1982 жылдары аталған совхоздың бас экономисі, 1982-1992 жылдары «Жосалы» сохозында бас агроном, Жымпиты аудандық  ауыл шаруашылығы басқармасында бас агроном, басқарма басшысының бірінші орынбасары, басқарма басшысы қызметтерін адал атқарды. 1992-1997 жылдары Сырым ауданы әкімінің бірінші орынбасары, 1997-2002 жылдары Қаратөбе ауданының әкімі болды. Оның өмір жолы теп-тегіс даңғыл болды деуге келмейді. Өйткені Серік Кенжебекұлы Қаратөбе ауданына басшы болған жылдар еліміздегі экономикалық дағдарыс кезеңімен тұспа-тұс келді. Зейнеткерлерге зейнетақыны, бюджеттік сала қызметкерлеріне еңбекақыны, әлеуметтік қолдауға мұқтаж жандарға әлеуметтік төлемдерді төлеу мүмкіндігі болмады. Кеңестік заманда артта қалған отыз ауданының бірі саналған Қаратөбеде ешқандай өндіріс орны болмады. Колхоз-совхоздар жекешелендірілген, ауданның облыстық бюджетке қарап қалған кезі болатын. Сонымен қатар мектептерден өзге әлеуметтік саладағы ғимараттар  жекеге өтіп жатты. Осындай қиындықтарға қарамастан кейіпкеріміз алға ұмтылып, қолдан келгенді жасауды парыз санаған.  Ол алдымен білім ұяларының қалыпты жұмыс істеуіне көңіл аударды. Қаржының жоқтығынан тақтаға жазатын бор да болмайтын.

WhatsApp Image 2026-01-06 at 13.44.32

– Ауданымызға Серік Кенжебекұлы басшылыққа келгенде мен аудандық жастар ісі, туризм және спорт бөлімінде бас маман болдым, 1997-2000 жылдары аудан әкімі аппаратының жалпы бөлім меңгерушісі, ұйымдастыру-бақылау және кадрлармен жұмыс бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқардым. Аудан басшысы ретінде алдымен білім алып жатқан балаларға жағдай жасауға жұмыстанды. Мектептер жанынан қосалқы шаруашылықтар жасақталды. Жекешелендіріліп жатқан шаруашылық басшыларымен келісе отырып, әрбір орта мектепке бір табын ірі қара немесе бір отар қой, қажетті техника мен қора-қопсы бөлінді. Мектеп директорларына қосымша шаруашылықтарға да басшылық етуге тура келді. Осындай ұйымдастыру жұмыстарының арқасында мектептер қолдарындағы малын сатып, күнкөрістерін жақсартты. Ел шаруасы түзеле бастаған кезде қосалқы шаруашылықтар жабылып, мал-мүлік  шаруа қожалықтарына таратылып берілгенінің куәсі болдық. Сол кездегі тағы бір қиыншылық – совхоздардың  жекешелендірілуіне байланысты білім ұяларының бу қазандықтары тоқтап қалды. Жылусыз қалған мектептерде балалар тек жазда оқитын, ал қыстың күндері  пеші бар әкімшілік ғимараттарына көшетін. Қыста жабылып қалатын мектеп ғимараттарын аздырып алмас үшін бұл мәселенің түйінін шешу қажет болды. Аудан басшысы әр округте асар ұйымдастыруды қолға алды. Осылайша жазда мектептер жанынан жылу қазандықтары салынып, дербес жылу жүйелері іске қосылды. Осы қосалқы шаруашылықтардың көмегімен жылыту қазандықтары сатып алынды. Сөйтіп, Қаратөбе ауданында білім ошақтары қалыпты тірлікке оралды.

Еліміздегі жекешелендіру саясатына қарай әлеуметтік нысандар епті мен пысықайлардың қолында кетіп жатты. Алайда Қаратөбе ауданында  ешбір нысан ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпеді. Серік Кенжебекұлы аукционға шығарылған екі қатарлы типтік жобадағы балабақша ғимаратын өз қаражатына сатып алды. Оны бизнес нысанға айналдырмай, аудандық білім бөлімі құзырына тегін қайтарып берді. Азаматтың ажарын осындай ілкімді істер ашады ғой. Осы ғимарат 1998 жылы асар жолымен мектепке бейімделді. Оның бөлмелері кеңейтіліп, Қаратөбе мектеп-гимназиясы болып ашылды.  Қазіргі кезде бұл мектеп облыс бойынша білім сапасы жағынан  алғашқы үштіктен орын алып отырғаны мәлім. Бұдан басқа Серік Сүлеймен басшылығы кезінде жекешелендіріліп, базар орнына айналған қонақүй ғимараты кері мемлекетке қайтарылды. Ол қайта бейімделіп, 30 орындық «Дарын» балалар жатақханасы болып ашылды, – деп еске алады Серік ағаның қызметтес әрі сыйлас інісі, Қаратөбе ауданының қазіргі әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев (суретте).

Аудандағы мәдениет ошақтары ғимараттарын сақтауда Серік Кенжебекұлының еңбегі ерен. Ол аудандағы мәдениет орындарын сақтап қалу үшін клуб меңгерушілерін Оралдағы аукционға қатысуға жағдай жасады. Өз қаражаттарын салып, сатып алынған ғимараттар бір жылдан кейін  аудандық мәдениет бөлімінің теңгеріміне кері қайтарылды. Осылайша халыққа қайтарылған мәдениет ошақтары әлі күнге қызмет көрсетуде.   Егіндікөл ауылындағы мәдениет үйінің аудан басшысының бастамасымен асар жасау арқылы салынғаны ел есінде. Мәдениет үйінің салтанатты ашылу рәсімінде  сол кездегі Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Нұрлан Балғымбаев толқи сөйлеп, халыққа, аудан әкіміне  алғыс айтқан еді.

Бұрынғы совхоздар тарап, жұмыссыз қалған азаматтарды әлеуметтік жұмыс  орындары арқылы елге қажет нысандар салу жұмыстары қолға алынды. Серік Сүлеймен басшылық еткен кезде «Жусандыой» совхозының иесіз қалған әкімшілік ғимараты бұзылып, материалдарынан Шалқар көлі жағасынан  балаларға арналған жазғы демалыс лагері салынды. Қаратөбелік жеткіншектер әлі күнге осы демалыс орталығында демалады. Кенжебекұлының ел деп емініп жасаған жақсы істері көп. Соның бірі аудан орталығындағы бос тұрған сауда үйін бұздыртып, ауданын кеңейтіп, спорт ойындарын өткізетін спортзалға айналдыруы. Кезінде өңір басшысы болған Қырымбек Көшербаев ауданға келіп, осы спорт нысанының ашылуына қатысқан еді. Біртуар әнші Ғарифолла Құрманғалиевке де ешкімнің нұсқауынсыз ескерткіш тұрғызылғанда да Қырымбек Елеуұлы арнайы келіп, игі іске сүйсініп кеткен-ді. Өйткені осы шаруалардың барлығына бюджеттен қаржы бөлінбей-ақ аудан басшысы Серік Сүлейменнің ұйымдастыру шеберлігінің арқасында жүзеге асты. Халықтың басын біріктіріп, болашаққа деген сенімдерін нығайтқанының көрінісі еді. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Облыс көлемінде электр қуаты тапшылығы болып, жарық беру уақытпен шектеліп, аудан-ауылдар қараңғылық құшағында отырғанда Қаратөбе әкімі аудан бойынша трансфоматорларды көше-көше болып бөліп алып, қуатқа берешекті төлеуді ұйымдастырды. Осындай шаруаның арқасында ауданда электр жарығы күні-түні үзілмей, жанып тұратынын қаратөбеліктер  аңызға бергісіз қылып әлі айтады.

Серік Кенжебекұлы 2002-2007 жылдары облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру департаментінің директоры қызметін атқарды. Оның басшылығымен облыс көлемінде мемлекеттің жұмыспен қамту халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау бағдарламалары нәтижелі жүзеге асырылды. Серік Сүлейменнің ұсынысымен және оның табандылығының арқасында облыс орталығында қарттар үйі салынды. Осы салада атқарған жұмысы үшін Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Әлеуметтік еңбек саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Ал 2007-2014 жылдары облыс әкімінің әлеуметтік сала бойынша орынбасары қызметін атқарды. Облыс аумағында саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуде, білім, мәдениет, спорт, әлеуметтік саланы дамыту жолында қажырлы қызмет істеді.

WhatsApp Image 2026-01-06 at 13.44.34

Ол жылдары Қаратөбе, Тасқала аудандарында жаңа мектеп-гимназия ғимараттары, облыс орталығында теннис кешені, Қадыр Мырза Әли өнер орталығы салынып пайдалануға берілді. С. Сүлеймен білім саласына қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасының «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» медалімен марапатталды. 2014-2019 жылдары «Нұр Отан» партиясы БҚО филиалы төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарды. Облыстық мәслихаттың 5-6 шақырылымының депутаты, мәслихаттың әлеуметтік сала бойынша комиссия төрағасы, «Нұр Отан» партиясы фракциясының жетекшісі болды. Серік Кенжебекұлы мемқызмет саласындағы ұзақ жылғы нәтижелі қызметі үшін «Құрмет», «Парасат» ордендерінің, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 20 жыл» медальдарымен, Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Әлеуметтік еңбек саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Әрі ол Қаратөбе және Сырым аудандарының құрметті азаматы.

С. Сүлеймен 2019 жылдан бастап күні бүгінге дейін «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы қызметін атқарып жүр. Қандай қызмет атқарса да абыроймен, аспай-саспай, жеті рет өлшеп, бір рет кесетін ұстамды, сабырлы жан таяу күндері 70 жастың табалдырығынан аттайды. Қашанда айналасындағы жастарға ақыл-кеңесін айтып, ісімен өнеге болып жүреді. Серік Кенжебекұлы мен оның өмірлік жары Тәрбие Сапиятқызы екеуі қос перзент тәрбиелеп жеткізді. Бақытты ата-ана бұл күндері ұл-қыздаррынан тараған немере-жиендерінің қызығын көруде.  Әрі өзі ат үстінде жүргенде біраз іргелі іске ұйытқы болған азамат ел-жұрттың алғысынан да кенде емес.

 

Гүлбаршын  Әжігереева,

«Орал  өңірі»

WhatsApp Image 2026-01-06 at 13.57.23

Баянбек  Ғұмаров,  еңбек  ардагері,  Сырым  ауданының  құрметті  азаматы:

–  2002  жылдың  аяғында  елімізде  атаулы  әлеуметтік  көмек,  халықты  жұмыспен  қамту  туралы  бағдарламалар қабылданды.  Бұрын  болмаған  жұмыстың  жаңа  бағыттарын  облыс  бойынша      жүзеге  асыру  үшін  сол  кездегі  облыс  әкімі  Қырымбек    Көшербаев  Қаратөбе  ауданының  әкімі  қызметінде  жүрген  Серік  Сүлейменді  облыстық  жұмыспен  қамту  және  әлеуметтік  бағдарламаларды  үйлестіру  департаментінің    директоры  етіп  тағайындады.  Мен  департамент  директорының  орынбасары  едім.  Ол  кездері  ауылдық  жерлерде  барша  халықты  жұмыспен  қамтып  отырған  колхоз-совхоздар  жекешелендіріп,  әркім  өз  еңбек  өтілдеріне  қарай  үлес-пайларын  алған-ды. Алайда  әрі  қарай  еншісіне  тиген  үлестерін  табыс  көзіне  айналдыра  алмай  жүргендер  көп  болды.  Елімізде  жұмыссыздар  мен  табыс-кірісі аз   жанұялардың  қатары  көбейді.  Осы  кезде  бағдарламаларды    тең  және  қарқынды  жүзеге  асыру  үшін  Серік  Кенжебекұлы  аудандарға  департаменттің  тиісті  бөлімдері  мен  мамандарын  бастап  барып,  семинар-кеңестер  өткізді.  Іс-шараларға  аудандық  жұмыспен  қамту  және  әлеуметтік  бағдарламалар  бөлімдерінің  аппаратымен  бірге  ауылдық  округ  әкімдері  мен  мамандары  қатысты.  Олар  практикалық  тұрғыда  атаулы  әлеуметтік  көмекті  тағайындау,  төлеу  тәртіптерін  үйренді.  Одан  басқа  кіріс  көздерін,  мал-мүлікті  есепке  алу,  әлеуметтік  паспорттарын  жасақтаумен  қатар  жұмыспен  қамту,  қоғамдық  жұмысқа  тарту,  жұмыссыздарды  басқа  мамандықтарға  бейімдеу,  оқыту  мәселелері  қамтылды.  Жаңа  бағдарламалардың  ауқымдылығына  сәйкес    аудандық  бөлімдердің  жұмыс  көлемі  едәуір  өсті.  Ол  кезде  аудандық  жұмыспен  қамту  және  әлеуметтік  бағдарламалар  бөлімдерінің  материалдық-техникалық  базалары  өте  нашар-тұғын.  Қызметкерлер  күндіз-түні,  сенбі-жексенбі  күндері  қызмет  етсе  де,  үлгермей  жататын.    Аудандық  бөлімдерде  көлік,  компьютерлер  жоқ,  бары  өте  ескі  болатын.  Осы  мәселелерді  Серік  Кенжебекұлы  облыс  әкімінің  алдына  қойып,  барлық  аудандық  бөлімдер  көлікпен  қамтамасыз  етілді  және  әр  қызметкер  жаңа  компьютерге  ие  болды.

Серік  Кенжебекұлы  қарамағындағы  қызметкерлерге  қатаң  талап  қоюмен  қатар  облыс  басшылығының  алдына  да  күрделі  мәселелерді  қойып,  шешімін  таба  білді.  Орал  қаласындағы  қарттар  мен  мүгедектерге  арналған  медициналық-әлеуметтік  мекеме  (интернат  үйі)    ғимараттары  өте  ескі  және  тар  болатын.  Бір  бөлмеде  бірнеше  адам  тұратын,  санузел  бөлек  орналасқан  еді.  Осы  мәселені  де  басшымыз  облыс  әкімдігінің  алдына  қойып,  жаңа  корпус  салуға    қаржы  бөлінуіне  қол  жеткізді.  Соның  нәтижесінде  төрт  қабатты  жаңа  корпус  салынып,  іске  қосылды.  Интернатта  тәрбиеленушілерге    толық  жағдай  жасалған,  конференцзалы,  асханасы,  медициналық  қызметкерлер  кабинеттері  бар.  Әр  бөлме    екі  кісіге  лайықталған  әрі    санузелдері  қастарында.  Сол  жылдары  Круглоозерный  медициналық-әлеуметтік  мекемесінде  бөлек  кең  асхана  салынды.  Өңірдегі  шетелдік  компаниялардың  жергілікті  мамандарды  жұмысқа  қабылдауын  өзінің  ерекше  бақылауында  ұстағаны  есімде  жатталып  қалды.  Серік  Кенжебекұлының  басшылығымен  жасалған  жұмыстар  көп,  оған  да  20  жылдай  уақыт  өткен  екен,  мына  айтылғандар  есте  қалған  күрделі  де  іргелі  істер  ғана.

С. Сүлеймен басшылық  еткен  кездері  ұжымда  мықты  кадрлар  іріктеліп,  жақсы  ахуал  қалыптасты.  Әлі  күнге  дейін    өміріміздің  сол  кезеңін  шуақты  сағынышпен  еске  аламыз.  Біздің  арамыздан  шыққан  әріптестеріміздің  Сенат,  Мәжіліс  депутаты,  облыс    әкімі  лауазымына  дейін  көтерілгенін  мақтан  тұтамыз.  Осы  ұжымнан  шыққан  сол  кездегі    жас  әріптесіміз,  қазір  алды  министрлікте,  кейінгілері  облыстық  басқармаларда  лауазымды  қызметтерде  жүр.  Осындай  әріптестеріміздің  болашақ өмірлеріне  дұрыс  бағыт-бағдар  алуларында  сол  кездегі  басшымыз Серік Кенжебекұлының үлкен  үлесі  бар  деп  есептеймін.

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале