Жалпы Исатай-Махамбет көтерілісінің тарихы, қозғалыстың жұртшылыққа таныстырылып жария етілуі, оның ғылыми айналысқа түсуі кешегі кеңестік тарихнамадан басталды десек артық айтпағандық.
Алғаш 1925 жылы Г. Сербаринов «Исатай Тайманов» атты шағын мақала жариялады. Онда тарихшы оқырманға «Исатай-Махамбет көтерілісінің қоғамдық-саяси мәнін түсіндіріп, олар өткен жолдың «ұлт-азаттық күрес» екендігіне алғаш назар аудартады».
Кейіннен тарихшы-ғалым А.Рязанов 1926 жылы «Исатай Тайманов көтерілісі» атты кітабын жазды. Зерттеуші А.Рязанов сол кездегі қазақ даласындағы Исатай-Махамбет көтерілісін жан-жақты деректік құжаттармен баяндай келе, оларды «қазақ халқының ардагер батыр ұлдары» деп бағалады.
Зерттеуші А.Рязанов «Казахи жили родовым строем. Родовая организация как естественная форма кочевого общижития вполне соответстововала в неприкосновенности родовой строй» деп, «Исатай-Махамбет көтерілісінің себебі мен салдары Жәңгірдің рулық жерді тартып алуы, хан билігінің күшейуі және рулық құрылыстың әлсіреуі» деген тұжырымын алға тартты.
Автор аталған еңбегінде алғашқылардың бірі болып Бөкей хандығы туралы, оның құрылымы, тарихта алатын орны туралы іргелі ойларын айтуымен қатар, көптеген қосымша архивтік деректерді жария етті. Ол бүгінде жаңа толқын тарихшылары үшін аса құнды дүниеге айналды.
Осылайша кеңестік тарихнамада Исатай Тайманов бастаған халық қозғалысы ұлт-азаттық көтерілістер қатарына жатқызылды.
Зұлхожа Шарафутдинов,
zhaikpress.kz