22.12.2022, 21:07
Оқылды: 2

Іскер әйелдер әлеуметтік мәселелерді шешуге ықпал етуде

Бүгін Орал қаласында Батыс Қазақстан облысы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия отырысы өтті. Комиссия отырысының жұмысына облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов қатысты. Отырыс жұмысы қала аумағында орналасқан кәсіпкерлік қызмет нысандарының жұмысымен танысу сапарынан басталды. Аталған нысандардағы кәсіп иелерінің барлығы жас кәсіпкерлер және БҚО іскер әйелдер қауымдастығының мүшелері.

1 (8)

БҚО әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов, «Атамекен» БҚО кәсіпкерлер палатасының директоры Нұржан Мақсотов, БҚО іскер әйелдер қауымдастығы төрағасы Жансұлу Төремұратова және ҮЕҰ өкілдері бірінші келген кәсіпорын «Муслим» жеке кәсіпкерлігінің тігін цехы болды.

1 (30)Тігін цехын кәсіпкер өз қаражатына ашқан, негізінен төсек-орын жиынтықтарын, орамал, сүлгілерді тігумен айналысады. Қазіргі уақытта облыс көлемінде және көршілес Атырау облысынан балабақшалар мен мейрамханалардан тапсырыстар қабылдап, орындауда. Тігін цехы мемлекеттік сатып алуға қатысушы және нарықтағы сұранысты отандық өніммен қамтамасыз етіп отырған бірден-бір кәсіпорын. Өндірістік цехта барлығы 22 адам жұмыс жасайды. Тігіншілердің орташа жалақысы 120 мың. Жұмысты тапсырылған көлемнен асыра орындаған тігіншілерге қосымша ақы қарастырылған. Тігін цехы шағын орынжайда орналасқанымен, ғимарат іші жап-жарық, таза, жайлы.

1 (293)

Келесі өндіріс орындары «Modisal» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмсақ жиһаз өндіру цехы мен «Дана» білім орталығы болды. Modisal – тек облыста ғана емес, еліміздің өзге өңірлерінде де өз филиалдары бар премиум-класс санатындағы жиһаз өндіретін компания. Кәсіпорын өнімі адамдарға жайлылықпен қоса әдемілік сыйлау үшін жиһазды ең заманауи жабдықтардан жасап, оның өндірісіне тек сапалы материалдарды ғана пайдаланады.

1 (376)Ал білім орталығы қаладағы бастауыш сынып оқушыларына сабақтан кейін дайындалу үшін қосымша сабақтар өткізеді. Сонымен қатар шет тілі, математика және т.б. пәндерден балалардың білімдерін тереңдетуге бағытталған қызметтер көрсетеді. «Дана» білім орталығында қаланың ең үздік педагогтары қызмет етеді, балалар үшін барлық жағдай жасалған. Сабақ өтетін бөлмелерден басқа арнайы жабдықталған конференц-залы, емдік-дене шынықтыру кабинеті, психологтың кабинеті, асханасы бар. Кәсіпкер ақылы қызмет көрсетуден бөлек білім орталығы орналасқан шағын аудандағы әлеуметтік осал топтар санатындағы балаларға тегін қызмет көрсетеді. Олар аптасына үш рет инклюзия кабинетінде кәсіби мамандардан тегін сабақтар алады. Білім орталығының негізін қалаушы Гүлнұр Төлеген «Шаңырақ Elite» инклюзиялық балабақшасын да іске қосқан. Балабақша қызметіне деген сұраныс көп, қазіргі уақытта қуаттылығына сәйкес 70 баланың орны толық. Жас кәсіпкер кәсібін табыс көзі деп емес, қоғамдағы өзекті мәселелерді шешу тетігі деп есептейді.

1 (470)

Батыс Қазақстан облысы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия отырысының ресми бөлімі «Атамекен» өнер ордасында жалғасты. Комиссия отырысының жұмысын облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов ашты. «Атамекен» БҚО кәсіпкерлер палатасының директоры Нұржан Мақсотов әйелдер кәсіпкерлігін қолдау орталықтары, олардың іс-тәжірибесі мен келешегі жайын баяндады. БҚО іскер әйелдер қауымдастығының төрағасы Жансұлу Төремұратова бизнес саласында жұмыс істейтін әйелдердің тұлғалық өсуін қолдау және дамыту орталығы ретіндегі БҚО іскер әйелдер қауымдастығының қызметі туралы айтып берді.

1 (429)

- Батыс Қазақстан облысы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясы Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығымен үнемі тығыз байланыста жұмыс жасайды. Бүгінгі шараға қатысты айтатын болсақ, осы отырысқа дейін біз үш өнеркәсіпті араладық. Облыстық іскер әйелдер қауымдастығы 40-тан астам белсенді кәсіпкер әйелдер, көшбасшы қыздардың басын қосып отыр. Бүгін біз осы кәсіпорындар кәсіптерін қалай ұйымдастырып, қанша адамды жұмыспен қамтып отырғанын, еңбек жағдайы мен қауіпсіздік техникасы қалай қамтамасыз етілгенін тәжірибе жүзінде көріп, таныстық. Қауымдастықтың басты мақсаты – көшбасшы әйелдерге қолдау көрсету, олардың өзіндік дамуына себепші болу. Кәсіпорынды бәрі ашады, бірақ бәрі бірдей ырғақты жұмыс жасап кете алмайды. Сондай уақыттарда адамдарда әртүрлі психологиялық жағдайлар болады. Біздің мақсатымыз - әйелдерге тек психологиялық емес жан-жақты қолдау көрсету, кәсіби дамыту. Ол үшін біз не жасадық? Бірінші кәсіпорын – тігін цехы 20-дан астам қыз-келіншекті жұмыспен қамтып отыр. Түрлі шеберлік сағаттары, жан-жақты қолдаудың арқасында кәсіп ашып, бүгінгі таңда ауқымы кеңейіп, облысымызға, көршілес өңірлерге тауарларын сатып отыр. «Дана» білім орталығы – бұл әлеуметтік бағытталған бизнес. Мұнда оқу-тәрбие жұмысымен мектепке дейінгі балаларды ғана қамту емес, сонымен қоса әлеуметтік қолдау көрсету қарастырылған. Көп балалы аналар, мүгедектігі бар, ерекше қажеттіліктері бар балаларға тегін қызмет көрсетеді. Бұл жерде ата-аналар өз сұрақтарына жауап алады, балалар түрлі коррекциялық бағдарлама бойынша оқу-тәрбие процесіне қатысады. Әр өлкенің деңгейін көрсететін өңірдегі кәсіпкерліктің дамуы. Бүгінгі шарада өңірімізде кәсіпкерліктің дамуына кәсіпкер-әйелдердің қосып отырған үлесі туралы айтамыз, - деді БҚО іскер әйелдер қауымдастығының төрағасы Жансұлу Төремұратова.

1 (95)

1 (219)

1 (416)

1 (248)

1 (457)

Альфия Шамаева, 

Фото авторы: Эльвира Меңдіғали,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале