Өңірлік кәсіпкерлер палатасында аталмыш палата жанындағы облыстық іскер әйелдер кеңесінің кезекті отырысы өтті.
Басқосуда аталмыш кеңес мүшелері Астанада өтетін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы іскер әйелдер кеңесінің ІІІ конгресіне ұсынылатын бизнес-жобалар жайын талқылады.
Кеңес төрайымы Жұлдыз Құспанованың айтуынша, форумға өңірдегі нәзік жандылардың әлеуметтік, қоғамдық мән-маңызы бар жобалары іріктеліп, кешенді түрде ұсынылмақ. Соның ішінде «Родник» фирмасының құтылардағы ауыз су, одан басқа киім, ірімшік өндірісі жобаларын таныстыру жоспарланған. Сонымен қатар отырыс барысында конгреске баратын қыз-келіншектердің тізімі пысықталып, кеңестің мүшелігіне үміткерлер ұсынылды.
Жиында іскер әйелдер кеңесінің мүшелері өз ісін жаңадан бастаған кәсіпкер Лариса Қалиеваға қаржылай демеушілік көмек көрсетті. Кеңес материалдық көмек көрсетумен айналыспаса да, алда Рамазан айы басталатынын ескерген.
Кеңес мүшелерінің ұйымдастыруымен қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің қолдауымен халықаралық йога күніне орай Оралдағы П.Атоян атындағы стадионда 25 маусымда таңертеңгілік сегізде йогамен таныстыру шарасы өтеді. Салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған шараға қатысушылар йога жаттығуларын жасауға, қаладағы йога жаттықтырушыларымен танысуға мүмкіндік алады. Ал қазан айында іскер әйелдер кеңесінің өңірлік бизнес форумын өткізу жоспарланған. Оған өзге өңірлердің ақ жаулықтыларын шақыру көзделіп отыр.
Гүлбаршын ДЫБЫСҚАЛИҚЫЗЫ
zhaikpress.kz