Шешендік дағды – табыс кепілі, ақылмен билеу білігі. Асылы, тарихтан кемеңгерлікті, поэзиядан шешендікті, математикадан зеректікті, жаратылыс ғылымдарынан тереңдікті, адамгершілік философиясынан байыптылықты, логика мен көсемсөзден пікір алмасу дағдысын үйренгейсің деп тегін айтылмаса керек-ті.

Қазақстанның халық жазушысы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ ойының хас дүлдүлі Әбіш Кекілбайұлы айтпай ма: «Білік – сана иесінің басты қасиеті. Бірақ оны молайту үшін бір басыңның көрген-білгені аздық етеді. Қанша темір өзек жан болса да, адамзаттың әлденеше ұрпағының аузын күйдіріп, ақылын молайтқан ащы-тұщының бәрін бір басынан өткеріп үлгеріп, ұзақ ғұмыр сүруі мүмкін емес. Сондықтан есті құлақ замандастарының аузына, есті көз бұрынғылардың жазуына үңіліп бағады» деп. Жуырда осы тұңғиық астарлы қағидалармен үделес Махамбет университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы, академик Абат Қыдыршаевтың әріптес шәкірттері Дана Шакуова, Айдана Татахановалармен ауторлық бірлестіктегі «Іскерлік шешендіктану» атты оқу құралы (Алматы, «Болат Медиа» мекемесі баспасы, 2025. 432 бет) жарық көрді. Академик аутордың қолынан автограф жаздырып алып, үңіле оқуға ден қойдық. Сенсеңіз, сізге өтірік, бізге шын, басымызды көтерместен қызыға оқыдық. Еңбектің әрбір парағы оқырманын өзіне магнитше тартқандай... Бақсақ, кез келген істің нәтижелі болуы іскер маманның ақылға қонымды дерек-дәйектердің баршасын да, әсіресе өзіндік дауыс сазы секілді ерекше мәнді құралды құбылта қолдана білуіне бірден-бір байланысты болса керек. Еңбек шешен сөйлеу арқылы мейілінше мол мөлшерде олжаға кенелу, телефон арқылы тиімді қарым-қатынас жасау, бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара қарым-қатынасты дұрыс құра білу іспетті іскери шешендік қағидаларының сан алуанымен таныстырады. Оқу құралының «Іскерлік шешендік табиғаты», «Афоризм – тілсіз тәлімгер» атты қос тарауында «Іскерлік қарым-қатынас әдебі», «Сөз сөйлеуге даярлық – демосфендік дағды», «Іскер маманның тыңдау білігі», «Аудиториямызды тани білеміз бе?», «Іскер маманның сөйлеу мәдениеті», «Іскер маманның сөйлеу логикасы», «Іскер маманның сөз сөйлеу сәті», «Бұқаралық ақпарат құралдарымен қатынасыңыз қалай?», «Телефонмен сөйлесе білеміз бе?», «Айтар нақылы жоқтың табар ақылы жоқ», «Ақ бата – қасиетті тұмар», «Барлық жеңіс өзіңді-өзің жеңуден басталмақ», «Мадақтар болсаң, шын асылды мадақта», «Тыңдай білу – ұлылық», «Ымға түсінбеген дымға түсінбейді», «Шешен сол – сөйлер сөзден қамалмаса», «Шаршы топта сөз бастау қиын» сияқты тағы басқа бөлімдер қамтылған. Еңбек бизнесмендерге, кәсіпкерлерге, студенттерге және барлық деңгейдегі басшыларға арналған.
«Іскерлік шешендіктану» оқу құралы – жастарды іскерлік білік-дағдыға баулыр тың тынысты еңбек. Шешендік өнерді меңгерудің табыс кепілі екенін кредо тұтқан ауторлардың аталмыш кітабы – көзге түсу үшін емес, тыңдар құлақ үшін тиімді сөз сөйлеу туралы. Оқу құралында мейілінше қысқа да нұсқа сөйлемдермен, нақыл-ақыл сөздермен барынша жинақы қайыруға ұмтылуға назар аударылған. Оқу құралы көрер көз үшін емес, тыңдар құлақтар үшін әзірленген. Көпшілік жағдайда сөйленген сөз жазып алғандай естіліп жатады. Дұрысы – қандай да үлкен аудиторияның алдында сөйлегенде де күнделікті сөйлеген қалыптағыдай болу. Тәжірибе көрсеткендей, қаламмен, қарандашпен, қағазбен өткізген ұзақ уақыт көпшілік алдында табысқа жетуге кепілдік бере алмайды. Сөйлеу сәтінде қағазға жазылған әдемі сөздерді қолдану міндетті емес.
Оқу құралы – іскер мамандардың аудиторияда, мәжіліске арналған залдарда сөйлеген сөздері мен шаршы топ алдындағы шешендік тәжірибелерінің тұжырымы.
Аталған оқу құралы өте бір ұтымды ұйымдастырушылық әдістер жүйесін жинақтай алған деп білеміз. Бұл әдіс көбірек сөйлеп, азырақ жазу ұстанымына негізделген. Сондай-ақ кәсіби шешеннің жеке ерекшелігі мен өзіне сенімділігін қалыптастыруға ұмтылысы баса ескерілген. Оқу құралында барынша тәжірибелік мүддені көздей отырып, қысқа қайыру, қысқа айту қағидаты ұстанылған. Біздіңше, осы оқу құралында өрілген қилы кеңестерді басшылыққа алсаңыз, нәтижеде сіз бұрынғыдан да жақсы сөйлеп, іскер тұлға ретінде бойыңызға топ алды не іс басында шешен сөйлеу мәдениетінің белгілі бір дағдылары жинақталып, ісіңіз нәтижелі тұрғыда оңға басар деген сенімдеміз...
Көңілсіз құлақ қашанда ойға олақ. Асылы, бірнәрсеге не өнерге талпыну үшін адамдарға, ең алдымен, табандылық қажет-ау! Ежелгі грек философы Луций Анней Сенека: «Ғылымға құмарлық – өзгенің есебінен ақыл алу» демей ме?.. Оқу ақылға азық берерін қайда қоярсыз. Атақты Альберт Эйнштейн: «Адам естіп-білгені арқылы ғана жетілмейді, еңбек пен іс-әрекет үстінде қалыптасады» деген.
Айтпақшы, жасында әдеп үйренбеген кісіден өскен соң қайран жоқ-ау! Ал іскерлік қарым-қатынас адамды сыйлай білуден басталса керекті. Көрнекті британиялық мемлекет қайраткері Уинстон Черчилльше айтсақ, табыс дегеніміз – энтузиазумыңды, күш-жігеріңді, қажыр-қайратыңды жоғалтпай, сәтсіздіктен сәтсіздікке қарай жігерлі де ырғақты қозғала білу білігі. Ал америкалық саясаткер Теодор Рузвельттің түйіндеуінше, адам баласы өзінің орташа қабілет-қарымын белсенді қолдана, дамыта отырып, телегей табыс биігіне көтерілудің, қол жеткізудің барша мүмкіндігіне ие бола алады. Бұл ретте Ұлыбритания және Еуропа тарихындағы
тұңғыш әйел Премьер-министр Маргарет Тэтчер: «Сіз белгілі бір нақты айқын мақсат негізінде қажырлы тер төге еңбек етуге тиіссіз» деген. Демек, ақыл-парасаты, сана-сезімі және қиялдай білуі қалыпты адам егер де жігерлі жұмыс істер болса, кез келген уақытта да іскерлік тұлғада танылмақ. Іскер маман әдебі – адамгершілік нормаларының, бағдарлау құндылықтарының, оның өз міндеттеріне, жұмыс мақсатына, іскерлік тұрғыдағы дидарласушыларына қарымқатынасын анықтайтын тәртіп ережелерінің жүйесі де.
Демек, іскер маман әдебі – оның жан дүниесінің эстетикасы. «Жақсы қылық – адамға ас пен киім», «Жылы сөзбен жарлы байыр», «Мінезі жақсы төрге озар» сияқты түйіндерінің астары да осында болса керек... Осы іспетті тұжырымдар оқу құралының алғашқы «Іскерлік шешендік табиғаты» тарауының «Іскерлік қарым-қатынас әдебі» атты бөлімі бойынша жасалды. Ал еңбектің алғашқы тарауы іскерлік шешендік мәдениетіне қатысты 13 бөлімге жіктеле ұсынылған. Мәселен, «Жас жігерге табын, білсең сол барың, Бос өткізбей ізде зейнет жолдарын», «Іскер маманның сөйлеу мәдениеті», «Іскер маманның сөйлеу логикасы», «Шебер экспромт сөз сөйлей білу – сәттілік көзі», «Айтар нақылы жоқтың табар ақылы жоқ», «Ақ бата – қасиетті тұмар» тағысын тағылар. Ұсынылған әрбір бөлімге үңілсек, іскерлік шешендікке қатысты таңғажайып білік-дағды қалыптастырар теориялық та, тәжірибелік те мол мағлұмат-деректі тұжырымдарға қанығамыз. Құдды, осы кітаптың бір өзі өздігінен өзі сөйлеп тұрған, оқырманына әдістемелік көмек беруге даяр іскери ритор-педагог сынды. Кітап атаулы оның ауторына тартады деген осы болса керек.
«Іскерлік шешендіктану» оқу құралының екінші тарауы «Афоризм – тілсіз тәлімгер» аталып, іскерлік шешендікке қатысты 2000-нан аса ақыл-нақыл сөз легі 20 бөлімге жіктеле берілген. Халық даналығына сүйене айтар болсақ, бүкіл ғаламды «сөз» деп аталатын шамшырақ нұрландырып тұрмаса, оны түнек тұмшалар еді-ау! Асылы, бір тонна қорғасыннан бір мысқал сөз ауыр. Біздіңше, ұсынылған данышпан ғұламалардың осы бағыттағы озық ойларымен танысу таңғажайып ой жаттығуы дерлік. Ақылды құнарландырып, ойды сындарлы етеді. Жасқа да, жасамысқа да қажетсіз болуы мүмкін емес. Оқу құралындағы жиырма бөлімге бөліне жіктелген екі мыңнан аса афоризмді ойлана оқып, ой жүгірте қарасақ, іскерлік шешендіктің тұңғиығына бойлағандай кейіпте болатынымыз рас. Осы тұста қазақтың Қадыры айтпай ма: «Өте көп білетін адам қаншама білмейтініне қайғырады» деп. Сондай-ақ Сократ ойшылдың: «Менің білетінім сол, мен ештеңе білмеймін» дегеніне де тап-таза иланасың!
Иланбай көр, ұсынылған еңбек иландырмай қоймайды... Сөз – ұста. Сөздің ұсталығына да, ұстаздығына да көзіңіз анық жетеді. Еңбек іскерлік шешендіктің небір кешенді құпия астарына бойлатпай қоймасы даусыз! Мәселен, ауторлар «тыңдаушылардың назарын аударту үшін, қысқалық, ширақ сөйлеу, көңілді сергітетін қысқа қайырым-шегіністер болса, нұр үстіне нұр болар» дейді. Тап-таза тәжірибелік тұжырым. Қалай иланбассыз? Сол сияқты ауторлар «шешен нәзік құбылыстарды қатқыл үнмен айтса, не болмаса ыңғайсыз әңгімелерді нәзік дауыспен жеткізсе тыңдаушыны иландырмайды» деп дәл де дөп түйіндеген.
Оқу құралының екінші тарауының 20 бөлімі-нің жіктелімі де іскерлік шешендік білік-дағдысын оқырман санасына шоғырымен сыналып енгізгендей. Мәселен, мына сынды афоризмдер ойлантпай қоймасы сөзсіз: «Адам баласының көздеген алғы айқын мақсаты болмаса, оның өмірі өзге емес, өлім жалғасы іспетті» (Нұржамал Оралбайқызы), «Ақылды ақырын сөйлер» (Әзербайжан халқының мақалы), «Адамдармен тіл табыса білу – құдды бір қант не кофе сатып алғандай тауар секілді. Мен кез келген өзге тауар сияқты оған да көп ақы төлер едім» (Джон Рокфеллер), «Небір өнер, небір даналық шыңына оларды оқып-үйренбей жету әсте мүмкін емес» (Демокрит), «Білмеген мін емес, білместікке көнген мін» (Асқар Сүлейменов), «Сөз дарыны басқа да тән немесе жан күші тәрізді жаттыға барып нығаяды және дамиды» (К. Ушинский), «Шешендер туа пайда болмайды, жүре пайда болады» (Ермек Жеменей), «Өз сөзіңді кез келген білікті кісінің сөзімен салыстыр: әуендес келсе, айта бер, қайшы келсе, қысқарт» (Рашид-ад-дин) тағысын тағылар. Асылы, қуаты мол, тапқырлыққа толы тамаша нақылдар ешқашан ұмытылмайды, олар ғасырлар бойы есте сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа жетіп отырары даусыз. Демек, ұлы адамдардың ойларына бой ұру – ең бір қызғылықты ғылым дер едік. Аталмыш еңбек ауторлары осы бір теңдессіз таңғажайып кемел ғылымның көзін аша білген. Бұл ретте ойшылдарға сүйене, бір мезет оқып тастарлық кітап бар, төзіммен оқып зерттейтін де кітап бар, ұлттың жүрегінде сақталар кітап сирек дер болсақ, «Іскерлік шешендіктану» еңбегі – бүгінгі жастарымызға ауадай қажетті, әсіресе жас тұлғалардың кәсіби іскер маман тұрғысында қалыптасуына аса керекті еңбек. Ойшыл Әбіш Кекілбайұлы айтпай ма: «Кітап – мәңгілік парасаттың ең киелі ғимараты. Адамзат тағдыры шешілетін ең биік – Олимп» деп. Біздіңше, профессор Абат Сатыбайұлының ғылыми жетекшілігімен жарық көрген «Іскерлік шешендіктану» кітабы – шын мәнінде, тура мағынасында жас тұлғаларды кәсібиліктің киелі ғимаратына бойлатар, кәсібиліктің биік шыңына ұмтылдырар тәжірибелік салмағы басым сүйекті еңбек.
«Іскерлік шешендіктану» оқу құралының теориялық тұрғыдағы құндылығы, тәжірибелік саптағы зәрулігі еңбек тараулары бойынша жасалған тұжырым-түйіндерінен де айқын аңғарылады. Бұл ретте еңбектегі іскерлік шешендік білік-дағдыларға қатысты 200-ден аса кеңеске орын берілуі туындының құндылығын айқындай түседі. Кейбірі төмендегіше: «Қадірлі әріптес! Сөз адамның айнасы емес пе?! Ендеше, шешендік кісі көркі болмай ма?! Демек, адамның сөзі – оның ақылының өлшемі. Олай болса, шешендік өнердің әркез сенім қызметшісі екенін баса ескергейсіз!»; «Ағыл-тегіл телегей табысқа қол жеткізудің анық құпиясы күнделікті тірліктегі атқарар кәсіби жұмысыңды, күллі қимыл-әрекетіңді емен-жарқын арқайын кейіптегі кең тынысты демалыс жасай білуіңде»; «Шешендікті тіл өнері мен сөйлеу мәдениетінің ең жоғары сатысы дейміз. Олай болса, егер де аурудан ада болсаңыз, Құдай берген тіл мен жағыңызды жұмыс істетіңіз. Шешендікті дидарласушымыздың жүрегі мен ақыл-ойын баурап алуға, оны не нәрсеге болса да сендіруге, иландыруға септесетін бізге берілген сый екенін ескергейсіз!»; «Данышпан Ибн Синаға сүйенсек, емші-дәрігердің үш қаруы барын білгейсің: біріншісі – сөз, екіншісі – пышақ, үшіншісі – шөп. Емші-дәрігер қыран көзді, мамық сөзді, жыландай дана, арыстан жүректі болуы тиіс. Демек, сөз – емші. Дұрыс сөйлей білу дегеніміз – дұрыс емдей білу. Сөзіне сүйсінсең, өзіне құл боласың! Керексіз сөз күйдірер от сияқты. Дулат Бабатайұлы айтпай ма: «Айтқан сөзі ақымақтың, Адам ішпес сумен тең. Кей жаманның тілі бар, Ащылығы умен тең» деп; «Ендеше, назар аударыңыз! Мақалдардан мол өнеге алғайсыз! Нақыл сөздермен ой толғап үйренгейсіз! Нәтижеде арзан сөзден қашасыз, мағыналы сөйлеуге дағдыланасыз»... Қысқасы, зиялы адамның татымсыз да нашар сөйлеуі – сауатсыз адамның оқи, жаза алмауымен бірдей. Ендеше, аутор сөзімен айтсақ, осы жолда Құдайым баршамызға мойымас маңдай, ешнәрсеге таңғалмас таңдай бергей!..
Шешен сөйлеуге ниетті жас мамандар, әртүрлі саланың қызметкерлері, М. Өтемісов атындағы БҚУ Қоғамдық даму департаментінің директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, академик, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, «Ахмет Байтұрсынұлы» төсбелгісінің иегері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Қыдыршаев Абат Сатыбайұлының әріптес шәкірттерімен ауторлық бірлестікте ұсынған «Іскерлік шешендіктану» кітабын шұғыл қолға алғайсыз! Сонда сіздің кәсіби іскерлік шешендіктің тұңғиығына терең бойларыңызға кәміл сенеміз!
Айдарбек Ақболатов,
М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің филология факультетінің деканы, философия докторы (PhD), қауымдастырылған профессор,
Тұрар Шайхиев,
саясаттанушы