7.12.2023, 12:15
Оқылды: 69

Ислам Байрамуков: «Елде спорттық медицинаны дамыту керек»

Жуырда өңірімізге белгілі палуан, Сидней олимпиадасының күміс жүлдегері Ислам Байрамуков келді. Газет тілшісімен болған сұхбат барысында палуан ел спортындағы олқы тұстар мен палуандарымыздың дайындығы, легионерлердің рөлі және букмекерлік кеңселердің зияны турасында айтып берді.

ислам

– Ислам, өңірге қош келдіңіз! Алдымен өзіңіз туралы айтып өтсеңіз. Спортқа қалай келдіңіз? Не себепті еркін күресті таңдадыңыз?

– Туған жерім – Жамбыл облысындағы сол кездегі Луговой ауданының Каменка ауылы. Қазіргі Тұрар Рысқұлов ауданы Құлан ауылы. Сол жақта мектепке бардым. Ал спортқа деген қызығушылығымды Мәскеу олимпиадасы ашты. Ауыл өте тату еді. Қазіргідей әр үйде бір-бір теледидар жоқ. Ел болып бір үйге жиылып, олимпиада ойындарының ашылуын көрдік. Кейін үлкендер ертіп алып кетеді де, спорттық жарыстарды тамашалаймыз. Жеңіл атлетика, бокс, ат спорты түрлерінен өткен жарыстарды қарағаным әлі есімде. Бала күннен жылқыға деген махаббатым ерекше еді. Сондықтан болар, Виктор Асмаев мінген «Рейс» атты жылқы мен Польшадан келген жарыс жеңімпазы тақымына басқан «Артимур» деген ат та есімде. Кейін бүкіл ауыл жерлесіміз, боксшы Серік Қонақбаевтың өнерін тамашаладық. Менің спортқа деген қызығушылығым осылай оянды. Әкем де оны байқаса керек, мен үшін «Советский спорт» газетін жаздырды. Ол басылымның әр нөмірін қалдырмай оқып шығатынмын. Газет таситын пошташы үйге сағат 11:10 шамасында келетін. Кейде кешігіп жатса, ауыл орталығындағы «Союзпечать» мекемесінің дүңгіршегіне барып, өзім сатып алатынмын. Кейін спорт тақырыбындағы әдеби шығармаларды оқуға көштім.

IMG_8249

– Ат спортын ерекше сүйетініңізді қазақ елі жақсы біледі. Бірақ не себепті еркін күресті таңдадыңыз?

– Спортқа деген махаббатым ерекше болды. Мен оқыған мектеп жанында кітап дүкені бар еді. Сабақтан шыға сала сол жерге баратынмын. Сол дүкеннің бір бұрышында КСРО құрамына кіретін елдердің спорттағы жетістігі туралы жазылған кітап болды. Құны да қымбат еді. 5 сом 70 тиын. Мен күнде әлгі дүкенге барып, жаңағы кітапты ақтарамын. Оның ішінде келбеті келіскен, дене бітімі ерекше ағайынды Белоглазовтардың суреті баурап алды. Соны байқаған бір досым маған кітапты сыйлады. Осы украиндық Белоглазовтар менің еркін күреске деген махаббатымды ашты.

– Кітапқұмарлығыңыз әлі бар ма? Сіздің ең сүйікті шығармаңыз?..

– Иә, әлі күнге дейін газет, кітап оқуды тоқтатпадым. Ал ең сүйікті шығармам – Шыңғыс Айтматовтың «Қош бол, Гүлсары» повесі.

– Спортқа қай жасыңыздан бастап мықтап ден қойдыңыз?

– 7-сыныпқа дейін ауылда жаттықтым. Кейін Алматы қаласындағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы спорт интернатына оқуға құжат тапсырдым. Түсе алмадым. Өйткені дайындығым аз болды. Бір жылдан соң қайта тапсырып, оқуға қабылдандым. Бірақ ата-анамнан жырақта өмір сүріп көрмегендіктен, құжаттарымды алып, үйге қайтып кеттім. Десе де үйге қайтып келе жатқанда «Осы ісім дұрыс па, бұрыс па?» деп көп ойландым. Алматыдан ауылға дейін 8 сағат жол жүреміз. Көз ілмедім. Осынша уақыт дайындалып, арманыма жеттім-ау дегенде бәрінен қалайша бас тартып барам деген ой мазалады. Бар ойым ауылға келгеніммен кері қайтып, өзім үлгі тұтатын Серік Қонақбаев, ағайынды Белоглазовтар сияқты өз елімнің атын әлемге таныту болды. Кері оралдым. Бір емес, үш олимпиада ойындарына қатыстым. Арманыма жеттім деген ойдамын.

– Әңгімені спорт тақырыбына қарай бұрсақ. Біздің грек-рим күресі, еркін күрес палуандары олимпиада ойындарынан 17 медаль алды. Оның 11-і қола, 5-еуі күміс, 1-еуі алтын. Бұл біздің қазіргі жағдайымыз үшін жақсы көрсеткіш пе?

– Әрине, оған көңілім толмайды. Қаншама олимпиада ойыны өтті. Кеңес одағы ыдырап, тәуелсіздік алған жылдары нәтиже жақсы болды. Алтын медаль алдық. 2000 жылы мен еркін күрестен күміс алдым. Одан кейін 2004-те бізде 1 күміс болды. Сондықтан еркін күрес мектебі мықты дамыған АҚШ, Иран, Ресей палуандары тұрғанда медаль алу қиын.

– Олай деуге не себеп?

– Олай деуге ел спортына жауапты адамдардың жауапсыздығы себеп. Үлкен спортта ұсақ-түйек болмайды. Медаль, оның ішінде олимпиада медалі үлкен жүйелі жұмыстың арқасында ғана келеді. Ал бізде ондай жүйе жоқ. Иә, бұрын біз күрескен кезде аз да болса, жүйелі жұмыс бар еді. Қазір оны жоғалтып алғандаймыз. Ғылыми жұмыс тіптен жоқ, палуандарды қолдау жоқ. Елде спорттық медицинаны дамыту керек. Палуандардың бабы қай деңгейде екенін білесіздер ме? Ұят! Содан-ақ спортшыларға қатысты жауапкершіліктің қандай екенін көре беріңіз. Биылғы Азиадада спортшыларға деп алынған киімнің өзі сын көтермейді. Жарысқа шықпай жатып, тозып кететін киім киген спортшы психологиялық тұрғыда жеңіліп қалады. Ал моральды тұрғыда жеңілген спортшы қанша тырысса да, биік нәтижеге қол соза алмайды.

– Ислам аға, біздің кезімізде деп қалдыңыз. Сонда сіз белдескен уақыттағы киімнің сапасы жақсы болды ма?

– Мен қатысқан 1996 жылғы олимпиада ойындарына киген формамды Эмангуэль Унгаро деген кутюрье тіккен. Спорттық жейде, жаттығу жасайтын киім әлі бар. Бір жібі сетінеген жоқ. Оны күні-түні кисең де тозбайды. Сапасы керемет. Сол кездегі чемоданды ұстап жүргеніме 26 жыл болды.

– Бірақ бізде күрес дәстүрі сақталған ғой.

– Әрине, дәстүр бар, нәтиже бар, медальдар бар. Ризабек Айтмұқанов әлем чемпионы атанды. «Бұлақ көрсең, көзін аш» дейді. Енді әрі қарай дәстүрді жалғастыру керек. Сол биіктен құламаудың амалын жасауымыз керек. Ал бізде бәрі кері кеткендей. Әлем чемпионатынан алтын алып келді, қола алды. Азия ойындарына бардық та, медальсыз қайттық. Оған не дейсіздер? Бір көңілім толмайтыны сол. Бізде жүйелі жұмыс жоқ.

– Сол жүйелі жұмысты қалыптастыра алатын, спорттың отымен кіріп, күлімен шыққан чемпиондар бар. Бапкер бола алатын азаматтар да бар. Не себепті біздің танымал спортшыларымыз бапкерлік, менеджерлік жолдан алыс жүр?

– Оларға жол берілмеді. Мен ойымдағыны тіке бетке айтамын, ештеңені жасырмаймын. Ұлттық олимпиада комитеті, федерациялар осы үшін маған ренжиді екен. Ал мен нақты кемшілікті айтып жүремін. Психологиялық, функционалдық, физикалық дайындығы, техникасы нашар болса, оларды қалайша мақтаймын? Басқа да чемпиондарымыз да барды бар, жоқты жоқ дейтін азаматтар. Ал ондай адам көпке жаға бермейді. Сол себепті оларды бапкерлік жұмыстан алыс ұстайды.

Мысалы, біздің бокс турасында айтсақ. Қазір Серік Қонақбаев, Виктор Демьяненко сияқты қос ардагер споршымыз жүр. Василий Жиров бар. Ермахан Ыбрайымов, Болат Жұмаділов, Мұхтархан Ділдәбеков, Бақтияр Артаев, Бақыт Сәрсекбаев, Серік Сәпиев, Әділбек Ниязымбетов сияқты олимпиада ойындарының чемпион-жүлдегерлері жүр арамызда. Бапкер болуға дайын жігіттер. Бірақ олар салтанатты шаралардың генералдарына айналды. Спортты дамыту үшін, бала тәрбиелеу, білгенін өзінен кейінгіге үйретіп, тәжірибесімен бөлісу үшін емес, олар бір жерде ашылған спорт кешенінің лентасын қию үшін керек. Түрлі мерекеде жылт етіп, шапан киіп алып елді құттықтағанда ғана керек. Былайғы уақытта оларды бапкерлік жұмысқа ешкім жақындатпайды.

– Сонда олардың басын қосып, бір бағытта жұмыстануға жұмылдыра алмай жүрміз бе? Әлде осылай істеуге ниет жоқ па?

– Міне, сол жұмылдыруға келгенде мүлт кетіп жатырмыз. Меніңше, спортта алдыңғы қатарлы Жапония, Оңтүстік Корея, Иран, АҚШ сияқты елдердің тәжірибесімен жұмыс істеуіміз керек. Ол жақта спорттық мансабын аяқтаған әр адам автоматты түрде түрлі федерация мен құрама командаларға жұмысқа алынады. Өйткені олар спортты жақсы біледі. Спортшыға қандай жағдай жасау керек екенін де түсінеді. Болат Жұмаділов, Ермахан Ыбрайымов немесе Серік Сәпиевке біреу келіп, сен боксты түсінбейсің дей алмайды. Сол себепті елге пайдасы тиеді-ау деген чемпиондар құрама команда сапында жұмыстануы керек. Ал бізде президиумға немесе манежға апарып отырғызып қояды. Болды. Оларға жұмыс істету керек. Жалақысы да жоғары болғаны жөн. Өз елінде тәжірибе бөліссін.

– Чемпиондарымыз салтанатты шаралардың генералына айналды деп қалдыңыз. Өзіңіз де сондай шараларға шақырту аласыз ба?

– Мен барымша ондай салтанатты жиындарға бармауға тырысамын.

– Біздің чемпиондар мансабын аяқтаған соң мемлекеттен белгілі бір көлемде өмір бойы стипендия алып отырады. Ол да жұмыс істеуге кедергі емес пе?

– Спортшы мен бапкер ай сайын мемлекеттен 100 АЕК мөлшерінде ақша алады. Ол 345 мың теңге. Бірақ 20 жыл тәжірибесі болу керек. Біз 75 мың теңге алдық. Ол ақша берілуі керек. Дұрыс деп есептеймін. Бірақ қайтарымы да болғаны жөн. Спортшысың, саған мемлекет ақша «құйды». Мансабың аяқталған соң жұмыс істеуің керек. Бір чемпион жасөспірімдер құрамасын, бірі жастар құрамасын, енді бірі ересектер құрамасын баптаса, спортымыз дамыған үстіне дами түсер еді. Бапкер спортшы үшін тұлға, үлгі аларлық адам болуы керек. Ал біздің чемпиондар кез келген спортшы үшін, орысша айтқанда, авторитет. Сондықтан әр адам өз ісімен шұғылданып, пайдасын тигізуі керек.

– Сөзіңіз орынды. Бірақ біздің кей спортшылардың мансабын аяқтаған бойда бапкерлікке бару үшін не білімі жетпейді, арнайы оқуын да оқымаған. Психологиядан да мақұрым. Ондай бапкер онсыз да жойыла келген жүйені тіпті құртып жібермей ме?

– Иә, оларды дайындау керек, оқыту керек. Мен кезінде фитнес индустрияға бет бұрдым. Оған баруға өз себебім де бар. Құрамадан кеткеннен кейін бір аптадай жүрдім. Не істейтінімді ойландым. Сосын фитнесшілердің бағдарламасы қолыма түсті. Оқысам, өте қызық. Арнайы курстары бар, қызыққан азаматтарды оқытады екен. Тіпті шетелден мамандар келіп, тәжірибесімен бөліседі. Бос жатқанша, барып көрейінші деп шештім. Ол жер мені баурап алды. Физиология, анатомия, диета жөнінде білім берді. Тіпті әйелдермен жаттығу жасайтын бапкерлерді арнайы оқытады. Сол дәрісті тыңдадым. Сонда олар отбасы туралы, оны сақтау, жанұядағы татулық жайында біраз мәлімет берді. Ол лекцияны әр ер-азамат оқыса ғой, шіркін?! Әйелдің табиғаты жайында кең мағлұмат берді. Осы курсты 8-9-сыныптарда оқыту керек. Әйелдің табиғатына байланысты жаттығудың жоспарын көрсетті. Онда бірінші аптада мынаны жасайды, жүктемесі мынадай, осындай жаттығу жасатуға болады. Екінші апта былай, үшінші апта басқаша жаттығу жасау керек. Белгілі бір күндері әйелдің көзіне көрінбеу, сондай-ақ әйелге не болмайды, не болады, барлығы жазылған. Отбасын құруға бекінген әр ер адамды аталған курс бойынша 1 ай оқытса да болады. Сол себепті бапкерлікке бет бұрған әр спортшы, әр адам білімін міндетті түрде жетілдіруі керек. Олардың алған білімінің сұрауы болғаны да дұрыс.

 

– Біздің бапкерлер мен құрама мамандарының біліксіздік танытқан кезі болды ма?

– Олимпиада жүлдесі, медаль туралы сөз қыламыз. Бірақ сәтсіздіктен соң себебі неден болғанын ешкім айтып бере алмайды. Бізде жүйелі жұмыс жоқ. Токио олимпиадасы кезінде еркін күрес барысын бақылай отырып, тікелей эфир жүргізуге шақырды. Біздің Нұрислам Санаев белдесіп жатыр. Теледидардан оның ауыр демалып, ентігіп тұрғаны көрінді. Кейін 74 келідегі Данияр Қайсанов та титықтап қалды. Денесі ісіп, ауыр демалып тұрғанын байқадым. Кейін неден болу мүмкін деп ізденсем, аклиматизациялық шұңқырға түсіп кетіпті. Ойымды нақтылай түсу үшін мамандардан палуандардың Токиоға қашан кеткенін сұрадым. Олар шілденің 27-сі күні Жапонияға барған. Ал жарысқа тамыздың 4-і күні шықты. Ол аклиматизация ауруының қозатын күні. Одан бөлек палуандарымыз олимпиадаға Алматыда дайындалған. Қала теңіз деңгейінен 1400-1600 метр биік нүкте. Ал Токио теңіз деңгейінен 32-34 метр биіктікте. Ол да палуанға жақсы әсер етпейтіні түсінікті. Токиода жігіттер алаңсыз жаттығып, ауа райының қолайсыздығын сезбес үшін палуандар Оралда дайындалуы керек болған. Өйткені екі қала бірдей биіктікте орналасқан.

– Сонда біздің құрама бапкерлері мен жаттығу жұмысына жауапты мамандар соны ескермеген бе?

– Ешкім бұл мәселемен айналыспаған. Біздің спорт ғылымының қандай деңгейде екенін осыдан-ақ көре беріңіз. Кейін бір сұхбатта құрама бапкерлеріне журналистер осыны айтқан. Олар «Біз Токиоға бір апта бұрын бардық», – деп жауап қатты. Қарапайым аклиматизация жайынан хабары жоқ маманнан қалайша нәтиже күтеміз? Ең қызығы, ол Ресейден келді. Мысалы, Ресей палуандары Токиоға барар алдындағы соңғы жиынын Владивосток қаласында өткізді. Өлшенуге екі күн қалғанда Токиоға барды. Жақсылап демалды да боз кілемге шыға келді. Нәтижесінің қандай болғанын бүкіл әлем біледі.

– Бұл мәселелердің шешімі қандай?

– Мықтап бақылау. Жауапты министрліктер мен басқарма, тіпті бөлімдер қадағалануы керек.

– Тағы бір мәселе – легионерлер мәселесі. Еркін күресте 12 медальдың алтауын легионерлер алды. Бір кездері елге келіп, қазақ атынан күрескен азамат-азаматшалардың пайдасы тиді дей аламыз ба?

– Қазір ұлттық құрамада легионер жоқ. Бірақ олардың өз уақытында пайдасы тиді, сырттан келген палуандар өз миссиясын ойдағыдай орындады деуге болады. Спорт майданында жүргендіктен білемін. Сол себепті айтайын. Біздің бапкерлер де аспаннан түскен жоқ. Әр салмақты саралап, легионерлерді қажет деген категорияларға ғана алды. Былайша айтқанда, осал салмақтарды легионерлермен күшейттік. Солардың арқасында 2008 жылы 3 легионер үлкен бәсекелерде туымызды желбіретіп, еліміз әлемдік рейтингте алтылыққа енді. Сол нәтиженің арқасында 2009 жылы әлем кубогына екі құрама алып бардық. Ол құрамның 70-80%-ы қазақстандық спортшылар болды. Төртінші орынға табан тіредік. Тағы бір айта кететін жайт, легионерлер спортшылар арасында бәсекелестікті орнатты. Мысалы, Ақжүрек Таңатаровты легионеріміз 10-0, 15-0 етіп ұтып алатын. Сонан соң Ақжүрек намысқа салып, жаттығуларын күшейтті. Жайымен нәтиже көтеріле бастады. 1 ұпайын алды, 2 ұпайын алды. Жеңе бастады. Ақыр соңында Леонид Спиридонов пен Абдулхамит Шапиев Ақжүректен жеңіліп, өз ұлымыз ұлттық құраманың бірінші нөміріне айналды. Сондықтан менің жеке анализім бойынша легионерлердің көмегі көп болды. Олар келмегенде Ақжүректің қазіргі дәрежеге жетуі екіталай еді.

– Сіз ұлттық құрылтай кеңесінде лудомания мәселесін көтердіңіз. Әлі де сол кеселмен күресіп жүрсіз. Құмар ойынға құмарлық спортқа, спортшыға, жалпы елге қалай әсер етіп жатыр?

– Букмекерлік кеңселер спорт әлеміне енуде. Футболды әлдеқашан шырмады. Футболдың чемпионатын чемпионат деп санамаймын мен. Себебі, шынын айтсақ, бәрі алдын ала шешіліп тұрғандай әсер қалдырады. Бұны тікелей ашып ешкім айтпайды, бірақ естіп жүреміз. «Биыл мыналар міндетті түрде чемпион болады» деп шешіп қояды. Содан кейін футбол қалай дамиды? Былтыр олар күрес бойынша да біраз адамды ойынға тартты. Құмар ойындар, букмекерлер біздің спортқа ғана емес, елге үлкен қауіп төндіріп тұр. Лудомания кесірінен қанша отбасы бұзылып, қаншама адам мүлкінен айырылып жатыр. Оның үстіне бәс тігіп ұтқан ақша – арам ақша. Ислам дінінде ондай ақшаны пайдалануға рұқсат етілмейді, ондай ақшаның берекесі болмайды. Ал сен ол ақшаға азық-түлік сатып алып, үйіңдегі балаларыңа апарасың, олар соны жейді. Аяғы ауыр келіншегіңе бересің харам ақшамен алған тамақты. Сондықтан олардың жауапкершілігін мемлекет алу керек. Сонымен қатар құмарлық адамды рухани тұрғыда аздырады. Ал біз рухани тәрбиені сақтауымыз керек, дегенмен букмекерлерді спортпен байланыстырып жатырмыз. Күресті, ат спортын жаулады. Жүздің жартысына келдім, өмірлік, спорттық тәжірибем бар. Букмекерлік кеңсе ашқан жандарға: «Жігітім, сен осыны өзіңнің ағайын-туысыңа қалайсың ба?» деймін. Олар «Мен ешкімді күштеп әкелмеймін букмекерге», – дейді. Бірақ олар себепкер болып жатқанын ескермейді.

– Рух туралы айттыңыз. Палуандарымыздың кей жарыста мінез көрсете алмай жатуына рухтың әлсіреуі себеп болды деуге негіз бар ма?

– Біз әр үлкен сайыстан медаль күтеміз. Бірақ медальға алып баратын ең басты нәрсе, алапат күш – мықты рух. Рух таза, биік болу керек. Ішкі дүние таза болу қажет. Батыр Мырзаев деген палуанымыз – әлемдегі фавориттердің бірі, потенциалы мықты. Ерғали Әлішер де әлемде үштікке кіретін бала. Ниязбек Дәулетбеков 2 жыл қатарынан әлем шемпионатында қола медаль иеленді. Бірақ Азия ойындарында үштікке кіре алмайды. Біз Азияға бара жатқан кезде тек финал мен жеңуді ойлайтынбыз. Қазіргілер үштікке кіре алмайды. Қазіргі күрестің потенциалын көріп жүрмін. Жап-жас балалар күніне 3 мезгіл жаттығу істейді. Бірақ жарысқа барғанда жеңіліп жатыр. Өйткені берекесі жоқ нәрсеге құмар. Букмекер сияқты арам іс пен жемқорлық спорттың берекесін қашыруда. Сондықтан спортқа осының барлығы әсер етіп отыр. Менің жеке пікірім осындай.

Сұхбаттасқан Түгелбай Бисен,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале