Италия Еуропалық Одақтың барлық мемлекетіне Қытайдан келгендерді міндетті коронавирус тестілеуінен өткізуге шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Еуропалық БАҚ бұл мәселе бойынша ЕО-ға мүше 27 елдің денсаулық сақтау министрліктері арасындағы консультациялар әлі нақты нәтиже бермегенін жазды.
Италия өткен сәрсенбі күні Қытайдан келетін туристер үшін міндетті COVID-19 сынақтарын қайта енгізді және бұл қадамды жасауға Еуроодақтың барлық мемлекетіне үндеді. Себебі осы аптаның басында Милан халықаралық әуежайында жолаушылар арасында жүргізілген коронавирусқа қарсы тестілеу нәтижесінде Қытайдан келген екі рейс жолаушыларының жартысына жуығынан қауіпті вирус анықталған.
Кейін Еуропалық комиссияның Денсаулық сақтау қауіпсіздігі комитеті (HSC) Қытайдағы коронавирус жағдайын талқылау үшін жиын өткізді.
Бұған дейін Жапония осы аптаның соңында Қытайдан келетін азаматтар үшін шекаралық бақылауды күшейтетінін хабарлаған болатынбыз.
Жалпы бұл қадамдар Қытайдың 8 қаңтардан бастап шекараларын қайта ашатынына және вирустық инфекциялардың таралуын болдырмау үшін жасалуда.
Қытай желтоқсан айынан бастап вируспен күрестің қатаң шараларын айтарлықтай жеңілдетті.
Сонымен қатар ауырғандардың ресми статистикасын жариялауды тоқтатты.
Фото: Pavel Mikheyev / Reuters