18.08.2022, 9:30
Оқылды: 100

Иттен жұғатын ауру өршіп тұр!

Кейінгі кездері ауылдық елді мекендерге қоса қалада да «эхинококкоз» деп аталатын қатерлі дерттің таралуы жиілеп тұр. Облыстық санитарлық-эпидемиологиялықбақылау департаментінің жұртшылықпен байланыс жөніндегі бас маманы Әдемі Хасанованың бізге берген мәліметіне қарағанда, облыс аумағында 2020 жылы – 19, 2021 жылы – 31, 2022 жылдың 7 айында 35 эхинококкоз жұқтыру фактісі тіркелген көрінеді. Осы жұқпалы ауру жөнінде толығырақ білу үшін Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің эпизоотология, паразитология және ВСС кафедрасының профессоры,ветеринария ғылымдарының докторы, ХАА академигі Мәлік Шәлменовпен сұхбаттасқан едік.  

IMG-20220818-WA0003

М. Шәлменов  –  республика  көлемінде  эхинококкоз  (қаз.  беріш,  бершімек)  ауруын  көп  жылдан  бері  зерттеп  келе  жатқан  саусақпен  санарлық  ғалымдардың  бірі.  Ол –  мал  аурулары,  хайуанаттардан  адамға  жұғатын  дерт  атаулы  жөнінде  200-ден  астам  ғылыми  мақала  мен  еңбектер  жазған  білікті  маман.

– Мәлік Шәлменұлы, сөз басында қарапайым халыққа атауы таңсық болып отырған ауру туралы түсінік беріп өтсеңіз. Аталған дерт адамға неден, қалай жұғады?

– Малдың өкпе-бауыры зақымданған уақытта онда «жылауық» деп аталатын көлемі шағын су толы көпірікшелер пайда болады. Біз мал сойғанда сол жарамсыз өкпе-бауырды иттерге бере саламыз немесе арам өлген малды даладағы мал моласына апарып тастаймыз. Ал ол жерлерге жемтік іздеп  бұралқы иттер барады емес пе?! Иттердің ащы шегінде ұзындығы 6 мм болатын, 20-40 мыңдай  таспа құрттар тіршілік етеді.  Ауру малдың өлексесін жеген иттің ішіндегі сол құрттар  өсіп дамиды да, жұмыртқалайды. Бір құрттың бойында ұсақ-ұсақ 800-дей дернәсіл (личинка) болуы мүмкін. Содан соң иттің ішкі ағзасы бүлініп,  оның нәжісімен бірге кеселді құрттың жұмыртқалары сыртқа шығады. Иттің жүрмейтін жері жоқ қой, бау-бақшаларға, көпшілік орындарға, жайылым-шабындықтарға саңғырып кетеді. Ластанған жемістерді қолмен ұстағаннан, жуып-тазаламай жегеннен немесе иттер түскен суға шомылған адам да эхинококкоз жұқтырады. Сонымен қатар ит үнемі үсті-басын жаланып жүретіндіктен осы аурудың көзге көрінбейтін жұмыртқалары аузының айналасына да жұғып қалады. Ал итті, күшікті кішкентай бала болсын, ересек адам болсын, еркелетіп сипалаған кезде кесел-дертке шалдығу қаупі зор.

– Малдың өкпе-бауыры неден зақымданады?

– Ол да сол көбіне-көп иттер саңғырып кеткен шөпті не басқаны жегеннен болады. Аталмыш жұқпалы дерттің басты қоздырушысы да, таратушысы да – ит. Малдың ауру екенін білу қиын. Білікті ветеринар мамандармен кеңесіп, арнайы медициналық құрылғылар арқылы тексерістен өткізу керек. Мал танитын адам болса, қойдың, ірі қараның өнімді, мәселен, сүтті аз бергендігінен, арықтап, әлсірей бастағанынан да біле алады. Бірақ мамандарға міндетті  түрде  қарату  қажет.

– Адам өзінің эхинококкозбен ауыра бастағанын сезе ала ма? Қандай белгілері білінген кезде дәрігерге жүгінуі керек?

– Адам эхинококкозға шалдыққанда басы айналып, жүрегі айниды, қызуы көтеріледі. Өкпе-бауыры зақымданғандықтан іші ісінуі де мүмкін. Сондай жағдайда рентгенге, УДЗ (УЗИ)-ға түсіп тексерілуі керек. Адам бұл аурумен 10-15 жыл ауырып жүре береді. Дәрігерге қаралмайтын болса, сол уақыт аралығында өкпесі тұтастай көпіршіктерге толып, біржола жарамсыз болып қалады.  Егер уақтылы емделмесе, эхинококкоз – өлімге душар ететін дерттің бірі.

– Осы жұқпалы аурумен ауырған адам үй жағдайында емделіп, жазыла ала ма?

– Жоқ, ол мүмкін емес. Эхинококкоз – арнайы ота жасау арқылы ғана айығуға болатын ауру.

– Мәлік Шәлменұлы, бұл аурудың тез жұғатынын, емделуі де қиын екенін білдік. Енді ауырмаудың жолы қандай?

– Манадан бері тілге тиек болып отырған жұқпалы дерттің бірден-бір таратушысы – ит дедік. Ал бүгіндері бұралқы ит атаулы ауылда да, қалада да өріп жүр. Негізі, эхинококкоз қасқыр, қарсақ, түлкі, шибөрі секілді жабайы аңдар арқылы да жұғады. Бірақ әлгіндей жабайы хайуанаттар адамдардан барынша аулақ жүретіндіктен иттен көбірек қауіптенеміз. Соның ішінде ешқандай құжаты жоқ, күтім көрмеген бұралқы иттерден жұғу ықтималдығы зор. Мысалы, шетелдерде иттерді серуенге алып шыққанда тұмсығына тұмылдырық тағып, арнайы белгіленген орындарда ғана алып жүреді. Нәжістерін жинайтын арнайы қызмет те бар немесе иесі өз итінің нәжісін өзі жинайды. Өркениетті елдерде иесі итін жылдың төрт мезгілінде де тұрақты түрде қаратып, дәрісін ектіріп отырады. Әр иттің мал дәрігерлерінің қолы қойылған құжаты болады. Бір сөзбен айтқанда, ит күтіміне бейжай қарамайды. Ал біздің елде олай емес. Байқауымша, көбіне қазақ ұлтының азаматтары ит асырап, керегіне пайдаланғанымен, олардың денсаулығына көңіл бөліп, мезгіл сайын мал дәрігеріне тексертіп тұру дегенді мүлдем ескермейді. Егер дәл осылай жалғаса берсе, эхинококкоздай қатерлі жұқпалы дерттің етек жаюын тоқтату мүмкін емес. Сонымен қатар құжаты жоқ қаңғыбас иттерге кастрация жасалса, иттің саны азаяды да, ауру жұқтыру деңгейі  төмендейді. Мен мұны 40 жыл бұрын дәлелдеген едім. Ал сойылған малдың зақымданған өкпе-бауырын және арам өлген малды өртеп жіберу керек.

– Эхинококкоз адамның өкпесінен басқа да ағзаларына қауіпті ме?

– Бұл дерттің адамның миын зақымдайтын өте қатерлі түрі де бар. Бірақ ондай жағдай сирек ұшырасады. Осы диагнозды өзбектің Назар Матчанов деген профессоры 1980 жылы қойған еді.

– Адамды ит қауып алған жағдайда осы әңгімелеп отырған аурудың жұғуы мүмкін бе?

– Ит қапқаннан барлық жағдайда дәл осы эхинококкоз жұға қоймас, алайда құтыру секілді жазылуы қиын аурулар  жұғады. Негізі, адам бойындағы дерттің 20-30 пайызын иттер тарататынын қаперімізде ұстауға тиіспіз. Жалпы, жұқпалы дерт атаулыдан аулақ әрі аман болуымыз үшін алдын алу шараларын  жүйелі жолға қоюымыз шарт.

Сұхбаттасқан 

Нұртілеу Бауыржанұлы,

zhaikpress.kz 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале