31.05.2019, 12:04
Оқылды: 72

«Итжеккенге барғанбыз, итқорлықты көргенбіз»

(Саяси тұтқындар: Темірхан Сариновтың қызы, Сейітқали Бажекеновтың зайыбы Әсипа Темірханқызы Бажекенованың естелік хаты)

2002 жылы Оралдың «Дастан» полиграфия корпорациясы ААҚ баспаханасынан белгілі қаламгер Аманкелді Шахиннің тарихи деректі-публицистикалық «Сол бір сүргін» кітабы жарыққа шыққаны көзі қарақты оқырманның есінде шығар. Өлке тарихының ақтаңдақ беттерінің елеулі оқиғасын қозғайтын, кезінде қоғамдық серпіліс туғызып, қалың оқырман жылы қабылдаған бұл туындыда Ұлы Отан соғысы қарсаңында облысымыздың Жалпақтал өңірінде құрылып, соғыс басталған жылы тұтқындалған «Қазақ халқын қорғаушылар одағы» деп аталатын жасырын жастар ұйымының астыртын қызметімен жазаланып, Кеңес одағы тұсында саяси қуғын-сүргінді бастан өткерген ұйым мүшелерінің қилы тағдыры айтылған болатын.

Кітап жарыққа шыққаннан кейін ғалымдар мен журналистер, жазықсыз жазаланған жастарды көре қалған көнекөздер мен олардың замандастары, туыстары, ұрпақтары, жалпы қалың жұртшылық үн қатып, мерзімдік басылымдарда  естеліктер мен мақалалар жарық көрді. Боздақтарды мәңгі есте қалдыру бағытында көптеген іс-шаралар атқарылды. Жұртшылықтың аталған шығармаға өскелең сұранысын ескере отырып, кейінгі жылдары тың деректермен толықтырылған шығарма саяси қуғын-сүргіннің 80 жылдығына орай, 2017 жылы мамыр айында «Қорғаймын!» деп қазақты...» деген жаңа атаумен қайта жарыққа шықты.

31 (2)

Шығарма жаңа басылымында «Хаттар мен мақалалар» деп аталатын жаңа тараумен толықтырылып, онда автордың «Қазақ халқын қорғаушылар одағы» ұйымының мүшесі, бар өмірін саяси қуғын-сүргінде өткізіп, қариялық ғұмырын Өскемен қаласында өткерген Сейітқали Бажекеновпен және жер аударуда оның өзімен бірге болған зайыбы Әсипа Темірханқызы Бажекеновамен жазысқан хаттары жарияланған болатын.

Автор саяси қудаланушылардың соқтықпалы соқпалы, қилы тағдырын паш ететін құнды деректерді жинастыруда, шығарманы тағы толықтыру үстінде. Жуырда автор «Қорғаймын! деп қазақты...» кітабына енгізіп үлгере алмаған, саяси тұтқын Сарының Темірханының қызы, С.Бажекенованың жан жолдасы Ә.Темірханқызының жаңа естелік хатын баспаға дайындап бітірді.

31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай осы естелік хатты «Орал өңірінде» жариялай бастаймыз.

Хат жаздым, қалам алып...

Құрметті қайын інім Аманкелді!

Өткен өмірімізді бір қажеті болып қалар деп, бір дәптерге түсіре бастап, кезінде аяқтамай тастағанмын. Бірде сенің хатың кездейсоқ қолыма тиіп, сол аяқталмай қалған дүниені жалғастырып отырмын. Қолтаңбам нашарлаған. Қанша айтқанмен, 82 жасқа келіп қалдым ғой. Биыл сәуірдің 26-сында 82 жасқа толамын. Оның үстіне көзімнің көруі де нашарлап барады. Салған әріптерім қисайып тү­седі. Сондықтан оқығанда қатесін түсініп оқырсың, қарағым!

Хатыңда сұраған кейбір мәліметтерден хабардар ете кетейін. Сейітқалидың руы естуім бойынша Кіші жүз – Шеркеш. Мен Орта жүз – Найманның қызымын.

Сұрақтарыңа жауапты кешіктіргенімді кешірерсің, айналайын! Тіпті бірауық, осыны енді жазып та керегі не, қасымда Секең де жоқ деген ой келді. Ойланып толғана келе, оным ның қате екенін түсіндім. Балалар да аман. Бір  немерем  үлкен ұлдың екінші перзенті – Нұржан Бажекенов Абай атындағы театрда артист. Басқала­ры да ел қатарлы тіршілік етіп жатыр. Сау-саламатта болыңыздар. Келінге сәлем айтарсыз. Жанымдай жақсы көретін қайын інім, саған бәрі үшін мың да бір рақмет!

Тілекші - жеңгеңіз Әсипа Темірханқызы Бажекенова

14.03. 2016 жыл

Әкемді «Байдың қызын алды» деп шатып еді

 

Бұл естелік хатымда шамам келгенше өткен өмірімді қағаз бетіне түсірдім. Қырық жасында бақилық болған Сары атамыз өмірден озғанда, әкем Темірхан 7 айлық нәресте күйінде қалса керек. Кеңес өкіметі орнағанда жасын екі жыл үлкейтіп, туған жылын 1910 жыл етіп көрсетіпті. 1932 жылы анама үйленіпті. Мен 1934 жылы дүниеге келіппін. Ол кезде әкем қойма меңгерушісі екен. Кейін колхоз басқармасының төрағасы болды. Әйтеуір әкем мен ес білгелі бастық болғаны есімде.

1942 жылы 18 қаңтарда әкем майданға шақырылды. Бірақ соғысқа бірден жөнелтілмейді. Өскеменде дайындалып жатқан атты әскер құрамында жаттығады. Осы кезде шағым түсіп әкемді, бажасын, балдызын және басқа небәрі 14 адамды тұтқынға алады. Әкемді байдың қызын алған деп айыптайды.

31 3

Шынында да, анам байдың қызы екен. Бірақ байдың қызы болса да,
байлықтың қызығын көрмеген, кеңес өкіметі тұсында өмірге келіп, социалистік қоғамда өмір сүрген, сауаты да ашылмаған бейкүнә  жан еді. Оған бола жазықсыз адамды, әкемді неге қылмысқа тартқаны, әрине түсініксіз. Байдың қызын  алғаны үшін болар. Сонымен Айрықша Кеңес – «үштіктің» шешімімен әкеме 10 жыл арқалатып қоя берген. Оны не үшін бергенін өзі де түсінбегенін айтып, айдауда жүріп хат жазды. Сондағы «Әкелеріңді енді көре алмаймыз?» деп шешемнің ағыл-тегіл жылағаны әлі көз алдымда.


«Халық жауының» отбасы атандық

Әкем Ақтөбедегі еңбекпен түзеу лагеріне тап  болып, атом зауытының құрылысына қатысады. Сонда жүріп Сейітқалимен (Бажекенов) танысып, бірге тас қопарады. Ол жөнінде және әкемнің көп жерде өзіне қорғаныш болғаны туралы Сейітқалидың естелігінде айтылғандықтан, оған аса тоқталмай-ақ қояйын. Зауыт құрылысы аяқталғаннан кейін онда жұмыс жасағандарды Қиыр Шығысқа, «ит жеккенге» айдайды. Олар онда да зауыт, тұрғын үй құрылыстарында еңбек етіп, он жылдың қалғанын өтеуге кіріседі.

31 (1)

Ал елде қалған біздің көргенімізді басқаның басына бермесін.  «Халық жауының» балалары деп, ұрып-соғып, бесіктен беліміз шықпай жатып ауыр жұмыстарға салды. Он жасымнан бастап колхоздың бау-бақшасында жұмыс жасап, арамшөптен арылттық. 1937
жылы дүниеге келген бес жасар інім де қасымызда болды. Үйге жібермейтін. Бригада басында қона жатып еңбек ете беретінбіз. Үстімізде жөнді киім де жоқ. Кигеніміз - әр жері жыртық-жыртық сабалақ жарғақ қана. Жалаң аяқ, жалаң бас бақшалықтың мақұлықтарындай митыңдап жүре беретінбіз. Күніне бір бөтелке сиырдың көк сүтін береді. Ол да қолымызға дұрыс тие бермейді. «Халық жауының» баласы деп аш қатырып қоятын күндерді де бастан кештік. Ол ол ма, соғыстан кейінгі жылдары біздің отбасымызға түрмедегі «халық жауының» отбасы деп жылына 9 келі қыздырылған май, жұмыртқа, тері, ақша салығын салатын. Соны жылда төлеп бітіре алмай жүруші едік. Есімде, 1950 жылы білем, бір ер-азамат үйімізге келіп, тиесілі салықты төлемедіңдер деп, шешемді сабап, оған ара түскен мені мен  інімді де соққыға жыққаны бар. Бізді бала кезімізде «халық жауының» балалары деп, іні-сіңлі бәрімізге жұмыс басында бригадир­лер күн бермей талай қуғын көрдік. Таяқ та жедік. Қазіргі шетел киноларындағы негрлерді соғып, кемсіткен оқиғалар біздің сол кездегі өмірімізді еске түсіреді.

Құмаш деген бір бригадир бізге «халық жауының» балалары деп үнемі қол көтеретін. Он бес жасымда мені қол орақпен  шөп шабуға  салмақ болып, шешем қыз бала ондай ауыр жұмысқа жарамайды деп, жібермей ара түсіп, дау-жанжал көтерілді. Абырой болғанда, әкем басқарма болып тұрғанда қарамағында істеген Елубай деген кісі мені өзінің трактор бригада­сына алып қалып, құтқарғаны бар.

 «Халық жауы» деп күн бермеді. Қазақтар жақын араласудан да қорқатын еді.

 

Бостандыққа шыққанмен, елге жібермеді

 

Әкем 1951 жылы бостандыққа шықты. Бірақ елге жібермеді. Таймыр округінде жер аударылған болып есепке алынған. Айына екі рет НКВД-ның жергілікті өкілдігіне барып белгіленіп, қол қойып тұрады. Талап қатаң. Арнайы тәртіп бар. Тұрып жатқан Норильскіден 100 шақырымнан әрі ұзап шығуға болмайды. Қолдарында НКВД бөлімшесінің берген бір жапырақ қағазынан басқа ешбір құжат жоқ. Оны тұтқындар «конский паспорт» дейді. Анықтама қағазы. Әкем 1951 жылы сәуір айында, Сейтқали-Секең, 18 тамызда босап шығады. Әкемді жергілікті милиция бірден теміржол бойындағы қар тоқтату жұмысына орналастырады. Түрмеден шыққан Секеңе НКВД бөлімшесі белгілеп, қол қойғызады да, «Енді қайда барсаң онда бар, тек осы Норилскіден ешқайда кетпесең болды» деп, жер аударылушының тәртібін түсіндіріп, еркіне қоя береді.

31 (2)

Содан қайда барарын білмей, көшеде сенделіп келе жатса, артынан біреу «Сергей» деп айқайлайды. «Қарасам, танымайтын бір орыс тұр. Бірақ ол мені таныпты. Еңбекпен түзеу лагерінде бірге  болыппыз. Ұлты поляк екен. Милиция бөлімшесіне белгіленіп, қол  қойып кетуге келе жатқан беті
екен». Жөн сұрасып болғаннан  кейін, үйіне апарып, тамақтандырады. Тіпті бостандыққа шыққаның үшін деп, бір қырлы стақан арақ та құяды. «Соны ішкеннен кейін бойым босап қалғып кетіппін» - дейді Секең. Содан ертеңіне бір-ақ ояндым. Ертесіне танысым сол жердегі жер аударылғандар тұратын бараққа алып келді. 7-8 баракта кілең қазақ, өзбек, қырғыз азаматтары тұрады екен. Бәрі де елдеріне қайта алмай жүрген азаматтар екен. Тіршілік үшін еңбек ету керек. Мені қай жұмысқа саларларын білмей, өзара көп  ақылдасты. «Өте арықсың. Заводта жасай алмайсың. Торговляға барып көр» - деп кеңес берді, дейді Секең. Есепші керек деген хабарламаны естіп, «Норилскторг» сауда мекемесіне барып жолығады. Олар білімін тексеріп көрейін деп тапсырма берсе, «Ғажап емес пе?!» қарапайым есепті шығара алмайды. Осы кезде бұрыштағы столда отырған бухгалтер шал орнынан көтеріліп, «Балам, қайда болып едің» деп сұрайды. «Горлагта» болғанын айтады. «Онда түсінікті» - дейді шал - бұл жігіттің зердесі байланған. Әзірше жеңілдеу жұмыс тауып берейік» дейді. Кейін айтқандайын, Сейтқалидың зердесі қайта оянып, кассир, дүкен меңгерушісі, сауда базасының бастығы дәрежесіне дейін қызметтер атқарды ғой.

«Бостандыққа шықты» деген аты болмаса, құқықтары шектеліп, Норильскіге жіпсіз байланған барша саяси тұтқындар сияқты туған жерге, отбасына табыса алмайтынын түсінген әкем, туған інісіндей, баласындай болып кеткен Секеңмен ақылдасып, елден отбасын шақыртпақ болып бел байлайды. Бақылаушы органнан отбасына шақырту қағазын жаздырып алып, теміржол бекетіне барып, бізге хатпен салып жібереді. Хатқа қоса 2500 сом ақша аударады. Хатында «Жазда осында келіңдер, егер келмесеңдер бір-бірімізді мүлде көре алмаймыз. Өйткені біздің елге баруымызға рұқсат жоқ» дегенді айтыпты. Жылап-еңіреп, амал жоқ ит арқасы қиянға, жер түкпіріне баруға тәуекелге бел байладық.

Итжеккенге сапар

 

Сонымен, не басыңды ауыртайын, 1952 жылы 11 маусымда, жолға шықтық. Жағдайымыз мәз емес. Басы артық киім де, азық та жоқ. Аш-жалаңашпыз. Аздап қоректік талқанымыз ғана бар. Соны күніге қасықтап жеп қорек кетеміз. Шығуын шығып қалғанмен, жолымыз ауыр болды. Өскеменге жете алмай, параходтан түсуімізге тура келді. Жолшыбай үлкен су электр стансасының құрылысы салынып жатыр екен. Сол жерге келгенде, пароход тоқтап, ары қарай автобуспен барасыздар деп кеңес берді. Кішкентай автобуссымақ екен. Жолаушылар анағұрлым көп. Арпалысып, жағаласып, таласып-тармасып мінгендер ғана әрі қарай кетеді. Біз момақан ауыл адамдарымыз. Бірнеше автобустан қалып қойғасын, әрі қарай сапарды жалғастыруға батылымыз бармай, қорқып кейін қайттық. Әкеме жете алмай, кейін қайтып бара жатқанымызды айтып, хат жаздық.

Қайтуын қайтқанмен ауылға бармай, Қызылжарға аялдап, шешем
екеуміз сондағы өзен портына жұмысқа тұрдық. Жұмысымыз баржаға астық тиеу. Сосын баржамен портқа не әкелінсе, соны түсіреміз. Бір аптадай жұмыс
жасағанда, шешем екеумізге әрқайсымызға 3 килограмнан 6 килограмм бидай берді. Бір аптадан кейін порттағы жұмысшы қызкеліншектерді Өскеменге астық сақтайтын қойма «Заготзерно» салуға жұмсады. Көптің ішінде мен де кеттім. 20 күндей жұмыс жасадық. Жұмыс аяқталғасын қайтарда еңбегімізге әжептәуір ақша берді.  Қанша екенін білмеймін, әйтеуір маған көп болып көрінді. Сол ақшаға төңірегімдегілердің бірқатарына көйлектік мата, ініме шалбар мен көйлек, ыдыс-аяқ, шешем мен сіңліме аяқ киім алып үйге оралдым. Келсем, әкемнен қыруар хат келіпті. Хатта семьяны бастап алып келе алмағаныма реніш білдіріп, үйдің үлкені және бас көтергені деп маған ұрыса беріпті. Шешем жолға қайта шығуға бекініп отыр екен. Сөйтіп, елдегілермен қоштасып, екінші рет жолға шықтық. Бұл жолы сапарымыз оңғарылғандай болды. Өскеменге тез жетіп, пойызбен Красноярскіге де кідіріссіз барып қалдық. Бірақ Красноярскіде 16 күн аялдап қалдық. Өйткені Норильскіден жазғы пионер лагеріне демалуға келген балалар пароходпен қайтып жатқан уақытқа тап келіппіз. Балалармен бірге біз сияқты бейсауат жолаушыларды алмайды. Күн санап азығымыз да таусылып, аш-жалаңаш жатқан жағдайымызды айтып, жылап-еңіреп порт басшылығына барамыз. Бастық жолаушыларға рұқсат болғанда бірінші шыққан параходқа іліктіремін деп жұбатып шығарып салады. Сонымен бір күні кеште порт бастығы жанымызға өзі келіп, «Дайындала беріңіздер, ертең отырғызамын. Тек 3 кластық орын» деді. Төзіміміз таусылып, әрең отырған біздер қуанып кеттік. «Мейлі, пароходтың қанатына іліксек те разымыз!»
дедік. Тәңір жарылқағыр, порт бастығы бір қайырқомды адам екен. Біздің мүшкіл халімізді біліп, барынша қолұшын созып, өз қолымен кассаға жетектеп апарып, қосымша төлемсіз өз қақына билет алып бергізді. Бар ақшамызды соңғы тиын-тебеніне дейін сарқып билетке беріп, «Каганович» пароходына отырып, «Игарки» деген портқа бағыт алдық. Туристік  пароход әр жерде тоқтайды. Жолшыбай Лениннің, Сталиннің айдауда болған жерлерін, музейлерді көріп, естелік кітабына қолтаңба қалдырып, тым тәуір жақсы келе жатқанбыз. «Игаркаға» жеткенде әрі қарай сапарды жалғастыру үшін тағы билет алу керектігі тағы қинады. Абырой болғанда, ауылдан алып шыққан жүніміз бар
еді. Сол пайдаға асты. Сатып, төрт толық билетке қол жеткіздік те, енді «Каганович» пароходынан «Киров» пароходына ауысып отырдық.

Мұндағы жағдайымыз жаман болған жоқ. Астыңғы каютадан бір бөлме берді. Төсек -орны болмаса да, дербес бөлме болғасын жатып демалуға, ұйықтауға болады. Қасымызға бір баласы бар орыс әйелін қосты.

(Жалғасы бар)

Тақырыпқа тұздық:

 (осы кезде Батыс Қазақстандағы Жалпақтал ауылында да
14 жігіт «халық жауы» атанғанын еске сала кетейік. Өскеменде де он төрт. Өйткені
1934 жылдан бастап Айрықша кеңес жасақталып, жаңадан кеңестік жазалау
машинасы іске қосылғаннан кейін Сталиннің нұсқауымен сол кездегі қылмыстық
іс жүргізу заңнамаларына өзгерістер енгізіліп, соған сәйкесті әр аймақтан жоспарлы түрде жазалау шарасы қолға алынды. Мақсат – халықты үрейде ұстау еді. Сөйтіп, қай облыстан, қай қаладан немесе автономды республикадан қанша «халық жауын» тауып, қаншасын ату, қаншасын түрмеге отырғызу жөніндегі тапсырма (статистика) жоғарғы жақтан түсіп, орындала бастады. Оған әуелгі кезекте өзіндік дербес көзқарасы бар жеке тұлғалар, саяси қайраткерлер, әскери басшылар, ұлттық мемлекеттік құрылысты ұйымдастырушылар мен зиялы қауым өкілдері шарпылды.

Әрине, тегіс жерден апат тудырып, жар астынан жау табу оңайға соққан жоқ. Сол себепті кез келген ілік азаматтарды қудалау құралына айналды. Кейбір алаштану­шылардың пікірінше, әсіресе, тегеурінді зияткерлік қуаты бар қоғамның тұтастай буындары зиянды қоғамдық элементтер ретінде құрытылып жіберілді. Оның ішінде қазақтың саяси элитасының алғашқы толқыны, белгілі дәрежеде ұлттық мәдениеттің ұйытқысы болған дәстүрлі дін уағыздаушылары, ишан, имам және молдалар, шығармашылық интеллигенцияның озық бөлігі, экономикалық белсенді топ болып саналған, ат төбеліндей ауқаттылар (байлар), бүгінгі тілмен айтқанда сол кездегі қазақ бизнесмендері биліктің күшімен жойылды. А.Ш.).

Естелік хатты баспаға дайындаған

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Амангелді Шахин

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале