Кеше 23 жасқа дейінгі палуандар арасындағы бәсекеде Ихсар (55 келі) Украина мен Армения спортшысынан мықты екенін дәлелдеген. Ал жартылай финалда түркиялық Адем Бурак Ұзынды жеңді.
Ихсар бірнеше ай бұрын Йордания астанасы Амманда өткен 20 жасқа дейінгі палуандар арасындағы әлем чемпионатында алтыннан алқа таққан. Ол - грек-рим күресінен бір жылда екі жас санатындағы әлем чемпионатының ақтық сынына жеткен тұңғыш қазақ палуаны.
Тирана қаласында Ұлттық құрама 1 алтын, 2 күміс және 2 қола жүлдемен жалпы есепте 7-орын алды. Мұнда Ресей мен Беларусьтың біріккен командасын қоспағанда барлығы 22 мемлекетке медаль бұйырды.
Алтынды грек-рим күресінен Сұлтан Әсетұлы (67 келі) алып келсе, Асылжан Есенгелді (61 келі), еркін күрес) мен Ихсар финалда сүрінді. Ал Алтын Шағаева (53 келі) мен Ирина Кузнецова (62 келі) қолаға қол жеткізген.
Былтыр Испанияның Понтаведра қаласындағы әлем чемпионатында Қазақстан 1 күміс, 3 қоланың арқасында 16-сатыға тұрақтаған.