21.05.2024, 15:00
Оқылды: 43

«Ізденісімді тоқтатқан емеспін»

21 мамыр  –  Мәдениет және өнер қызметкерлері күні

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басудың бір тетігі – мәдениет қызметкерлерін қолдау. Елдің рухани кемелденуі мәдениеттің қарқынды дамуымен ұштасып жатыр. Еліміздің атын шығаратын да мәдениет пен өнер» деген болатын.

WhatsApp Image 2024-05-20 at 8.50.28 AM

Ақ Жайық өңірінде қызығы мен шыжығы, қуанышы мен сүйініші, күйініші қатар жүретін осынау салада ұзақ жылдар бойы абыройлы қызмет етіп жүрген майталмандар аз емес. Солардың бірі – Гүлзия Әскерқызы Ахметова.

 Ол 1977 жылы Сырым ауданындағы Бұлдырты ауылында, қарапайым шаруаның отбасында дүниеге келген. Әкесі Әскер Ахметов Жосалы, Бұлдырты ауылдарында өмір бойы зоотехник болса, анасы Меруерт Ахметова кітапханашы және мәдени ұйымдастырушы қызметіне жарты ғасыр ғұмырын арнаған.

– Анам жастайымнан ән мен күйге қызығушылығымды оятып, өнер жолына баулыды. 7-сыныпта оқып жүргенімде «Өскенде кім боласың?» деген тақырыпта шығарма жазғанымды, «Музыка пәнінің мұғалімі боламын» дегенім әлі есімде. Орта мектепті бітірген соң өнер жолын таңдап, Орал қаласындағы Құрманғазы атындағы саз колледжінде хор дирижері мамандығы бойынша орта-кәсіби білім алдым. Кейін М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің мәдениет және өнер факультетін тәмамдадым, – дейді Гүлзия Әскерқызы.

Ол 2004 жылы облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына жұмысқа тұрады. Осы жылдар туралы әңгімелескенде кейіпкеріміз еңбек майданында бірге қайнаған сол кездегі мәдениет басқармасының басшысы Айдар Батырханов, бөлім басшысы Рысқаным Қазиханова, Набира Саинова мен Сәбит Ақбаев сынды іскерлігімен қоса, адамгершілік қасиеттермен есінде қалған тұлғаларды құрмет тұтатынын атап өтті. Айтуынша, осы азаматтарға қарап бой түзеп, олардан үйренері көп болған.

Гүлзия Ахметова 2005 жылдан бастап күні бүгінге дейін облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасында бас маман қызметін атқарып келеді. Зымырап жатқан уақыт, содан бері талай жылдар жылжыпты. Қызмет барысында облыстық, республикалық, халықаралық шаралардың басы-қасынан табылып, төңірегіне өзінің ұйымдастырушылық қабілетімен таныла білді. Ол 2018 жылы Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, ақпарат және туризм қызметкерлері кәсіптік одағы қоғамдық бірлестігінің Құрмет грамотасымен, 2019 жылы «Еңбек даңқы», 2021 жылы «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгілерімен марапатталды. Ақын Қадыр Мырза Әлидің 85 жылдығына орай өткен мәдени-көпшілік шараларды ұйымдастыруға қосқан үлесі үшін оған «Қадыр Мырза Әли» төсбелгісі табысталған. ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің, әр жылдары Батыс Қазақстан облысы әкімінің алғысхаттарымен  марапатталды.

– Кез келген ұлтты өзгеден ерекшелеп тұратын мәдениетін танытуда сала қызметінің жүгі қашанда ауыр. Сол себепті қызметіме асқан жауапкершілікпен қарап, ізденісімді тоқтатқан емеспін. Қазір мен облыстағы мәдени-демалыс және мәдениет орталықтарының жұмысын үйлестірумен айналысамын. «Атамекен», Қадыр Мырза Әли атындағы және халық шығармашылығы орталықтарындағы мәдениет ошақтарына әдістемелік көмек беру, әуесқой өнер ұжымдарының шығармашылық шеберліктерін ұштау, облыстық байқаулар мен мерекелік шараларды ұйымдастыру бағытындағы жұмыстарды жүргіземін. Отбасымда Гүлназ есімді қызым өсіп келеді. Ол да түрлі мәдени шараларда белсенділік танытып, облыстық, республикалық, халықаралық байқауларға қатысып, жолымды жалғап келеді. Мен оған қуанамын. Қазіргі таңда Қазақ ұлттық өнер университетінде эстрадалық ән салу мамандығы бойынша білім алуда. Болашақта қызым да ел мәдениетінің өркендеуіне мол үлес қосады деп сенемін, – дейді Гүлзия Әскерқызы.

Аружан Болатбекқызы,

«Орал өңірі»

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале