Мемлекеттік қызметтің миссиясы – халыққа адал қызмет ету және еліміздің ұлттық мүддесін тиімді қорғай білу. Мемлекеттік қызметші болу – үлкен абырой, бірақ кәсіби тәжірибемен қатар жоғары адамгершілік қасиеттерге ие болу да өте маңызды. Адамгершілік – адам бойындағы әдептілік, ол – ізгілік, адалдық ұғымдарымен егіз.
Сурет: istockphoto.com
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың Түркістан қаласында өткен «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында: «Отаншылдық, адамгершілік, білімпаздық, нағыз маман болу, үнемшілдік, еңбекқорлық, ел мен жерге жанашырлық сияқты асыл қасиеттер бәрінен биік тұруға тиіс. Осындай ізгі қасиеттің бәрін бойына сіңірген жанды Адал азамат деген бірауыз сөзбен сипаттауға болады.
Шын мәнінде, біз айтып жүрген Әділетті Қазақстанды Адал азаматтар құрады. Бұл – бір-бірімен өте тығыз байланысты ұғымдар. Отанға, отбасына адалдық – парасаттылық пен адамгершіліктің белгісі. Адал еңбек етіп, адал табыс тапқан адам жетістікке жетеді, құрметке ие болады. Ұлы Абай «Адал еңбекпен мал іздемек – арлы адамның ісі» деген. Ал арлы адам әділетсіздік жасамайды. Әр салада адалдық басты орында тұрса, әділ қоғам орнайды. Жемқорлыққа жол берілмейді, ел мүддесіне сай шешім қабылданады. Бір сөзбен айтсақ, қоғамдағы ізгіліктің бәрі адалдықтан бастау алады. Ендеше, «Әділетті Қазақстан» және «Адал азамат» ұғымдары ел тірегі болатын егіз құндылық ретінде әрдайым қатар тұруға тиіс» деп атап өткен болатын.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылғы 17 шілдедегі №602 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметін дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында ел мүддесіне адалдық, оның алдындағы борышын сезіну сияқты мызғымас құндылықтар мемлекеттік қызметті атқару ерекшеліктерімен және «Адал азамат» идеалдарымен тығыз байланысты екендігі көрсетілген. Тұжырымдама «Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» деген іргелі қағида негізге алынып жасалған.
Мемлекеттік қызметті дамыту мынадай қағидаттарға негізделетін болады:
– ашықтық және айқындық: барлық жұмысқа алу және ілгерілету рәсімдері мүмкіндігінше ашық және көпшілікке түсінікті болады;
– меритократия: мемлекеттік қызметке іріктеу және қызметі бойынша ілгерілету сіңірген еңбегіне, құзыретіне және кәсіби дағдыларына негізделеді;
– икемділік: мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретін жаңа икемді тәсілдерді, инновациялар мен технологияларды енгізу;
– үздіксіз оқыту: мемлекеттік қызметшілердің білік-тілігі мен жұмыс тиімділігін арттыру үшін оларды кәсіби дамыту;
– клиентке бағдарлану: озық жұмыс істеу, түпкілікті нәтижеге бағдарлану және қолжетімділікті қамтамасыз ету;
– прагматизм: практикалық пайда мен тиімділікке қол жеткізу үшін әртүрлі құралдарды қолданудың басымдығы;
– жауапкершілік және есептілік: азаматтар мен мемлекет алдында қабылданған шешімдері мен іс-әрекеттері үшін мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін күшейту. Жұмыста жоғары әдеп стандарттарын сақтау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді іс-қимыл.
«Адал азамат» идеясын жүзеге асыру шеңберінде мемлекеттік қызметшілер арасында патриотизм мен кәсібилік идеалдарын насихаттауға бағытталған 2025-2027 жылдарға арналған жол картасы бекітілді.
Жол картасының мақсаты – «Адал азамат» идеалдарына сәйкес мемлекеттік қызметшілерді саналы түрде трансформациялауды қамтамасыз ету, сондай-ақ қазіргі қазақстандық мемлекеттік қызметшінің адамгершілік-әдептілік бейнесін құрайтын құндылықтар жүйесін ілгерілету.
«Мемлекеттік қызметшінің күнделікті өмірі кәсіби қызметпен тығыз байланысты. Мәдениет, білім, тәрбие деңгейі адамның іс-әрекетінде көрінетін ішкі рухани әлемін бейнелейді. Бұл тұста зұлымдық пен әділетсіздікке жол бермейтін ар-ождан – ішкі бақылаушы ретінде ерекше орын алады.
Ардан аттамау, әдеп қағидаларын бұлжытпай орындау, жоғары жауапкершілікті сезіну мемлекеттік қызметшіге тән негізгі қасиеттер болуы керек» деп ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Д. Жазықбай атап өткендей, мемлекеттік қызметші өзі қабылдайтын шешімдердің заңдылығын, әділдігін және ашықтығын қамтамасыз етеді, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзуға жол бермеуі тиіс. Өйткені қоғам азаматқа мемлекеттік қызметші мәртебесін бере отырып, оған жүктелген міндеттердің сапалы орындалуын, мемлекеттің функциялары мен міндеттерінің тиімді іске асырылуын күтеді.
ҚР Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №153 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексі (бұдан әрі – Әдеп кодексі) мемлекеттік қызметшілерді өз қызметінде мемлекеттік саясатты ұстануға және оны дәйекті түрде іске асыруға, қоғамның мемлекеттік қызметке, мемлекет пен оның институттарына деген сенімін сақтауға және нығайтуға ұмтылуына міндеттейді.
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Қазақстан Республикасының заңының талаптарына сәйкес барлық мемлекеттік қызметшілер Әдеп кодексінде көзделген мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп стандарттарын сақтауға міндетті.
Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебі мынадай қағидаттарға негізделеді:
1) адал ниеттілік – қоғам игілігі үшін мемлекетке кәсіби және жауапты қызмет ету;
2) адалдық – өз міндеттеріне шынайы көзқарас;
3) әділдік – жеке және заңды тұлғалардың, қоғамдық топтар мен ұйымдардың ықпалына қарамастан заңды шешім қабылдау және кез келген мән-жайлар бойынша біржақтылық пен субъективтілік себебінен адамдарды кемсітуге жол бермеу;
4) ашықтық – жұртшылықпен жұмыс істеуге дайын екенін көрсету және өз іс-қимылының ашықтығын қамтамасыз ету;
5) сыпайылық – азаматтар мен әріптестерге дұрыс және құрметпен қарау;
6) клиентке бағдарлану – мемлекеттік қызметтерді тұтынушы ретінде халықтың сұраныстарына толықтай бағдарлай отырып, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру.
Этикалық қағидаттар халықтың мемлекеттік институттарға және іске асырылып жатқан мемлекеттік саясатқа деген сенімінің жалпы деңгейін қолдаудың негізі болып табылады.
Қазіргі қазақстандық қоғам мемлекеттік қызметшілерден мемлекеттік және қоғамдық мүдделерге әділ және адал қызмет етуді, өз күш-жігерін, білімі мен тәжірибесін елдің игілігі мен өркендеуі жолында жұмсауын күтеді.
Мемлекеттік қызметшінің жеке дамуы жалпы қоғамдағы өзгерістердің бастауы болуы мүмкін. Оның тұлғасы қоғамға үлгі болуы керек. Ол үшін әрбір мемлекеттік қызметші жағымды адамгершілік және кәсіби қасиеттерін дамытуы және бұл жұмыстың нәтижелері оның күнделікті қызметінде көрінуі тиіс.
Ата-бабаларымыз адалдықты, ар-абыройды баға жетпес құндылыққа балаған. «Пайда ойлама, ар ойла», «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрсемен озады. Одан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі де ақымақшылық...» деп ұлы Абай атамыз айтып кеткендей, адам үшін ар-ұждан бәрінен қымбат, бәрінен биік.
Айман Хайруллина,
Батыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі