27.08.2021, 10:39
Оқылды: 43

Ізгілік ұялаған жанұя

Әйел – үйдегі ырысың,

Ұл – айбарлы қылышың.

Қыз – түздегі өрісің,

Келін – кеңейген тынысың.

Қиямет көрсең де ғұмырдан

Табаның таймасын тұғырдан, – деп Ескелді би айтпақшы, Нағым ағамыздың жары Гүлнәр да, ұл-қыздары да ел аузында жақсы аты жүрген жандар.

Нагим-1

Гүлнәр апамыз да  – осы ауылдың тумасы. Ол да арман қуып, Алатауға барған. Апамыз сөзге жоқ. «Мені қайтесің, ағаңды жазсаң, болды ғой», – деп бас тартып бақты. «Қарапайым, қара жұмыс жасадық. Сатушы да болдым, хатшы да болдым. Мақтанарлық ештеңе жоқ», – дейді. Апайым сыпайы болуға тырысып, сөзден қашса да, суыртпақтап отырып, үлкен жүрек, кереметтей сабырдың иесі екенін білдім. Отыз жеті жылдай енесімен тұрып, ақ жауып, арулап көміпті. «Ой, айтады екенсің, кім олай етпей жатыр?» – дерсіз. Жөн-ақ, апайымыз екінің бірі қолынан келмейтін ерлік жасапты. Бір емес, екі бірдей сәбиін абысынының бауырына салып беріпті. Негізі баласын басқаның бауырына салып беру нақ осы отбасында бұған дейін де болыпты. Ең үлкендері Құрмантай нағашысының қолында өсті. Бүгінде Нағым аға да, інісі Меңдібай аға да осы дәстүрді қатаң сақтап, әке ісін жалғастырыпты.

– Иә, балаларымызды шешейіміздің (үлкен абысынының) бауырына салып бердік. Бізден артық қарамаса, кем қарамады. Бар тілектері балалардың үстінде еді. Тіпті балалар мектепке барды деп, жоғары оқу орнына түсті деп осылар үшін қоныс аударып та отырды. Бүгінде ағайымыз да, шешейіміз де о дүниелік боп кетті, бірақ рухтары тірі ғой. Еміреніп, «менікі» дей алмаймыз. Ағайымыз Қуаныш бұрынғының ақсақалдарындай шежірешіл, қазына кеуде қария еді. Абысынымыз Зоя орыс жерінің қызы еді. Еркін, ерке, би болған адам. «Сәбилеріңді бізге берсең қайтеді?» – деп сұрап, қабағымызға да қарамайтын. Алғысы келсе, «Киім-кешегін жинастырып бере ғой», – дейді. Қарсы шықпаймыз. Балам шақалақ кезінде балаға қоса мені де уақытша үйлеріне сұрап әкеткен еді. Біздің сол кездегі көнбістігіміз қазіргілер үшін құқықбұзушылық, надандық шығар. Енеммен қырық жылға жуық уақыт тұрдым. Енем мінезді адам еді. «Келіннің ты – келін» деген бір-ақ ауыз сөзімен тәртіпте ұстады. Мен табалдырықтан аттасымен үйдің бар тірлігін маған тапсырды. Араласқан да, мін де таққан жоқ. Шаруаға пысық жан еді. Қарттыққа бой алдырғанша малға шығатын, түйе сауатын. Кетер кеткенше тікесінен отырып, газет біткенді көзілдіріксіз оқитын еді. Бізге ондай болу қайда? – деп қояды Гүлнәр апамыз.

– Баламызды ағайынның бауырына салып бергеннен жамандық көргеніміз жоқ. Бауырмалдық, жанашырлықпен өз құрсағынан шыққан баланы өтеусіз, төлемсіз беретін бұл ғұрып қазаққа ғана тән ерекшелік, туыстық рухани қамқорлықтың үлгісі ғой. Бұл ғұрып ағайынның арасы алшақтамауына бірден- бір себеп деп ойлаймын. Бүгінде әрқайсысымыз бөлек тұрғанымызбен қазанымыз бір, түбіміз бір әулетпіз, – дейді берекелі шаңырақтың отанасы.

Тәжімұратовтар отбасы туралы тағы да сол  Гүлбаршыннан асырып ештеңе айта алмасымыз анық.

– Шын мәнінде ізгілік ұялаған, жарасымды отбасы. Ағай қандай қайырымды болса, Гүлнәр апай да – мейірімді, көпшіл жан. Балалары ұясынан көргенін өмірлік бағыт қып алған, еңбекқор, кішіпейіл. Ағай, балалары аудан, не қалаға баратын болса, көлікке отырған адамнан ақы алмайды. Ауылдың үлкен-кішісін өздеріне бауыр санайды. Сол әулеттің келіндері де сондай ізетті жандар, бір үйдің қыздары сияқты тату. Тәуліктің қай уағында барсаң да, ашық қабақ, жарқын жүзбен, жаюлы дастарқанда қарсы алады. Ол үйге машинасы сынған жүргізуші, жолаушылар сияқты құдайы қонақтар, әкім, өнерпаздар ғана емес, тіпті ғарышкерге дейін түсетін құтты шаңырақ, – дейді ол өз сөзінде.

Мақтаулы шаңыраққа біздің де жолымыз түсті. Сырт көзге сұсты көрінетін Нағым ағамыздың осал тұсы да осы немере екен. «Немерелер дүниеге келгелі отағасы адам танымастай өзгерді», – деп еді Гүлнәр апамыз да. Біреуі мойнына асылып, енді бірі арқасына артылып, еркелеп-ақ жатыр.

Біз болған санаулы уақытта Гүлнәр апамыз тәтті, дәмдісін аузымызға тосып, шайын да берді, иісін аңқытып, асын да бер-ді. Құдды бір құдасын күткендей дастарқаны дайын тұр екен.  Сән салтанаты келіскен шаңырақтан барлық, байлықтың емес, қазақылықтың, мейірбандықтың иісі есіп тұр.

Ауылға үлгі болатын, жас отаулар бұған қарап бой түзейтін үлкен үйдің тірлігі осындай болуы заңды да.

 

Ұлпан Әнуарқызы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале