Жексенбі күні кешке израильдік БАҚ қанды қақтығыстардың екінші күні Палестина исламдық қарсыласу қозғалысының (ХАМАС) Израильге бұрын-соңды болмаған және тосын шабуылынан қаза тапқандар санының 700-ге жеткенін хабарлады. Сонымен қатар, Газа секторында да жүздеген адам қаза тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат бұл туралы Синьхуа агенттігіне сілтеме жасап.
Фото: TPS
Израильдің мемлекеттік телеарнасы үкімет шенеуніктеріне сілтеме жасап, ХАМАС-тың бөліну тосқауылын бұзып өтіп, жақын маңдағы елді мекендерге жасаған бірлескен шабуылынан кемінде 700 адам қаза тапқанын хабарлады. Сонымен бірге Газадан Израильдің оңтүстік және орталық аймақтарына 3 мыңға жуық зымыран атылған.
Жексенбі күні кешке Израильдің Денсаулық сақтау министрлігі Израиль ауруханаларындағы жараланғандар санын жаңартты, кемінде 2243 адамның жараланғанын, оның 22-сі ауыр халде екенін хабарлады.
Еврей мемлекетінің әскері жағдайды әлі толық бақылауда ұстамаған Израильдің оңтүстігінде ХАМАС содырлары Газа маңындағы бірнеше елді мекенде израильдік сарбаздармен оқ алмасуды жалғастыруда.
Израиль қорғаныс күштерінің логистикалық қолбасшылығы оңтүстік аймақтардың тұрғындарын үйден шықпауға шақырды.
Осы уақытта Газадағы Палестина Денсаулық сақтау министрлігі таратқан мәлімдемеге қарағанда, Израильдің Газадағы әуе шабуылдары кем дегенде 370 палестиналықты өлтіріп, тағы 2200-ді жаралаған.