БАҚ қызметкерлері күні мерекесі қарсаңыда "Жайық Пресс" ЖШС журналистер арасында шағын футболдан "Jaiyq press cup" турнирін ұйымдастырды.
Қалам мен диктофонын, камера мен микрофонын бір сәтке жасыл алаң мен теңбіл допқа ауыстырған журналистер тартысқа толы ойын көрсетті.
Жарыс журналистер арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтып, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында ұйымдастырылды. Оған жергілікті БАҚ саласының қызметкерлері мен мемлекеттік мекеме және оралдық заңгерлерден құралған алты команда қатысты.
Теңбіл доп бәсекесінің ашылу салтанатында облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Гүлжанар Шөкеева командаларға сәттілік тіледі.
- Тішілермен тығыз жұмыс жасаймыз. Жылына бір келетін кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын. Өңір журналистері спорттан кенде емес. Бабы мен бағы қатар шапқан шын мықты жеңіске жетсін, - деді Гүлжанар Шөкеева.
Одан соң "Жайық Пресс" ЖШС-нің бас директоры Дархан Оразов пен ҚР құрметті журналисті, "Ерен еңбегі үшін" медалінің иегері, "Орал өңірі" газетінің тілшісі Есенжол Қыстаубаев сөз алып, жарыс қатысушыларына сәттілік тіледі.
Тартысқа толы болған ойын қорытындысында үшінші орын "ТүгелLive" youtube арнасының командасына, екінші орын "ЖайықПресс" ЖШС-нің командасына бұйырса, "ТДК-42" телеарнасының командасы жарыс жеңімпазы атанды.
Одан бөлек турнир барысында тамаша өнер көрсеткен "Жайық Пресс" ойыншысы Арман Мұқатаев "Үздік қақпашы", "Ақжайық" телеарнасының намысын қорғаған Әділбек Исаков "Үздік шабуылшы" атанса, "ТДК-42" командасын алға сүйреген Ельданис Оджиев турнирдің "Үздік ойыншысы" атанды.
Барлық жүлдегерлер мен жеңімпаздар және аталым иелеріне естедік сыйлықтар мен диплом, медальдар табысталды.
Түгелбай Бисен,
zhaikpress.kz