Massaget.kz тілшісінің мәлімдеуінше, Астанада үшем дүниеге келген. Сәбидің үшеуі де – ұл. Астана қаласының №2 көпбейінді қалалық ауруханасында жарық дүниеге көрінген сәбилерге Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай есімдері берілген.
Сурет: istockphoto
Бірінің салмағы – 1 350, екіншісі – 1 370, ал үшіншісі – 1 270 грамм. Сәбилердің аман-есен өмірге келуін күні-түні тілеп, дұға оқыған үшемнің атасы Жамбыл Иманалиев қатты қуанып, төбесі көкке екі елі жетпей тұрғанын жеткізген.
Дәрігерлердің дерегі бойынша, бұл – монохорионды триамниотикалық үшем. Ол 200 миллион жүктілікте бір рет кездеседі. Ал бүлдіршіндердің есімін әкесі қойған. Балаларына батырлардың есімін қою оның арманы екен.
Солайша Еуропаға еліктемей, қазақша есім қоюға шешім қабылдаған. Бұл – олардың отбасында қалыптасқан үрдіс. Себебі, Жамбыл Иманалиевтің алғашқы немересінің есімі Абылайхан көрінеді.
Мәрлен Ғилымхан
zhaikpress.kz