17.09.2024, 12:15
Оқылды: 154

«Қабілетті жастарға сапалы білім беру қажет» – Нәсіпқали Дәулетов

DF94B1DC-A95B-4DC9-9583-1B714A12B17E
Нәсіпқали Дәулетов

«Құрмет» орденінің иегері,

ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Ең үздік мектеп директоры» дипломының екі мәрте иегері, ҚР Құрметті азаматы байқауының жеңімпазы, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында саяси-экономикалық мәселелермен қатар, баса назар аударған  маңызды проблемалардың бірі – ағарту саласына, сапалы білім беруге ерекше орын берілген. Жолдауда «Халықаралық деңгейде бүгінгі заман талабына сай келетін оқу орындарын қолдауға, әрбір грант құны жастардың сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасауы тиіс» деп көрсетілген. Одан әрі «Өз кәсібін жетік меңгерген адамдар ұлт сапасын арттырады. Ұстаздар білімді ұрпақ тәрбиелеу арқылы еліміздің өркендеуіне жол ашады. Сондықтан педагогикалық жоғары оқу орындарына талапты, қабілетті жастарды қабылдауға баса мән беру керек. Бұл бағыттағы жұмыстардың беталысы жақсы, оны жалғастыру қажет» делінген.

Әлемдік білім берудің практикасында ерекше қабілетті, талантты балаларға сапалы білім берумен Еуропа елдерінде арнайы мамандандырылған мектептер айналысады, олар – ғасырлар бойы адамзатқа қызмет етіп, тәжірибе жинақтаған, теориялық жағынан да жүйеге келген оқу орындары. Біздің жағдайымызда, ел егемендігіне орай, өткен ғасырдың 90-жылдарынан бастап, ерекше қабілетті, дарынды балаларға сапалы білім беруде жаңа типті мектеп-лицей, гимназия, дарынды балаларға арналған мектептер құрылып, қарқынды жұмыс істей бастады. Олар талантты да қабілетті балаларды бөлектеп оқытып, сапалы білім беруде әжептәуір жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді.

Әсіресе, соның ішінде, қабілетті де дарынды балалардың әлемдік деңгейде сапалы білім алуын қамтамасыз еткен Батыс Қазақстан облыстық мамандандырылған дарынды балалар мектебі еді. Ширек ғасыр бойы, облыстық дарынды балалар мектебінде, мектептің мәртебесіне (статусына) сәйкес элитарлық білім беруде, оның үздік көрсеткішке жетуіне негіз болған, төмендегідей әлемдік инновациялық тәжірибелердің жүзеге асырылуы еді.

Ең алдымен, мектеп тыңнан, жоғары педагогикалық оқу орнының ғылыми-әдістемелік, материалдық негізінде құрылды. Институттың ректоры профессор Т. Рысбеков жоғары оқу орнының ғылыми-әдістемелік базасын оқушыларға студенттермен бірдей пайдалануға толық мүмкіндік жасады. Сонымен қатар сыныптарда оқушылардың қабілет-қызығушылықтарына қарай бірыңғай бейінді білім беруде жекелеген пәндер тереңдетіліп оқытылатын англо-саксондық және әр оқушының шығармашылық жеке қабілеттерін дамыту бағытындағы финляндиялық жүйе жүзеге асырылды.

Бұл бағыттар біздің жағдайымызда да өзінің ерекше тиімділігін көрсетті. Оқыту үрдісін әр оқушының қабілет-мүмкіншілігіне қарай жүргізу, бейінді білім беру моделін жүзеге асыруға қолайлы болып шықты. Мектепте бірден Франция, Германия, Қытай елдеріндегі таңдау және міндетті пәндерді жан-жақты меңгертуде, оқушылардың күрделі де көлемді теориялық тұрақты инновациялық сауатын дамытудағы лабораториялық-практикалық материалдарды қосарланған сабақ арқылы жүзеге асыру қолға алынды. Ол барған сайын әдістемелік жағынан жетілдіріліп, сапалы білім берудің басты факторына айналды; білім стандартын оқушылардың жүйелі, тұрақты меңгеріп отыруын қамтамасыз етуде жапондық білімді бақылаудың мониторингтік әдістеріне ерекше мән берілді.

Білімді бақылаудың біртұтас жапондық мониторингтік жүйесі оқушылардың білім алу, мұғалімдердің білім беру үрдісінің деңгейін күнделікті, тоқсандық, жылдық тұрақты бақылау арқылы әр оқушының білімді сапалы меңгеруін қамтамасыз еткен ең бір инновациялық тәсілдердің бірі болды. Осы негізде дарынды балаларға арналған мектептің түлектері қатарынан соңғы ондаған жыл бойы, жоғары оқу орындарына грантпен 100 пайыз қабылданып отырды. Жүз пайыз! Бұл – бұған дейін республикада болмаған көрсеткіш. 150-ден астам шәкіртіміз «Болашақ» бағдарламасы бойынша әлемнің ең таңдаулы университеттерінде, 20-дан астамы В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті жанындағы А. Колмогоров мектебінде білім алды.

Жолдауда талапты да қабілетті жастарға заманауи мектептерде сапалы білім берудің біздің жағдайымыздағы жұмыстардың «беталысы жақсы»  деп жоғары баға берілуі орынды. Оны жоғарыда айтылған бір ғана мектептің тәжірибесінен де нақты көруге болады. Бірақ бүгінгі таңдағы үлкен кемшілік, сол озық тәжірибелер өз дәрежесінде дами алмай отыр. Жолдауда қабілетті жастарға сапалы білім берудегі әлемдік озық тәжірибелерді өз дәрежесінде «жалғастыру қажет» деп  күн тәртібіне қойып отыр. Жолдау жас ұрпаққа сапалы білім берудің мемлекеттік деңгейде маңыздылығына ерекше мән беріп отырған аса құнды құжат деп айтуымызға толық негіз бар.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале