Санаулы күндерден кейін еліміз үшін айтулы күн 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күні. Жеңістің 76 жылдығы тәуелсіз Қазақстандағы бүгінгі бейбітшілік, бірлігі жарасқан татулығымыз бен баянды еңбегіміз халқымыздың зерделі тағылым салтанатын білдіреді. Ендігі мақсат – қиындықпен қол жеткізген дүниелерімізді сақтап, табыстау келер ұрпақ алдындағы парызымыз.
Соғыс жылдарында ауданымыздан майданға 3752 сарбаз аттанды. 1027 адам елге оралса, 2725 боздаққа туған елден топырағы бұйырмады.
Ортамызда қалған ардагерлерімізге деген құрметтің соншалықты ыстық болатыны да сол соғыстың кезінде-ақ басталған халықтық тілеуден өрбіген қасиет. Соғыс ардагерлеріне деген ерекше қамқорлықтың қоғам мен мемлекет тарапынан үздіксіз көрсетілуі соның дәлелі.
Бүгінде аға ұрпақтың лайықты мұрагері болу үшін халқымыздың Отан мүддесі жолында жасаған ерлік істерінің ұлылығын жете түсіндіре отыруымыз қажет. Жеңістің қасиетін, ата-бабаларымыздың ерлігін ешкім ешқашан ұмытпақ емес.
Біз Отан қорғау жолында жанын құрбан еткен боздақтардың қандыбалақ шайқастағы ерлігін, майдангерлер хаттарын көркем шығармалардан, соғыс туралы кинолардан көріп өстік. Болашақ өмір, ұрпақ үшін жанын қиған ата-бабаларымыздың ерліктері ғасырлар өтсе де, ұмытылмастай тарихта жазылды. Қан майданның төрінде жаумен жанын қия айқасқан батыр ағаларымыз бен апаларымыздың рухына бас ие мәңгілік тағзым етеміз. Мерекелеріңіз құтты болсын!
Құрметпен, Қаратөбе ауданының әкімі
Жанат Асантаев
Биылғы 9 мамыр – Жеңіс күнінің қарсаңында «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінен арамыздағы жеңімпаздардың өмір дерегін, қан майдандағы жанқиярлық ерлігі мен бейбіт күнгі жасампаз еңбегі жайлы оқи жүріңіздер. Газеттерімізге ардагерлер жайлы мақалалар мен құттықтаулар берулеріңізге болады.
zhaikpress