Құрметті батысқазақстандықтар!
Енді біразырақ күннен кейін Ұлы Жеңіс күнін 76-ншы рет қарсылаймыз. 1941-45 жылдардағы Ұлы Отан соғысында жеңіске жету біздің халыққа өте қымбатқа түсті. Осы күнге жету үшін қаншама адам жанын қиды, қаншама ата-ана ұлынан айырылды, қаншама әйел арқасүйер азаматынан айырылып, жесір, қаншама бала асқар таудай әкесінен айырылып, жетім қалды. Майдангер ақын Сырбай Мәуленов өзінің өлең-жырына өзек қылғандай, «Қаншама қайғы салды оқтар, Қанша үйде сөніп қалды оттар...» Міне, сондықтан да біз бұл Жеңісті ерекше қастерлейміз, ерекше қадірлейміз.
Фашистік Германия тұтқиылдан шабуыл жасағандықтан, соғыстың бастапқы кезеңінде Кеңестер одағының еуропалық бөлігін жау басып алып, күл-талқаны шығып қираған көптеген қала-селоның миллиондаған халқы КСРО-ның азиялық бөлігіне қоныс аударуға мәжбүр болды. Дер кезінде бас сауғалап үлгермеген қаншама бейбіт тұрғын соғыс құрбанына айналды. Соғыстың кесірінен барлық зауыт-фабрикалар мен колхоз-совхоздар қалыпты өндірістік тыныс-тіршілігінен жаңылып, тұтас елдің экономикасы тығырыққа тірелді. Ел басына осындай күн туғанда көп отандастарымыз қолына қару алып, ортақ Отанымызды жаудан азат ету үшін қан майданға аттанды. Осындай ұлы жорыққа аттанған 76 625 батысқазақстандықтың тең жартысына жуығы, яғни 36 548 жерлесіміз Ұлы Жеңіс жолында шейіт болды. Ал қиян-кескі шайқастарда жанқиярлықпен соғысып, елге Жеңіс туын желбіретіп оралған ерлерміздің өңірінде жауынгерлік орден-медальдар жарқырады. 40 батысқазақстандық Кеңес Одағының Батыры деген ең жоғары атаққа ие болса, алты жерлесіміз Жауынгерлік Даңқ орденінің толық иегері атанды. Ал соғыс кезінде 300-ден аса әуедегі әскери жорыққа қатысып, жаудың көптеген адам күші мен соғыс техникасын бомбалау арқылы жойған ержүрек ұшқыш Хиуаз Доспановаға 2004 жылы Қазақстан Республикасының ең жоғары марапаты – Халық Қаһарманы атағы берілді. Майданға Ақ Жайық атырабынан аттанып, бес жылға созылған сұрапыл соғыстан туған өлкемізге аман оралған 40 мыңнан астам жеңіс сарбазының күні бүгін арамызда 41-і ғана қалды... Бізге бүгінгі ашық аспан, бейбіт заман, жарқын өмірді сыйлаған аға ұрпақтың ерлігінің алдында біз мәңгілік бас иеміз!
Соғыс жылдары кең байтақ Қазақстан майданның алып тылына айналды. Қалада да, далада да «Бәрі де майдан үшін! Бәрі де Жеңіс үшін!» деген ұран бүкілхалықтық сипат алып, ортақ қағидаға айналды. Қариялар, әйелдер мен балалар уақытпен санаспай, жан аямай еңбек етіп, олар да Жеңісті жақындатуға жанкешті үлес қосты. Тыл ардагерлерінің де ерен еңбегіне мың тағзым!
Биылғы 9 мамыр – Жеңіс күнінің қарсаңында «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттері күні бүгін біздің арамыздағы жеңімпаздардың өмір дерегін, қан майдандағы жанқиярлық ерлігі мен бейбіт күнгі жасампаз еңбегін Жайық жұртының жадында жаңғыртпақ ниетте. Осы бастаманың өзі аға толқынның дәуірдің дауылынан, замананың сынынан сүрінбей өтіп, абыроймен атқарған тарихи міндет-миссиясына бір құрмет екендігі шүбәсіз. Жанқиярлық ерлік пен жанкешті еңбекті қадірлеп-қастерлеуге жетелейтін тың жобаға сәттілік тілеймін!
Ғ.Есқалиев,
Батыс Қазақстан облысының әкімі