3.09.2021, 10:04
Оқылды: 37

Кадр резервіне іріктеу

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына байланысты биылғы қыркүйек айынан бастап Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу жұмыстары басталады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО бойынша департаментінің басшысы, Әдеп  жөніндегі кеңес төрағасы Ғалым Тұрсынбаев әңгімеледі. 

кк

– Президенттік кадр резервін қалыптастырудың негізгі міндеті – еліміздің дамуы үшін өзгерістер енгізгісі келетін, қоғамдық мүдде-мұраттарды басшылыққа алатын жаңа сипаттағы көшбасшыларды   іздеу.  Осыған орай биылдан бастап Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу жүргізіліп, оның қорытындысы бойынша мемлекеттік сектор үшін 50 резервші іріктелмек. Мемлекет басшысының 2021 жылғы 18 мамырдағы №580 Жарлығымен белгіленген талаптарға сәйкес іріктеу жұмыстарына 35 жастан аспаған, жоғары білімі және кемінде 5 жыл жұмыс өтілі бар, сондай-ақ мемлекеттік тілді орташа деңгейден төмен емес деңгейде (В1) білетін Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады, – деді Ғалым Тұрсынбаев.

Спикердің айтуына қарағанда, кадр резервінде болу мерзімі 3 жылды құрайды. Резервшіні бос мемлекеттік лауазымға тағайындау құзыреттер жиынтығын ескере отырып, жастар кадр резерві жөніндегі ұлттық комиссияның ұсынымы бойынша конкурстан тыс тәртіппен жүзеге асырылады.  Алайда резервке қабылдану мемлекеттік лауазымға тағайындауға кепілдік бермейді.

Президенттік жастар кадр резервіне қабылданғысы келетін үміткерлер бірнеше жүйелі кезеңдерден өтеді. Соның ішінде:

1) күрделі сандық және мәтіндік ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау;

2) ситуациялық тапсырмаларды орындау;

3) құзыреттерді бағалау;

4) сарапшы комиссияда әңгімелесу;

5) ҚР Президентінің жанындағы Жастар кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссияның отырысы.

Көптеген кезең онлайн режімде өткізіледі.

Құжаттарды қабылдау биылғы жылдың 1 қыркүйегінен бастап арнайы әзірленген pkrezerv.gov.kz цифрлық платформада онлайн режімде жүргізіледі.

 

Гүлбаршын Дыбысқалиқызы,

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале