20.08.2021, 10:01
Оқылды: 21

Қадыр ақын Жосалыда немесе 55 жыл бұрынғы фотосуреттің сыры

1965 жылдың жазы еді. Жымпиты ауданының (Сырым ауданы) «Жосалы» совхозына ақпан айында әкем Ізмағамбет Ерғалиев жұмысшылар комитетінің төрағасы етіп жұмысқа жіберілуіне байланысты көшіп келгенбіз. Бұл менің Абдолла Жұмағалиев атындағы Жосалы 8 жылдық мектебінің алтыншы класын тәмамдап, жазғы демалысқа шыққан кезім. Ұмытпасам, маусымның бесі болуы керек. Жылдағы әдет бойынша Бұлдырты, қайдасың? деп тартып кеттім. Ал Бұлдырты туған жерім болмағанымен, мен үшін өте ыстық еді. Бірінші мектеп табалдырығын аттаған ауылым. 

11

Әкемнің інісі мен қарындасы Сағымбай ағам мен Күлән апайым отбасыларымен сонда тұрады. Ағаларым Тілеген мен Бақытжан да көшке ілеспей «үйренген жерде боламыз» деп сонда маманың қасында қалған. Иә, ең бастысы мамам  сонда. Мамам дегенім – әкемнің анасы, біздің әжеміз, Шолпан мама ғой. Бірақ біз ес білгеннен үлкендерге еліктеп «мама» деп кеткенбіз. Сол мамамды да қатты сағындым. Әйтсе де, сол ауылда бірге өскен достарыммен шапқылап ойнау емес мақсатым. Жылдағы дағды бойынша жазғы демалыс кезінде шөп шабу науқанында тіркемеші  болып жұмыс жасап, еңбек ету. Ол ауыл баларының көбінің жазғы еңбек лагері іспетті болатын. Оған әрине ешкім мәжбүрлемейді, жұмысқа өз еркімізбен шығамыз. Есесіне, күзде сабаққа барарда оқу құралдары мен киім-кешекке молынан жететін ақша табатынбыз. Біз үшін бригада басы, далалық қос басындағы қызу еңбек, қарбалас сәт тірлігі өте қызық болатын. Елең-алаңда тұрып, ұйқылы-ояу ертеңгілік тамағымызды ішіп кеткеннен, ми қайнатар шыжыған сәске түсте келіп ауқаттанып алып, қайта кеткеннен, қас қарайғанда бір-ақ келеміз. Кешкі тамақтан соң тракторшы ағайларымыз, «Ертерек жатыңдар, таңертең тұрып болмайсыңдар» деп жиі-жиі қатаң ескертумен болады. Бірақ біз манағы шаршау, шалдығуды  ұмытып, неше түрлі ойындар дейсіз бе, қараңғыда бірін-бірі қорқыту дейсіз бе, әйтеуір жасөспірім-көкөрім балаларға тән тірліктің неше  түрі  басталады. Енбі бірде қатар тұрған екі бутканың балалары бір-бірне немесе сыртта жатқандар мен іштегілер «көпшік соғысын» бастап кетеді.

Ересек балалардың салмақтылау соққысына ұшырап қалармын деп шыдап жатасың. Бір кезде: «біз жеңіліп жатырмыз, шықсаңдар» деген аянышты дауыс естілгенде, шыдамайсың. Мамаңның беріп жіберген құс көпшігінің бір бұрышынан мықтап ұстап алып, үйіре соғып «майдан» ішіне кіріп кеткеніңді білмей де қаласың. Содан «көпшік соғысы» қызған шақта бір жақтан не помбригадир, не болмаса бригадирдің өзінің  «Жатыңдар!» деген айқайы естілгенде барып, ысылдап-пысылдаған, қара терге түскен «сарбаздар» келіп «уh!» деп  орындарына жатады.

Шіліңгір шілдеде әлдеқалай жаңбыр жауа қалса, ылғал шөпте орақ жүрмей, жұмыс тоқтайды. Ондайда балалар топ-топ болып, күндіз «Он екі таяқ», кешке қарай «Дәуіш» ойынын қыздырамыз. Міне, Бұлдыртыға алды-артыма қарамастан, зулауымның бір себебі осы еді. Мен  өзім осы жұмысқа он жасқа толмастан бардым. Мен үшін ата-анам қорықпай жіберген, себебі тракторшы өзімнің жездем Сайын Тұрдашев болатын. Соған сенген болулары керек. Сөйтіп, бес жыл қатарынан шөп шабу науқанында жұмыс  істедім.

Балалықпен байқамайды екенбіз, ол өзі өте қауіпті жұмыс екен ғой. Әр трактордың артында сақылдаған алты орақ лыпылдап келе жатады. 12  метрлік грабля салдыр-гүлдір , күркіреген шынжыр табанды «ДТ»-ларды айтпағанда. Осылай жабдықталған бірнеше агрегат сағыммен бұлдырап бірінің артынан бірі тізіліп келе жатады. Мүлт кетсең мертігесің, тіпті жазым болуың да қас қағым. Алайда оны тракторшыларымыз бен  бригада басшылары ойламаса, біз оған бас қатырмайды екенбіз.

Осылайша ересектерден қалыспай қызу науқанда жүріп, үйдегілерді сағынып кетіп, бірер күнге Жосалыға барғаным бар. Үйден кеткеніме бір айдай болса да, үй іші өзгеше құлпырып кеткендей. Қарындасым Айгүл жарық дүниеге көрінген. Анашым Сара жаңа бөлме гүлдерін өсіріпті. Маған, әсіресе, «Барқытгүл» деген гүл ерекше ұнады. Тағы бір жаңалық, үйде жаңа әдеби  кітаптар көбейіпті. Көбі өлең, жыр жинақтары. Сосын бірнеше мен танымайтын ағайлар түскен фотосуреттер пайда болыпты. Анамнан сұрадым: «Апа, мына кітаптар қайдан келді, суреттегі әкемнің қасындағы адамдар кімдер?» деп.

Анам, «Жақында ауылға Алматыдан бір топ ақын-жазушылар келді. Абдолла Жұмағалиев атаны еске алды, әдеби шара өтті» деді. Жадымда қалғаны Қалижан Бекқожин, Сағынғали Сейітов, Берқайыр Аманшиннің аты-жөндері.

Сол фотосуреттерді кейін көрмеп едім. Есімнен де шығып кетіпті. Осыдан біразырақ жыл бұрын қайтыс болған інім Ғабитті еске алу шарасына дайындалған кезде, қара шаңырақта, марқұм анамның сандығында қалған қағаздардың ішінен әкемнің құжаттары мен фотоларының арасынан осы сурет көзіме оттай басылды. Сарғайып, солғын тартыпты. Ескі суретпен бірге жадымда сол кез қаз-қалпында қайта жаңғырды. Сол  суреттегі бір топ кісінің  ішінен бала кезімде танымаған бір адамды тани кеттім. Міне, ғажап! Астанамыз Алматыдан келген атақты ақындар Қалижан Бекқожин, Сағынғали Сейітов,  тағы да басқа меймандарды қарсылап жатқан «Жосалы» совхозының директоры Аманов Халел аға болуы керек деп жорамалдап отырмын. Тура қарап, анық көрініп тұрған совхоз партия ұйымының хатшысы Опиев Хамидолла ағамыз. Менің әкем, совхоздың жұмысшылар комитетінің төрағасы Ізмағамбет Ерғалиев, үстіне ақ китель киген, топтың орта шамасында. Ал әкемнен сәл берірек, сыпайылықпен кезегін күткендей тұрған кім? Міне, ғажап деп отырғаным, бұл Қадыр Мырзалиев қой. Мен осы кезге дейін менің әкем Қадыр Мырза Әлимен кездескенін білген емеспін. Жоқ, әрине Қадекеңнің анасы біздің ауылдың қызы, апайдың руы өзіміздің Ақберлі, туыстығымыз туралы білемін ғой. Сағымбай ағамның, Күлән апайым мен Сайын жездемнің үйлеріне қыдырып келіп тұратынын білетінмін. Ал әкем марқұм Қадыр ақынмен кездескенін енді көріп отырмын. Қайран, асылдарым-ай!

Өткен жылдарға ой  жүгіртіп көрсем, сол кезде Қадыр ағамыз отыз-ақ жаста екен. Осы суретті тапқаным туралы айтқанымда, белгілі журналист-қаламгер, марқұм Базарғали Қуатов: «Ол сапарда ақын-жазушылар тобы одан да көбірек болған, бір тобы Жымпитыға кеткен де, Жұбан Молдағалиев бастаған енді бір тобы Тайпақ жағын  шықты» деп еді...

 

Донеділ Қажымов,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

«Қадыр Мырза Әли» қоғамдық қорының директоры

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале