6.01.2017, 17:05
Оқылды: 32

Қадыр ақынның ғұмырнамалық фильмі көрерменге жол тартты

film-kadir  Қазақстанның халық жазушысы, ҚР мемлекеттік сыйлығының иегері, ақын Қадыр Мырза Әлінің туғанына 82 жыл толуына орай ақын атындағы мәдениет және өнер орталығында «Өз дәуірінің айнасы» атты әдеби-сазды кеш өтіп, «Мәңгілік майдан сарбазы» атты деректі ғұмырнамалық фильмнің тұсауы кесілді.


  – Қазақ халқы Абайды жоғалтып, көз жасына ерік бергенде әдебиетке Ахмет Байтұрсынов бастаған таланттар шоғыры келді. Бүгін де ұрпақ сабақтастығы үйлесім тауып жатыр. Қадыр аға болмаса да, көзін көрген, үлгі-өнеге алған таланттарымыз бар. Ол жанымызда болмаса да жүрегімізде, көңілімізде қалып, өлеңдері  бізді ізгілікке, парасатқа тәрбиелеуде,-  деді ақын өмірінен сыр шертіп, өміршең өлеңдерінен үзінділер келтірген облыстық мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов.

 Ғұмырнамалық фильмді Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының деректі фильмдер режиссері Орал Жүнісов түсірген. Орал Жүнісов –  Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Зейнолла Қабдолов секілді танымал тұлғалар туралы фильмдер түсірген тәжірибелі режиссер.

  -Бүгін Қадыр аға болмаса да оның  көзін көрген жандарды, ағайын-туғандарын  жинап, кезекті мәрте мерейлі кешін өткізіп отырмыз. Сондай-ақ бүгін ақын алғаш білім алған,  кейін немерелері оқыған қалалық  №30 мектепте Қадыр Мырза Әлі атындағы сыныпты жабдықтадық. Демеушілер мен Қадыр қорының көмегімен сыныпқа қажетті интерактивті тақта секілді құрал-жабдықтарды орналастырдық. 2014 жылы 12 қыркүйекте  Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына Қадыр ағаның 80 жылдығына орай деректі фильм түсіруге қолдау көрсетуін сұрап хат жазған едім. Екі айға жуық уақыт өткен соң министрдің орынбасары Ғалым Ахмедияров деген азаматтан жауап хат келді. Мәтінде «Келесі жылға «Қазақфильм» киностудиясына арнайы Қадыр Мырза Әліге арнап деректі фильм түсіруге қаржы бөлеміз» деп жазған еді. Екі айдан кейін «Қазақфильм» киностудиясынан фильм түсіруге қажетті қаражаттың бөлінгені және шығармашылық топтың жасақталып жатқаны туралы хабар жетті. Фильм бүгін алғаш рет көрерменге жол тартқалы отыр, көріп көзайым болыңыздар,- деді Қадыр Мырза Әлі атындағы республикалық қордың төрағасы, танымал композитор Донеділ Қажымов. Сондай-ақ Донеділ Ізмағанбетұлы фильмнің режиссері Орал Нұрмақұлын, Қазақстан-Орал телеарнасының белді журналисті Лұқпан Елеуді  және біраз жасқа келсе де Қадыр өлеңдерін жатқа білетін оқырман Нұрсағат Мәжитовті «Қадыр мырза Әлі» медалімен марапаттады.

  Бір сағатқа созылған деректі фильмде ағамыздың өмірінен алынған үзік сырлар, жылы лебіздер мен естеліктер көрсетілді. Дүние есігін ашқан ортасынан бастау алған ғұмырнамалық фильмде Әбіш Кекілбаев, Нұрлан Оразалин, Есенғали Раушанов, Темірхан Медетбек, Ақұштап Бақтыгереева сынды танымал жазушылар, сондай-ақ ақынның жары Салтанат Қадырова да өз естеліктерімен бөліскен. Уақыт өткен сайын ақынның тұлғасы дараланып, биіктеп бара жатқанына куә болған көрермендер көздеріне еріксіз жас алды. Деректі фильм халықпен кездесіп отырған Қадырдың «... Мен кетейін сендер мені күтіңдер» деген сөзімен аяқталды.

                                                                  Гүлсезім Бияшева

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале