30.01.2025, 9:00
Оқылды: 251

«Қадыр мұрасын ұлықтау – біздің негізгі міндет-миссиямыз»

Биыл Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның халық жазушысы, ақын Қадыр Мырза Әлидің туғанына –  90 жыл! Қаламгердің торқалы тойы қарсаңында республика көлемінде, өңірімізде көптеген іс-шара ұйымдастырылып, Қадыр шығармашылығы ауқымды түрде насихатталуда. Осы орайда мерейтойға байланысты қандай іс-шаралардың өтетінін, нендей шаруалардың атқарылатынын білу үшін Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры Серік Тоқмамбетовпен сұхбаттастық. Оқыңыздар, мархабат!

WhatsApp Image 2025-01-30 at 10.31.19

– Серік Әнуарұлы, Қадыр орталығын басқарып отырғаныңызға көп бола қойған жоқ. Бірден ауқымды жобаларды жүзеге асыруға кірісіп кеттіңіз. Сіз басшылыққа келгелі мекемеде қандай шаруалар атқарылды, қандай жұмыстар істелді?

– Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығында 2023 жылдың 5 қыркүйегінен бастап қызмет істеп келемін. Содан бері біраз іс-шараның басықасынан табылып, нақты нәтижеге қол жеткіздік. «Қадыр-қазына» жобасы аясында көптеген іс-шара ұйымдастырылды. «Қадыр жыры – халық үні» атты облыстық жыршы-термешілер байқауында қатысушылар Қадыр өлеңдерін халық арасында кең тараған әуенмақамдармен орындап, көпшілікті сүйсінтті. «Ауыл – атамекен пернесі» атты аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасы жүзеге асты. Концерттік бағдарламалар толық Қадыр шығармашы­лығына арналды. Оған қоса «Қазақтың Қадыры» деректі фильмі түсірілді. «Қадыр Мырза Әлидің ақындық әлемі: қазақ болмысы, ұлттық руханият» тақырыбындағы республикалық ғылыми-теориялық конференцияға филолог-ғалымдар қатысып, түрлі тақырыпта баяндама оқыды.

«Елеулі есімдер» жобасы  аясында Нәбира Сайынова, Үзіл­дік Елеубайқызы, Мұрат Сабыр,  Абай Мауқараұлы, Бақтыгүл Махамбетова, Лұқпан Елеу, Нұрғиса Дәуешов сынды белгілі тұлғалармен кездесу кештері өтті. «Жарқ етіп сөнген бір жұлдыз» жобасы аясында қазақ поэзиясының мұзбалағы Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай «Мақатаев бар мұнда» атты әдеби-сазды еске алу шарасын ұйымдастырдық. Дзюдодан Қазақстанның спорт шебері, қазақ күресінен түрлі деңгейдегі жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы Оралбек Қожагелдинді еске алу мақсатында «Батыр бейне» атты әдеби-сазды әсерлі іс-шараға ұйытқы болдық. Сондай-ақ мәдениет және өнер саласы қызметкерлері арасында қазақ күресінен ашық турнир ұйымдастырылды. Ар­дагер ұстаз Тамара Нәбиқызының, «Әділет құрылымдарының үздігі» төсбелгісінің иегері Естай Елтайұлының, ақын, сазгер, әнші Әл-Фараби Бекарыс­ұлының, «Парасат» орденінің иегері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Дариға Мұштанованың жаңа кітаптарының тұсауы кесілді. Сонымен қатар Қазақстан Жазушылар одағының Батыс Қазақ­стан облысындағы өкілдігімен бірге «Ақ Жайықтың аспаны» атты батысқазақстандық жас ақындардың ұжымдық жинағын жарыққа шығардық.

«Жұлдызды отбасы» жобасы  аясында өңірімізге белгілі өнерлі отбасы, ағайынды Жақсылық, Гүлжайна Бисенғалиев­термен «Өнер мен өріс» атты кездесу кеші өтті. Рустам Хафизов, Нұршат Еслямғалиев се­кілді әншілердің концерті ұйымдастырылды. «Қадыр оқулары – 2024» байқауы да ауқымды  жобамыздың  бірі  болатын.

Айта кетейін, өткен жылы орталықтың материалдық-техникалық әлеуетін біраз нығайттық. Сахна жабдықтары, жаңа перделер сатып алынды. Ғимаратымыздың су жүйесі әл­сін-әлсін сыр беріп, іргелері, қабырғасы бүлінген еді, ол толығымен жөнделді. Амфитеатрға жаңа орындық орнатылды. Концерттік-сахналық киімдер тігілді. Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен орталықтың концерт залы салқындатқыш құрылғымен жабдықталды. Осының бәрі біздің алаңсыз қызмет етуімізге жақсы әсер ететіні сөзсіз.

– Қадыр Мырза Әлидің  90 жылдық мерейтойы Қадыр орталығының 10 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Күні кеше «Дәуір дарабозы – 90» жобасы бастау алды. Осы ауқымды жоба аясында қандай іс-шаралар жүзеге асырылмақ?

– Қадыр ақынның 90 жылдық мерейтойы республикалық деңгейде аталып өтуі тиіс. Ақынның шығармашы-лығын насихаттау – біздің басты мақсат-міндетіміз. Осы орайда ал­дағы уақытта ұйымдастырылатын іс-шараларға тоқтала кетейін. Мысалы, биыл «Күй мен ақын» аймақтық байқауы өтеді. Астана, Алматы қалаларында «Қазақтың Қадыры» деректі фильмі көрсетіліп, концерттік бағдарлама ұсынылады. Бұл шаруаға республикалық «Қадыр Мырза Әли» қоғамдық қоры, ҚР Ұлттық кітапханасы және Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі атсалысады. Батыс Қазақстан облысының асабалары арасында «Қадырлы қазақ» ат­ты ақынның өлеңдері, қағытпа қалжыңдары және афоризмдерін жаттаудан облыстық байқау ұйымдастырылады.

«Замана заңғары» атты жарыста қатысушылар анимациялық фильмдерімен сынға түседі. Театр фестивалі мен ақындар айтысын өткізу жоспарда бар. Ақынның туған жері Сырым ауданында да біраз шаруа қолға алынады. Сонымен қатар биыл ірі эпик ақын, Қазақстанның халық жазушысы Жұбан Молдағалиевтің 105 жылдығы. Жұбан мен Қадыр қақында «Шың мен Заңғар» атты шара өткіземіз. Қазақтың біртуар ақыны Тұманбай Молдағалиев пен Қадыр Мырза Әлидің достығын, өзара керемет жарасымды сыйластығын күллі қазақ біледі. Сол себепті Тұмағаңның да 90 жылдығына орай еске алу кешін өткізбекпіз.

– Қаламгердің  торқалы тойы  қарсаңында  Алматы қаласындағы  «Qazaq Kitaby» баспасында статуэтка жасалған екен.  Бұл  статуэтканың ерекшелігі  неде?  Сол жайында айтып  өтсеңіз...

– Қадырдың әрбір өлеңі сөй­лейді. Оның өлеңдерінің мән-мағынасы тым тереңде. «Қадырды білмейтін қазақ кемде-кем. Өзін білмесе де, сөзін біледі» деген екен академик Зейнолла Қабдолов. Десек те, оның шығармашылығын насихаттауды үдете беруіміз қажет. Сол себепті біз арнайы тапсырыспен статуэтка жасаттық. Бұл статуэтканың сыртында QR-код бар. Смартфоныңызбен сол QR-код арқылы сілтемеге өтсеңіз, Қадыр ақынның рухани бай мұрасына тап бо-ласыз. Сол жерден қазақтың қадау тұлғасына қатысты біраз ақпаратты кездестіресіз. Бейнебаян да, деректі фильм де, ән де, өлең де сонда...

Биыл қаламгердің 90 жылдығы аясында ұйымдастыры­латын байқаулардың жеңімпаздарына осы статуэтка сый­ға беріледі. Алғашқы статуэтка күні кеше Қадыр ақынның туған қарындасы Күләш Ғинаятқызына табысталды.

Сұхбаттасқан  Мәрлен  Мәлікұлы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале