1.07.2025, 15:30
Оқылды: 93

Қадырсарайға – 10 жыл

Мемлекеттік сыйлықтың  иегері, Қазақстанның  халық  жазушысы, ақын  Қадыр  Мырза  Әлидің  90  жылдығына  және  ақын  атындағы  облыстық  мәдениет  және  өнер  орталығының  құрылғанына  10  жыл  толуына  орай  дөңгелек  үстел  өтті.  Аталған  дата  –  өңір  руханияты  үшін  маңызды  белес.

513883600_2763739790681858_7781724634146187392_n

Естеріңізге сала кетсек, 2015 жылы Қадыр ақынның 80 жылдық мерейтойына орай Орал қаласында орталық ашылып, Жайық жұртшылығы үшін ақын рухына арналған мәдени-танымдық орда өз жұмысын бастаған болатын. Ашылу салтанатына мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, еліміздің әр өңірінен арнайы шақырылған зиялы қауым өкілдері қатысып, тарихи сәттің куәсі болды. Осы уақыт аралығында орталық мәдениет пен өнер, әдебиет пен тарих салаларына тың серпін беріп, көптеген ауқымды жобаға ұйытқы болды. Мерейтой аясында орталықтың конференц залында «Дәуір дарабозы» атты ғылыми-танымдық басқосу ұйымдастырылды. Жиынға өңіріміздің зиялы қауымы, мәдениет саласының ардагерлері, ақын-жазушылар мен журналистер қатысты.

Шараны Батыс Қазақстан облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы ұйымдастырып, басқарма басшысының орынбасары Медхат Қамбетов қатысушыларды құттықтап, орталықтың 10 жылдық қызметіне оң баға берді.

Орталық директоры Дәулеткерей Құсайынов өз  сөзінде:

– Мен – осы орталықтың төртінші басшысымын. Бұған дейін қызмет атқарған Донеділ Қажымов, Бауыржан Халиолла, Серік Әнуарұлы сынды азаматтардың еңбектері зор. Олардың сара жолын жалғастырып, Қадыр мұрасын халыққа жеткізу – біздің басты міндетіміз, – деп атап өтті. Сондай-ақ орталықтың алдағы жоспары – «Қадыр» ғылыми журналынжарыққа шығару. Конференцияға қатысқан қоғам және мәдениет қайраткерлері – Айтқали Нәріков, Тұяқбай Рысбеков, Хатимолла Бердіғалиев, Сағынтай Бисенғалиев, Талап Таймасұлы және өзге де зиялы қауым өкілдері Қадыр шығармашылығы, орталықтың жұмысы және алдағы мүмкіндіктер жөнінде ой-пікірлерін ортаға салды.

Алғашқы директор Донеділ Қажымов он жыл бұрынғы орталықтың құрылу кезеңіне тоқталса, Сырым ауданы әкімінің орынбасары Серік Тоқмамбетов туған жерден жеткізілген арнайы  құттықтауын  жеткізді.

Шара аясында Қадыр Мырза Әли  аударған «Күлтегін» жазбасының фольклорлық үлгісі алғаш рет домбыра сүйемелімен орындалып, ерекше ықыласқа бөленді. Сондай-ақ ақын шығармаларынан көркемсөз оқулары мен ақын сөзіне жазылған әндер  орындалды.

513208931_2763740067348497_3575637625192184362_n

Орталық директоры Дәулеткерей Атауұлы алдағы уақытта республикалық деңгейдегі конференция, әдеби-мәдени іс-шаралар, зерттеу жобалары мен басылымдар жоспары жасалып  жатқанын  мәлімдеді. Оның айтуынша, Қадыр Мырза Әлидің жазған шығармалары ғана емес, оқыған кітаптары да бөлек бір дереккөз, зерттеу  нысаны.

Қадыр Мырза Әли атындағы орталық – өңір мәдениетінің дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан бірегей мекеме. Он жылда жеткен жетістіктер – көптің ортақ еңбегінің нәтижесі. Алдағы уақытта да орталық Қадыр мұрасын насихаттау, әдебиет пен өнерді дәріптеу жолындағы жұмысын  жалғастыра  бермек.

Жанерке Мерекеқызы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале