6.02.2024, 16:15
Оқылды: 10

Қаһарман Қайыркелді

Жуырда Оралдағы ҚР Қорғаныс  министрлігі әскери-техникалық мектебінің ғимаратында Кеңес Одағының Батыры Қайыркелді Майдановты еске алуға арналған іс-шара өтті.

IMG_2750

Бұл – Кеңес әскерінің Ауғанстан аумағынан шығарылғанына 35 жыл толуына және Қайыркелді Сайынұлының өмірден өткеніне 24 жыл болғанына байланысты ұйымдастырылған іс-шара. Жиынға қатысқан «Ауғанстандағы мүгедектер мен соғыс ардагерлерінің Батыс Қазақстан облыстық қоғамы» ҚБ-ның мүшелері, аталған мектептің басшылық құрамы мен оқушы сарбаздары Қ. Майдановтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Ауған соғысының ардагері Анатолий Боровский батырдың ерліктерін есіне алды.

– Қайыркелді Сайынұлы Ауғанстандағы әскери қызметі барысында өзінің қайсарлығы мен батылдығын бірнеше рет дәлелдеген еді. Сарбаздар мен жүктерді тасымалдауға арналған «Ми-6» тікұшағын әскери ұрыс кезінде көкке көтеру оңай шаруа емес. Міне, осындай жағдайға тап болған ол еш нәрседен қаймықпастан басын тәуекелге байлады. Сөйтті де, біраз сарбаз бен офицерлерді ажалдан арашалап қалды. Ал 2000 жылдың 28 қаңтарында Шешенстандағы ұрыстар кезінде ауыр жарақат алып, мерт болды. Біз шынайы батырлардың ерлігін ұрпаққа үлгі-өнеге етуге міндеттіміз, – деген ол жиналғандарды бір минут үнсіздікке  шақырды.

Еске салайық, Қайыркелді Майданов 1956 жылы 7 ақпанда Жымпиты ауданындағы Тасқұдық ауылында өмірге келген. 1973 жылы сол кездегі Ақжайық (қазіргі Теректі) ауданының Шағатай ауылындағы орта мектепті тәмамдаған. Одан кейін Ақтөбе азаматтық авиация училищесіне оқуға түскен, алайда досы дәрігер комиссиясының сынынан өтпеген соң, өзі де оқудан бас тартқан. Әскери борышын Германиядағы Кеңес әскерлерінің тобында өтеген. Ондағы қызметі аяқталғаннан кейін 1976 жылы Саратов ұшқыштар училищесіне түскен. Училищені тәмамдаған соң Одессалық, Байкал және Түркістан әскери округтерінде қызмет етіп, «Ми-8» тікұшағымен ұшқан. Ал 1984 жылы алғаш рет Ауғанстанға іссапармен жіберіліпті. Ауғанстанға ол екінші рет 1987 жылы аттанып, Панджшер, Ташкудук, Мазари-Шариф, Газни, Джелалабад аудандарында десанттық операцияларға қатысқан. Қайыркелді Сайынұлы өз тікұшағымен 1250 рет ұрыс аймақтарына ұшып кірген. Майданнан 85 жаралы жауынгер мен офицерді алып шықса, 1000-ға жуық десантшыны, 100 тонна жүкті тиісті жеріне жеткізген. Оған КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1988 жылғы 29 шілдедегі Жарлығымен әскери борышын атқару барысындағы қаһармандығы үшін Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп, Ленин ордені және «Алтын Жұлдыз» медалімен марапатталды.

Іс-шара барысында жоғарыда аталған қоғамдық бірлестік мүшелері және жиынға қатысушылар әскери-техникалық мектептің сарбаздарына дәріс оқып, арнайы сабақтар өткізді.

– Уақытында ерлік көрсетіп, айналасындағы адамдарды ажалдан арашалап қалған батырларымызды еске алу мақсатында жыл сайын осындай іс-шаралар ұйымдастырамыз. Мұндай жиындардың жас сарбаздар үшін тәрбиелік маңызы зор. Өзінің тарихын таныған, бабаларының жолын білген ұрпақтың болашаққа қадамы нық, бағыты айқын болмақ. Сондықтан да батырлардың есімдері мен ерліктерін барынша кең көлемде насихаттаған дұрыс, – деді әскери-техникалық мектептің оқытушысы, подполковник Нұрболат Кенжеғалиев.

Аманжол Исламғали,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале