(рецензия)
Қайнар Қалиақпарұлы Олжай 1958 жылы 29 маусымда Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданында дүниеге келген. ТМД Журналистер Конфедерациясы сыйлығының лауреаты, ҚР Президенті грантының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
«Мың бір мақал», «Деген екен», «Солай болған», «Тіл», «Сөзмерген», «Ілік септігі», «Келбет» және басқа да бағдарламалардың, 15 сериялы тарихи-деректі «Бірінші» телефильмінің ауторы. 1994 жылы «Президент пырағы», 2007 жылы «Қара нары қазақтың», 2008 жылы «Атамыз – Аласанбай», 2010 жылы «Қанат байлаған қазақ» кітаптары жарыққа шыққан.
Журналист Қайнар Олжайдың «Жер мен аспан арасындағы дастан» атты кітабын оқып шықтым. Экологиялық очерктер жинағы болғасын ба, роман секілді 1-2 күнде тауысып тастауды жөн көрмедім. Асықпай, сіңіріп оқыдым. Себебі әрбір очеркте неше түрлі тың деректер, мен бұрын кездестірмеген ақпараттар жазылған. Жинақты парақтап отырып, сансыз ойға шомдым. 2014 жылы жарық көрген кітапта қозғалған кейбір мәселелердің күрмеуі әлі күнге дейін шешілмеген.
Мұқабада шуағын шашқан күн, қарлығаш, көгілдір аспан, жасыл жайлау және көбелек бейнеленген. Бұлардың біртұтас картинаны құрап тұрмағанын, бір-бірімен тереңнен байланысатынын бірден байқадым. Себебі суреттегі аспан мен жердің арасындағы аппақ кеңістік қоршаған ортаның әлі де зерттелуі, жазылуы керек екенін аңғартып тұрғандай.
Содан не керек, кітапты парақтауға кірісіп кеттім. «Аралап талай жердің дәмін таттым» дегендей, төрткүл дүниенің түкпір-түкпіріндегі бірнеше қаланы кезіп, біраз мемлекеттегі құпияға толы жолдармен жүріп өттім.
Жалпы бұл жинақ Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша жарық көрген. Очерктер бір туындының тараулары сияқты бір-біріне жалғасып, жеңіл оқылады.
Кітап табиғатты, қоршаған ортаны аялауға, қорғауға шақырады. Бір ерекшелігі – журналист жер бетіндегі жан-жануарлар, қоршаған орта туралы әңгімеге тұздық ретінде қазақ ақын-жырауларының өлеңдерін пайдаланады. Осы арқылы табиғаттың адамзатқа ортақ екенін көрсетеді. Аутор аңыздарды, көне әпсаналарды сәтті пайдаланып, сапарлары жайлы әсерлі баяндаған.
«Сиыр төңірегіндегі шиыр». «Жер мен аспан арасындағы дастан» осы очеркпен басталады. Кішкентайдан сиырды көріп өскесін бе, аса қызығушылық танытқан жоқпын. Қоршаған ортаның біз білмейтін қызықтары көп екен. Менің білетінім – арбаға жегілген сары өгіз бен қорадағы қызыл ала қашар болып шықты.Орташа салмағы 1500 келі тартатын бизон, зубр, сарлық, яғни, қодас, буйбол мені мүлде басқа әлемге батырып жіберді. Арасында Мұқағали Мақатаев, Жанақ ақын, Дулат Бабатайұлы, Жұмекен Нәжімеденов, Өтежан Нұрғалиевті оқып, Швецияға жеттік, одан АҚШ-қа аттандық. Көп ұзамай Қазақстанға қайта оралдық.
Содан кейін Түркіменстанға, Германияға, Францияға, Қытайға сапар шегіп, «ШАЯН хақындағы БАЯНмен» таныстым. Шаянның бір ғана түрін көргенмін. Оның 35 мың түрі бар екенін біліп, таңғалып қалдым.
Қызықты деректер ақындардың өлеңдерімен үйлесім тауып, оқырманды өзіне баурай береді. «ТҮЙІР шығарған БҮЙІРді» оқығаннан кейін бірден базарға бардым. «Апельсин – Жаратушының сыйы болса, грейфрут – адамзаттың қолымен пайда болған жеміс. Ол лимон мен апельсинді будандастырудан шыққан» дейді Қайнар Олжай. Содан аты таныс болса да, мен әлі күнге дәмін татпаған жемісті жеуге құмарттым. Келісі 850 теңге тұратын денсаулыққа пайдалы грейфруттың 2-3 түйірін сатып әкелдім. Оның денсаулыққа пайдалы екенін қайтейін, ащы екен. Бір-екі рет қол создық та, қойдық. Лайм, цитрон, кумквата, бергамот туралы да біраз ақпаратқа қанықтым. Бұйырса, олардың да дәмін көре жатармыз.
«Оба айналасындағы дода», тіпті, қызық. «Оба мен моланы шатастыру – халық тарихына жасалған көп қиянаттың бірі» дейді қаламгер. Біздің санамызда оба – адам көмілген жер, марқұмның басына қойылған белгі деген түсінік қалыптасқан. «...Оба – ежелгі жолдың бағыты, шекараның түйіскен тұсы, биік жердің белгісі, ақыр аяғында жыл мен тәулік уақытының өлшегіші» екен.
«Кептер жеткізген Кептерде» де қызықты деректер көп. Кептердің хат тасығанын бұрыннан білетінмін. Мекенжайды дәл тауып, хабарды кешіктірмей жеткізетіні – ғажайып құбылыс. Бұл да бір Құдайдың мұғжизасы шығар. Жалпы көгершіндерге көз салсам, жамандық жайлы ойлағым да келмейді. Олардың көктем мезгілінде бақтарда жем жегені қандай әдемі! Бұл құс туралы ақындар да аз жырламаған. Жедел хабар жеткізіп, талай мәрте медаль да алған көгершіндер мен құралпы жастардың санасында:
«Ақ көгершін, көгершін,
Қолғанат құс сен едің.
Бар, кезіп қайт ел үшін,
Кең дүниенің көлемін.
Әділеттің құсы деп,
Көз алмастан жолыңнан.
Бақыт болып қоншы деп,
Ұшырамын қолымнан» деген өлең жолдарымен бірге қалды.
Кептермен бірге «Сұрторғай неткен Сұм торғай» деп Пәкістан, Ауғанстан, Өзбекстан және Қырғыз Республикасы аспанында біраз ұштым. «Велик ең керемет көлікті» оқығанда «Десна» аталатын велосипедпен талай жүйткігенімді еске алдым. Велосипедке құрметпен қарайтын Копенгаген (Дания астанасы) тұрғындарына қызыға да, қызғана қарадым.
Осылайша «Жер мен аспан арасындағы дастанды» оқып, Австралия, Моңғолия, Израиль, Италия, Франция, Германия және басқа да мемлекет топырағындағы небір құпияға толы жайттың мән-жайына қанықтым. Бұндағы очерктер үлкен ізденіспен жазылған. Дәлел-дәйектер орынды пайдаланылған. Журналистің жүрген жолы, сапары сол мәліметтерді әсерлі жеткізуге септігін тигізіп тұр.
«Тарбаған қайда бармаған», «Есек шығарған есеп», «Қолтырауын көрсетпес қалтырауын», «Ақшырақ, жырлайын сені жақсылап», әсіресе, «Пластик бітті ғой Жерді лас қылып» очеркі көңілге түрлі ой салды.
Бұл очеркте «Біріккен Ұлттар Ұйымының Табиғатты сақтау жөніндегі комитетінің мәліметіне жүгінсек, жердегі пластик қалдықтар кесірінен жылына 1 миллион құс, 100 мың сүтқоректі, 100 миллион балық қырылады» дейді Қайнар Қалиақпарұлы.
Бұл не масқара? Пластик, целлофан, полиэтилен пакеттерді тұтынуды тоқтатпаса болмайды. Полиэтилен 400 жылда ыдырайды екен. «Пластик бұйымдарды жағу – оның жер үстінде қалғанынан да қатерлі. Ауаға зиянды заттар бөлініп, адамның, жан-жануардың тыныс мүшелеріне у тарайды. Ал күлінде ауыр металдар. Одан – шөп, шөптен мал, малдан – адам ағзасына түскен ауыр металл қатерлі ісікке себепкер деседі» дейді журналист. Тез арада пластик пакеттің орнына басқа елдердегідей орама қағаздарды пайдаланып, пластик өнімдерін кері өңдейтін нысандарды ашуымыз керек.
Стокгольм, Исламабад және Бейжіңді аралап келген біз осындай ой түйдік.
Кітаптағы соңғы очерк «Мысық неден пысық» деп аталады. Очеркте мысықтың түрлері, ерекшеліктері жайлы жазылған. Бала кезімде мысық құлағандажон арқасын жерге тигізбей, төрт тағандап түседі дегенді еститін едім. Мысығымды құшақтап, ерінбей, үйдің шатырына шығып, талай мәрте жазықсыз хайуанды жерге лақтырып жібергенмін. Расымен, жерге төрт тағандап түседі. Биіктен төменге қарғып түсу, жоғарыға өрмелеу өзіне ұнайтын да сияқты.
«Сырқаттанып жатқанымда қасыма үйдегі мысық келіп, сүйкеніп, үстіме жатып алды. Қозғай қойған жоқпын. Ұйықтап кетіппін. Ұйқымнан аурудан құлан-таза айығып ояндым. Кейін мысықты өлі күйінде таптым. Ол менің ауруымды өзімен бірге ала кеткен секілді» деп кейде әкем де әңгімелеп отырады.
Жалпы Қайнар Олжайдың «Жер мен аспан арасындағы дастан» кітабы көпшілік оқырманға арналған. Үлкен ізденіспен жазылған очерктерді оқығаннан кейін тоғай аралауға, таза ауада тынығуға, жан-жануарлар жайлы фильм көруге құмартатыныңыз кәміл. Кітапты оқуға, экология әлеміне саяхат жасауға кеңес беремін.
Айтпақшы, тоғай, пластик дегеннен шығады. Орал қаласының іргесінде Хан тоғайы бар. Сол тоғайдың үйлерге жақын тұстарында күл-қоқыс шашылып жатыр. Адамдар қолданыстан шыққан заттарын ағаш арасына лақтыра бергенге ұқсайды. Бұлай болмайды. Қар еріп, жер аяғы кеңігесін, тоғайды қоқыстан тазартуымыз керек. Табиғатты қорғауды өзімізден бастайық, жерлестер!
Марлен Ғилымхан,
zhaikpress.kz