17.08.2023, 11:15
Оқылды: 78

Қайраткер

 

Бауыржан Тұманов туралы толғаныс

«...Екі сәбидің сүлдесі жатыр, аштық батты, таңдайларына күніне бір мезгіл болмашы сүт тамызамыз. Басқа інілерім мен қарындастарымның да халі нашарлады. Оншақты күн шамасында анамыз Айсәулесін сүт берейін деп алдына алса, сәби дүниеден озып кетіпті. «Қанатбай, Айсәуле қайтыс болып кетіпті!» деп қызын алдына алып, егіліп жылап жіберді. Бетін ақ шүберекпен жауып, орнына салды. Мен баланың үлкенімін.

Өзіме тете Нұрғаным деген қарындасым, Меңдібай деген інім үшеуіміз анамызды жұбатқан болып, түнімен ұйықтаған жоқпыз. Ашпыз, аш кісіге ұйқы келмейді. Сұлқ жатқан Дәулетбай да таң ата қайтыс болып кетіпті. Сөйтіп, бір түнде екі сәби тататын нәр жоқ болғандықтан, аштан өлді. Анам «Көршілерге хабарла!» деп мені жіберді, бірақ ешкім келмеді. Дүниедегі ауыр халдің бірі – үйіңде өлім болғанда көрші-көлемнің келмеуі екен, бұл анама үлкен соққы болып тиді. Күн сәскелікте ол екі сәбиді шүберекке орап, кішкентайын маған ұстатты да, өзі үлкенін алдына алды, менен кіші інім Меңдібайға екі күрек берді де «Қызылтөбеге...» деді.

eacc75e2-ce08-4c27-9a52-33025f7428bf

...Ендігі кішкентайлар – Аязбай мен Әмина. Бұлар – егіз. Екеуі де келбетті, ажарлы, бірінен-бірі айырылмай (үйде ас барда, тоқ кездерінде), ойнайтын да жүретін. Анам қызық көріп екеуіне бірдей бірде ұлдың киімін, бірде қыздың киімін кигізіп қоятын, сол кезде бөтен адамдар қайсысы Аязбай, қайсысы Әмина екенін айыра алмайтын. Міне, енді осы екі сәби де нашарлап жатыр, тек сүлде, орындарынан тұра алмайды. Олар да оншақты күннен кейін таң ата өмірден озды. Мен, Меңдібай, Мергенбай деген үш ұл мен Нұрғаным, Айман, Шолпан деген үш қыз – алтауымыз әзірге тіріміз. Ауданнан келген комиссия екі үлкенімізді балалар үйіне бергізді. Аштықтың кесірінен тірілей ата-анамыздан айырылдық, амалсыздан туған үйден, ананың күн нұрындай төгілген мейірімінен бөлініп, налып, жылап, үйден шықтық. Келген комиссия мүшелері «Балаларды аштан өлді деп айтпаңдар, ауырып қайтыс болды деңдер» деп ескертті. Солай дедік. Қатықсыз болмашы қорек  тірі қалған балаларды да жазылмайтын ауруға шалдықтырды. Көкала, ревматизм, қырқұлақ деген аурулар жайлап кетті. Тазарып, жазылып кетпеді. Екі-үш жылдың ішінде бәрі де дүниеден озды. Өлім сарқытындай болып жалғыз мен қалдым, мені балалар үйіне барғаным сақтап қалды... (Қанатбай  Тұманов. «Қызылтөбеде қалған төрт сәби»).

...«Жайық Пресс» медиахолдингіне жинала қалдық. Сол бес ұл, бес қыздан қалған Қанатбай Тұмановтың жалғыз ұлы, Құрмет орденінің иегері Бауыржан Қанатбайұлы Тұманов туралы әңгіме-дүкен  құрмаққа. Ол кісінің ет-жақын бауырындай болып кеткен үзеңгілес достары – Есберген Әжібайұлы, Айдар Тапашұлы, Табылғали Сатқалиұлы, бала кезден бірге өскен кластасы Мәлік Құспанұлы, зайыбы Светлана Әйтенқызы және мен – осы жолдардың ауторы.

Бірден айтайын, екі сағат бойы кезекпен әңгіме тиегін ағытқанда аталған достарының бірде-бірінің аузынан «марқұм» деген сөз шыққан жоқ. Тек қана сағыныш, шексіз құрмет һәм сүйсініспен іштей бас ию, күрсіністерін ішке жұтып, өмірден өткеніне төрт жыл өтсе де, аяулы досты орталарынан қалдырмай, бірге алып келе жатқандай қимастық көрдім осы бір бекзат отырыстан. Тай-құлындай тебісіп бірге өскен Көбейсінов Мәлік құрдасы бипаздай әңгімелеп, физика пәнінің «жілігін шағып, майын ішетін», қыстыгүні шаңғы тепкеннен басқа спорт түрлеріне көп алаңы жоқ,  «жер қозғалмаса, қозғалмайтын» бала Бауыржанның әп-әдемі бейнесін жасап шықты. Тіпті өздері тұратын Киров көшесіндегі (Жәнібек ауылы) үйдің бір бөлмесін физика кабинетіне айналдырып, радиоқабылдағыш құрастырып, фотоаппараттармен шұғылданудан жалықпайтын көкшіл көз, үрпек шаш сары бала өзі жайлы мына әңгімені қасымызға келіп, әсерлене бірге тыңдап отырғандай болып кетті ме, Құдайым-ау... Қысқы каникулда  жанармай бөшкесінің жанына қыстырылыса отырып, шынжыртабан «ДТ» тракторымен сонау 90 шақырым жердегі досының ауылына барған кез де бар бояуымен, мұрынды жарған солярка иісімен, бүкіл даланы басына көтерген тарылдаған даусымен осы жерден өтіп бара жатыр, әне... Достарының шынайылығынан ба, жоқ әлде басқа бір тылсымның себебімен бе, жазып дайындалған сценаридей тарқатылды-ай келіп небір керемет әңгіме-сырлар. Естелік демеді олар, мен де сол кісілердің ыңғайымен Бауыржан аға жайлы өткен шақпен жазбауды  ұйғардым.

...Түн жарымы. Қонақтықтан тарап келе жатқан беттері еді. Қарсыдан бір адам шықты да, қапталдаса бере қолын сермеп кеп қалды. Тағы ұрды. Тағы... Тағы... Жаздыгүні. Жұп-жұқа көйлек оңды-солды сермелген селебе пышаққа қамсау бола ма,  дар-дар айырылып, жып-жылы қан тұла бойын жуып кетті. Сол қолының білегі, қары, жауырыны... Анау тоқтар емес, біржола турап тастағысы келгендей екілене ұмтылады.

Бауыржан бойында сегіз айлық сәбиі бар келіншегін қорғай құлашын жайған күйі теңселе құлап бара жатты. Қорыққаннан айқайлауға да жайы келмей, тілі байланып қалған Света тез есін жиып, жолдасын жаралы қарынан иығына арта, шылқылдаған арқасынан демей сүйеп, дедектетіп ала жөнелді. Күштің қайдан біткенін білмейді. Қашып келеді. Ана қанішер қуып келеді. «Бұл кім? Неге?» деп ойлауға, тіл қатуға мұрша жоқ. Енді болмаса, қуып жетіп, паршалап тастайтын түрі бар. Айы-күні мұң жүкті әйел, жаралы жігіт... Кенет Алланың пәрменімен жалп етіп жарық өшті. Қараңғы түнек. Сол түнек құтқарды бұларды. Қуғыншы қалтарысқа бұға қалған екеуді байқамай, тұсынан сатырлай жүгіріп өтіп кеткен соң, кері бұрылып ауруханаға қарай беттеді. Әлдебіреулермен жанжалдасып, таяқ жеп, үйіне барып пышақ алып, қайтадан кек қайтаруға оралған мастың жолында кездейсоқ тап болып қалған Бауыржан Қанатбайұлы өмірмен абайсызда осылай қоштаса жаздаған. Саратов ауыл шаруашылығы институтының механика факультетін тәмамдап, студенттік жылдарда танысып, сөз байласқан Саратов облысының қызы – Светланасына үйленіп, өзінің Жәнібегінде еңбек жолы жаңа басталып жатқан Қанатбай ұстаздың жалғыз ұлы Бауыржанға манағы «Өлдім!» дегенде, жалп етіп сөніп, қарақшының көзін байлаған жарық жаңа бағытқа жол сілтеген белгі болды ма, кім білсін, әйтеуір, техникалық мамандық иесі болса да, жас жігіттің көзқарасы да, ойлары да қоғам тұрмысына, ел тағдырына қарай ойыса берді. Комсомол, кәсіподақ жұмыстарына шақырылып, қыр-сырын меңгере бастады. Сөзін сырламай, сараламай сөйлемейтін,  бірауыз лебізі жерде қалмайтын,  тыңдай да,  тыңдата да білетін, қатал да мейірбан  әке тағылымы идеология арнасымен тоғыстырды, ақыры. Алқа топты мысы басып тұратын  әке шаңырағына келін болып түскенде «Мамандығың кім?»  дегенді  әңгіме мама туралы  екен деп түсініп, «Иә, мамам бар» деп жауап беріп жүрген Светлананы ширатып,  шыңдап шығарған да сол мейірбан қаталдық (қатыгездік емес!) па дерсің.

«Үйде ұлым-жұлым болып, іліккенді киіп, көзге түспейсің, балаларыңның мұрнынан маңқасы ағып, кірқожалақ болып жүрмейді. Қонақ келгенде асүйге тығылмай, дастарқан басында елмен бірге отырып әңгіме тыңдайсың» деп бекітіп беріпті-ау сонда үлбіреген құмай көз, құс тұмсық, сүйкімді келінге арналған «бағдарламасын».

«Сол бағдарламамен кеттім, бір пунктін де бұзбай келемін әлі. Жаман болған жоқпын», – деп күледі немере, шөберелердің әжесі болып отырған Светлана Қанатбайкеліні (екінші суретте ортада).

«Бауыржан ақам – өмірінде әкесіне бірде-бір рет қарсы келіп көрмеген адам. Қаталдығын да, тәрбие-тағылымын да түгел қабылдап алған-тұғын, – деп онлайн арқылы пікір қосты Ақтауда тұратын бауыры, журналист  Мейіржан Отарбайұлы Тұманов. – Ал анасы Мақыш (Мәриям) апамды ерекше қатты жақсы көрді. Анасы да сондай бір жайлы, жүрегінен мейірім төгілген асыл адам еді. Біз, Отарбай балалары, сол әкеміздің ағасы – Қанатбай папамның үйінде өсіп-тәрбиелендік. Папамның қаттылығына бала кезде қабырғамыз  қайқаңдап, әзер төзгенімен, кейін түсіндік қой соның бәрі өмірге әзірлеу екенін.

Бауыржан ақамның ішкі ұстамы мықты, көз жасы түгілі, жабырқағанын да көрсетпейтін. Анасы дүние салғанда көзінің жасын тоқтата алмай, балаша еңіреп тұрып жылағанын бірінші рет  көрдім... Мен ақамды үлгі тұттым, соған ұқсағым келетін. Тіпті кішкентайымда соның жүрісін салып, көршілер «Ой, мына бала Бауыржан ақасынан аумайды ғой» десе, мәз болатын көрінем.

Әңгімешіл. Күлдіргі бірдеңелерді айтып, біз ішек-сілеміз қатып құлап жатсақ, өзі жымиып қойып қарап отырады. Өмірі одан бір зеку, яки ұрыс естіп көргенім жоқ, бірақ айтарын жайлап отырып жеткізгенде сүйегіңнен өткізіп жібереді. Ол – менің ағам ғана емес, ұстазым, ақылшым, әрқашан  үлгі тұтып, алға ұстаған идеалым. Өзі аузынан тастамай  айтып жүретін мына бір  әңгімесін «Сен осыны жазсайшы» дейтін. Ақыры, жаза қоюдың сәті түспегесін, осы жерде айта кетейін, мүмкін, тапсырмасын орындаудың орайы осылай  келіп  тұрған  шығар.

...Бірде Бауыржан ақам папасымен Орда жаққа шығады. Көлік өзінікі, рөлде өзі. Бір кезде кедір-бұдыр  жолға шыдамаған машинаның дөңгелегі жарылып,  запасты салса, қайта жарылып, далада шоңқиып қалады.  Алыс жер,  келе  жатқан, бара жатқан қара ұшырасатын түрі жоқ. Содан көз ұшында көрінген малшы ауылға тартады жаяулап. Ол үй құдайы қонақтарды қарсы алып, шай-суын беріп, қой сойып, қазан көтереді. Жігіт болып қалған балаларын атпен жіберіп, жолда қалған  машинаны да үйдің қасына алдырады.

Жастары шамалас қожайынмен әңгімесі жарасқан Қанатбай ағам астан кейін ән бастайды «Екі жирен»  деген. Әдемі қоңыр даусы болатын ол кісінің.

«Екі-ай жирен, Жалын түйген...» деп қайырмаға жете бергенде «Қанатбай, тоқтай тұршы, тоқта!»  дейді малшы жұлып алғандай. Дастарқаннан әрірек шегініп, екеуінің жарасқан әңгімесін тыңдап отырған Бауыржан ағам да аң-таң, әнін кілт үзген Қанатбай әкей де үй иесіне таңырқай  қарап  қалған.

– Сен соғыстан келе жатқанда «бәленбай» деген стансадан  пойыздан  түстің  бе?

– Иә, түстім.

– Түскен соң қасқа ат жегілген арбаға бір топ жаспен  отырдың  ба?

– Иә,  ат-арбамен шықтық, жегілген  қасқа  ат  болатын.

– Жол үстінде жұлдызға қарап жатып, «Екі жирен» деген өлеңді айттың ба?

– Иә, жұлдызға қарап жатып «Екі жиренді» айттым мен...

– Ей, сол Қанатбайсың ғой сен, сол Қанатбай!.. «Екі жиреніңнен» танығанымды қара!

Екеуі отырған орындарынан ұша түрегелісіп, құшақтасып, көздеріне жас ала қайта амандасыпты. Осындай да бір  әдемі  хикая  болған...».

Идеология – елдіктің, мемлекетшілдіктің жұмысы. Толассыз жүріп жататын терең арналы жұмыс. Бауыржан Қанатбайұлы осы бір үлкен қызметті үндемей жүріп атқара берген, атқара берген. «Сен жұртқа жақсылық жасаудан шаршамайсың. Сол жақсылығыңды біле ме ел, қайта ма ертең?» деп сұрапты бірде Света жолдасының өзгелер үшін жанын отқа салып, шаршап жүргенін жақтырмай. «Біледі, қайтады» деп сеніммен жауап беретін көрінеді сонда облыс әкімінің орынбасары Бауыржан Тұманов екі қыз, бір ұлының анасы, өмірлік серігінің көзіне тік қарап. «Шынында, солай болды. Әлі күнге дейін оның елге жасаған жақсылықтары есесімен алдымыздан шығуда, жақсылар жақсылықты ұмытпайды екен» деді Светлана сөз арасында сәл  толқып.

Ақ Жайық өңірінің саяси-қоғамдық ахуалына өзіндік үлесін молынан қосқан, қандай қиын кезеңдерде де тұйықтан жол таба білетін қоғам қайраткері Бауыржан Қанатбайұлының айқын қолтаңбасы әлі де сайрап жатыр. Ашуға пісіп, алқынып келгенді сабырмен, жалықпай тыңдау арқылы сабасына түсіріп, жуасытып шығару, «Депутат болам» деп жұлқынған тентекке бас изей отырып, ақыры, ол ойынан айнытып жіберу тәсілдері, заманның ағымын алыстан болжап, идеологиялық жағынан әзір жүру сияқты қам-қарекеттің нешеуі болмады дейсіз «мылтықсыз майдан» шебінде. Айқай-шусыз, интригасыз, елге болсын деген ниетпен ғана «сары майдан қыл суырғандай» қылып жұмыс жүргізуге қаншама шеберлік,  ұстам  керек.

«Жымпиты ауданының шаруасы мықты, бірақ моральдық ахуал жағынан ұшынып тұрған кезде хатшы болып келді Бәкең, – деп әңгіме бастады Есберген Әжібайұлы. – Ешкімді ілестірмеді де, кейін де ешкімді алдырған жоқ. Халықтың шамына тимес үшін тек қана жергілікті кадрлардан команда жасақтап, қолда бар күшті жұмылдыруға кірісті. Бір күні ақылдасып отырып, «Елдің халі мынау, жағдай нашар. Бір көмек жасайық...» деді қиналып. Жаны ашып, дағдарған халыққа қол ұшын созуға жол іздеп, жаны алай-түлей болып отырғаны көрініп тұр. Ойланып-ойланып, ақыры, малшы ауылдарға үйлерінің қасынан бір-бір монша  салып  бердік.

Енді бірде техника жөндеу шеберханасына барып, қыстыгүні бүрсеңдеп, мұздай темірмен алысып жатқан жұмысшыларды көріп тағы қиналды. «Бір жағдайын жасашы, тым болмаса бір сағат үзілісте үйлеріне шаппай, ыстық тамақты сол жерден ішетін қылып ұйымдастыруға болмас па, тоңған жігіттер жылынуға «шөлмек іздеп»  кетпесінші...» деп өтініш қылды. Бұйырып айту, қатты дауыспен әмір беру деген табиғатында жоқ оның. Ойланып-ойланып, ыстық шай мен пештен жаңа шыққан бәліш беретін қылып бір нәрсе ұйымдастырғандай болғам. Бір күні дәл сол тамақ үлестіріліп жатқан кездің үстінен түспесім бар ма! Қарасам, жігіттердің қолдарында білектей-білектей бір-бір дәу бәліш, шай ішіп отыр булары бұрқырап. Аспаздардың қулығы, нан формасына салып пісірсе, осындай бірегей болып шыға келеді екен. Есепке де жақсы әрі біреуін жеп-ақ бір тояды. Осы тапсырмасының орындалуын сұрағанда көркем суреттеп, қолыммен өлшемін көрсетіп тұрып айтып беріп ем, ішек-сілесі қатып, рахаттана біраз күлді Баукең. Жалпы адам баласының бетіне қатты келіп, дауыс көтеру деген жоқ, ең ренжігендегі сөзі: «Жақсы, маған айтпай-ақ қой, анау елге «Кешіріңдер, бұл жұмыс менің қолымнан келмеді, рақмет» демедің бе?» дейді. Болды».

Сол Жымпитыда тағы бір ЧП болыпты бірде. Партия тарардың алдында «КПСС-тің қатарында – 50 жыл» деген төсбелгі келеді аудандағы екі-үш адамға. Солардың біреуі – бұрынғы «НКВД-шник», әлгі значокты алудан бас тартыпты. Ал кері қайтарса, бұл – үлкен шатақ. Жағдайды жайлап барып біліп келуге идеология жөніндегі хатшы Есбергенді жұмсайды Бауыржан.

8f8dc68b-e0f1-42bb-a35d-52daa8b44c48

«Барсақ, тура қарағанда өңменінен тесіп өтіп кете жаздайтын шүңірек көз, қап-қара адам төсекті қалыңдап салып, пеш түбінде жатыр екен. Сәлемдесіп, қасына кеп отырдық.

– «Орал өңірінен» қарап отырмын, қуғын-сүргін құрбандары ақталуда деп жатыр, бірақ мен ұстағандардың бірі де ақталған жоқ әлі. Сосын, мына ел оңбайды, елден қуылып кеткен жат элементтердің балалары билік басына  келіп қонып жатыр, – деп бір тоқтаған қарт іштегісін біраз ақтарған соң кішкене құрыс-тырысы жазылып, төсбелгіні қабылдап алып қалды-ау, әйтеуір. Келген соң Бәкең мән-жайын сұрап жатыр, қисық шалдың айтқан екі ауыз сөзін естігенде «А, ол кісі бәрін байқап жатыр екен ғой» деп күбір етті. Одан артық-ауыс әңгіме айтуға болмайтын еді партия қызметкеріне. Заманның ағымын аңғарып, болжап отырса да, тіс жарып сыртқа шығармай, іштей ғана ізденіп, сайланып жүруден басқа айла жоқ. Соңғы кездерде дін бағыттарын, соның ішінде кришнаидті зерттеуге шұқшия кіріскенінің себебі де сол», – деді Есберген Әжібайұлы.

Идеология қоғамдық сананың, қоғамдық пікірдің барометрі сынды – ішкі түйсік пен сыртқы пайымды синтездеп көрсетеді де тұрады. Оның тілін ұққан ғана бір нәрсе түсінеді һәм жұмыс істейді. Сол ұғымталдың бірі – уақытқа саралай көз жүгірте білген адам Бауыржан-тұғын.

«Ол үшін ұсақ нәрсе жоқ. Адам психологиясын өте нәзік сезінеді, қай кезде өзіңді қалай ұстау керектігіне дейін «соқырға таяқ ұстатқандай» қылып миыңа құйып береді. Ақыл-кеңесті қатар жүрсек те, осы Бауыржаннан қысылмай сұрайтынбыз. Бірде аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметіне ұсынылып, облыс басшысының қабылдауына «собеседованиеге» кіруім керек болды. Әуелі келісеркеліспесімді біле алмай, әрі-сәрілеу болып келген менің ол күдігімді «Райком хатшысы сені екінші рет ұсынбайды» деген бірауыз сөзбен сейілтті де, «Кабинет үлкен, жеткенше алшаңдап жүріп алмай, аяғыңды жітірек бас, өзі ұсынбаса, қолыңды ала жүгірме, құдалықта отырғандай алшимай, ішіңді тартып, жинақы отыр» дегенге дейін бағыттай айтып кіргізіп жіберді. Айтқандай, жүгіре басып, қасына жетіп бардым үлкен кісінің. «Асығыссың ғой...» деді салмақпен. Сасқанда «Сіздің уақытыңызды сыйлағаным еді» деген  сөз  түсіпті  аузыма.

– Алдында совхоз директорлығынан неге бас тарттың?

– Ұсынылған шаруашылық таныс болған соң проблемаларын шешу жолдарын айтқанмын... Аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының «Маған келмей жатып ақыл айтатын директор керек емес» деген пікірін естіген соң үйлесе алмайтынымды  түсіндім...

– Атқару комитеті төрағасының орынбасары дегеннің не  жұмыс  екенін  білесің  бе?

– Білмеймін.

– Ендеше, неге келісіп тұрсың? Ауданның басқару құрамына кіріп алып, астыңда машина, қошақан жеп, қыдырып  жүрмекпісің?

Тағы сасып қалдым. Бауыржан «Ойлап сөйле» деген, мұндайда не дерсің.

– Бір досым «Райком хатшысы енді қайтып мұндай ұсыныс жасамайды» деп ақыл берді, – деп сарт еткіздім. Күліп жіберді обком хатшысы. Отыз жастағы оттай жанып тұрған кезіміз ғой. Басқаларымызда албырттық, асығыстық болса да, Бауыржанда ондай «жастық-мастық» жасауға уақыт болған жоқ. Жауапкершілік жүгі ерте есейткен оны. Өмір бойы аузынан шыққан әр сөзі өсиет сияқты санаға жатталып, хатталып қалады. «Өзіңді өзгелер тыңдасын десең, өзгелерді өзің тыңдай біл!», «Байбақты екеніңді білем, бірақ сөз жарыстырма!», «Жанжалға сұранбағанның бәрі жасық емес!» деген сөздерін өсиеттей қабылдап, ұстанымыма айналдыруға тырыстым», – деп толғанды Айдар Тапашұлы.

– «Советский союз – страна дураков» деп ұрандатып, казачество бас көтеріп, бір жағынан «Поколение» дегендер бұра тартып, ызы-қиқы болып жатқан кезеңде Баукең сырқатына байланысты қызметсіз жүргеніне қарамастан, сол қоғамдық топтардың арасында, ішкі саясаттың қайнаған ортасында отырды. Бәрімен тіл табысады, бәрі Тұмановқа келеді. Міне, осы кезде ілгеріректе құрып, доғарыста ұстап келген «Арту» саяси-сараптамалық қоғамдық бірлестігіміз кәдеге асты. Халық арасында анкета жүргізу арқылы қоғамның пікірін зерттеу, болашаққа болжам жасау, ішкі қайшылықтарды реттеп отыру, сайлаулар тұсында елдің көңіл күйін барлау т. б. жұмыстар қызу жүріп жатты. Бұрқ-сарқ қайнаған ішкі саясаттың тынысын қалыпқа келтіріп, байқап, бақылап отырудағы бұл қоғамның үлгісі республика көлеміне таратылды, – деп партшколда бірге оқып, саяси-қоғамдық жұмыстардың қазанында бірге қайнаған «қандыкөйлек» жолдасы Табылғали Сатқалиұлы да біраз қызық-шыжықтың жай-жапсарын  әңгімелеп  берді.

Көңілдің қоңырая қалған сәттерінде анекдоттар тасқынын ағытып, күлкіге көміп-көміп, жарқыратып алатын шалт мінезі болғанын айтқанда ғана жүректерінде мұң барын байқатып алды достар. Сағыныш мұңы. Мақалаға тұздық ретінде бірер анекдотын еске түсіріп берулерін сұрап едім, қолай көрмеді ме, әлде «Бауыржанның өзіндей жеткізе алмаймыз» деді  ме,  тартыншақтай  берді.

Өздерін қаншама сабырлы ұстауға тырысқанымен, 75 жылдығын осылай қарсы алуға тура келгеніне қоңылтақси құлазиды, әрине, көңіл  шіркін!

«Терең өзен шымырлап ағады» дегендей,  қарапайым адами қалпынан бір айнымай, парасат биігінде ғұмыр кешкен жақсы жанның ғибрат өлкесін осылайша бір аралап қайттық. Ақ Жайығы мен адамдарға деген аппақ ниет пен риясыз тілек нұры төгіліп тұр ол өлкеде. Сол еңбегі  үшін де,  шынайы адал пейілі үшін де қадір тұтады Жайықтың киелі топырағы Тұманов  Бауыржан есімін.

Дариға Мұштанова,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале