Көрнекті айтыскер ақын Шолпан Қыдырниязованың фәнидегі сапары аяқталып, бақиға қоныс аударғанына қырық күн болып қалыпты.
«Қыдырниязов» деген фамилияны өткен ғасырдың елуінші жылдарында облыстық «Орал өңірі» («Екпінді құрылыс», «Октябрь туы») газеті бетінен оқып-білген болатынмын. Есімі өңірімізге белгілі журналшы, ақын, айтыскер Хамидолла Қыдыровтың «Шопан-ақын» деген тақырып қойылған мақаласы елді елең еткізген еді. Автор мақаласында қаратөбелік азамат Батыр Қыдырниязовтың талайлы тағдырын көпшілікке паш еткен болатын. Облыстық газетте ақын Қасым Аманжоловпен бір бөлімде қызмет істеп жүрген балауса талант Батырдың ағасына «халық жауы» деген жала жабылады. Сталиндік заң қатал. Батыр Қыдырниязов қызметтен қуылып, Орал қаласынан аластатылады. Ағасының кебін киюден сұрапыл соғыс арашалап қалса керек. Батыр Қыдырниязов майданда жаумен аянбай шайқасып, ауылына мүгедек болып оралады. Батыр ағамыздың қалам қайраткері болам деген арманы ішінде тұншығып қала барады. Отбасын асырау үшін колхоздың қойын бағуына тура келеді.
«Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деп бекер айтылмаса керек. Шолпан мектеп оқушысы кезінде қолымен қалам ұстай алмайтын әкесінің аузынан шыққан жыр шумақтарын қағазға түсіріп алатын. Сол өлеңдер аудандық, облыстық газет беттерінде, республикалық «Ара» журналында жарияланып жататын. Осылайша, Шолпанның өзі де қаламгерлік жолға бағыт ала бастайды. Орта мектепті бітірген бойда аудандық «Еңбек туы» газетінде қызмет етеді. 1971 жылы Орал мемлекеттік педагогикалық институтын тәмамдағаннан кейін мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болады. Бұдан кейін аудандық газет редакциясына жауапты қызметке жолданады.
Шолпан Батырқызы біршама жыл Қаратөбе ауданы басшылары қатарында қызметтер атқарды.
Ол ең алдымен елге айтыскер ақын ретінде танылды. Шолпан қарындасымыз талай мәрте аудандық, облыстық, аймақтық, республикалық, тіпті, халықаралық айтыстарға түсіп, бабы келісіп, қатарынан оза шауып, бақ жұлдызы жарқырады. Шолпан Қыдырниязова Қазақстанда соңғы елу жылдағы айтыс өнерінде айтарлықтай із қалдырды. Ол республикамыздың облыстарындағы маңдайалды ақындармен шеберлік сынасты. Қазақтың ұлттық айтыс өнеріне сыршылдық, биязылық, юмор сынды қасиеттерді әкелді. Шолпан ақынмен алда жүрген Көкен, Манап, Тәушен сияқты аға-апалары, Әселхан, Әсия, Елеусіз, Жаниба, Серік сияқты қатарластары қатты санасатын еді. Жүлде жөніндегі пікірталастарда Шолпан Батырқызының пікірі таразы басын теңдеп отыратын.
Ол облысымыздағы айтыскер ақындардың көшбасшысы бола білді. Өз басым әртүрлі дәрежедегі айтыстарда қазылар алқасы құрамында, кейде кеңесші болып сөз сүлейлерінің ортасында жүргенімді қазір сағына еске аламын. Шолпан айтысар тұсында арқаланып, жанары ұшқын атып, рухтанып кетуші еді. Өзі бастап барған ақындар сахнаға шыққанда, намысқа шауып, жанын қоярға жер таппай, күйіп-пісіп дегендей, алуан сезім жағдайында болатыны көз алдымда.
Өткен ғасырдың сексенінші жылдары басында Алматыда КСРО Жазушылар және композиторлар одақтарының мүшесі, Жамбыл бастаған жыр алыптарының ең соңғы өкілі, халық ақыны Кенен Әзірбаевтың 90 жасқа толуы кең түрде аталып өткен еді. Халықаралық ақындар айтысына туысқан республикалардан жүлделі жүйріктер келді. Кенен ата қазылар алқасының құрметті төрағасы болды. Осы аса беделді шарада Шолпанның айтыскер ақындығы жарқырай көрініп, бас жүлдеге ие болды. Іле-шала оған ауылдағы өнер адамдарының қолы жете бермейтін «Қазақ ССР-ның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» атағы берілді.
Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған кезден бергі жылдар бедерінде Шолпан Қыдырниязова белсенді еңбек етті. Соның ішінде, айтыс өнерін дамыту жолында тер төгіп, жас буынды тәрбиеледі. Ақындық, журналистік салада еңбектеніп, бірнеше кітап шығарды. Баспасөзде, көгілдір экранда, сахна мінберінен көрініп, көпшілікті тәрбие, тағылым-танымдық бағыттағы тұшымды ой-толғамдарымен риза етті. Облыстық тілдерді дамыту басқармасының тізгінін ұстағанда, мемлекеттік тіл статусына ие болса да, қанат жая алмай тұрған қазақ тілінің өрісін кеңейтуде батыл қадамдар жасады. Елді мекендердің байырғы атауын қайтару, көшелердің атын өзгерту, іс-қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу, жалпы білім беретін мектептер, орта арнаулы, жоғары білім беретін оқу орындарында, мекеме, ұйымдарда қазақ тіліне батыл жол ашу күн тәртібіне қойылды. Шолпан Батырқызы басқарма басшысы ретінде зиялы қауым өкілдерімен қоян-қолтық қызмет істеуді жүзеге асырды.
Шолпан Қыдырниязова қай салада қызмет етпесін, іске барын салатын, көпшілікті соңынан ілестіре білетін қайраткер жан еді.
Біз, қаламдас-қатарластары Ақ Жайықтың атын шығарған тұлғаны ұмытпақ емеспіз!
Айтқали Нәріков,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты