Оралдағы Достық үйінде қоғам қайраткері, жазушы, ғалым Энгельс Ғаббасовтың өмірі мен шығармашылығына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Аталмыш жиын алдында Энгельс Ғаббасовтың атындағы кабинет таныстырылды. Онда тұлғаның қолданған жабдықтары, марапаттары мен қолжазбалары, суреттері сақталған. «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Нұрғали Жолдасқалиев конференцияны жүргізіп отырды. Сондай-ақ ол Э. Ғаббасовтың ел әдебиетіне, мәдениетіне, қоғамдық-саяси өміріне қосқан үлесін келешек ұрпақ білу керектігін тілге тиек етті. Алқалы басқосуға Э. Ғаббасовтың қарындастары педагогика ғылымдарының кандидаты Шолпан Набидоллина мен Ж. Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледждің оқытушысы Гүлнәр Ғаббасова және зиялы қауым өкілдері, студенттер қатысты.
– Қазақстан халқы ассамблеясының 30 жылдық тарихы елдің саяси жүйесінің маңызды бір бөлігіне айналды. Бұл ұйым мемлекетімізде тұратын түрлі этнос өкілдерін бірлікке шақырып, елдегі демократияның қалыптасуына үлес қосты. Энгельс Ғаббасов – ассамблеяның құрылу тарихында өзіндік із қалдырған тұлға. Ол 1995 жылы облыс әкімі Қ. Жақыповтың бұйрығымен Қазақстан халқы ассамблеясы БҚО филиалының бас хатшысы болған. Қоғамдық келісім мен татулықты нығайту жолында еңбек еткен. Энгельс Ғаббасов 2011 жылы жазған жазбасында «1994 жылы Қазақстан Конституциясының жобасын талқылауда сөз сөйлеп, ассамблеяны құру туралы бірнеше ұсыныс жасадым» деген екен. Ол 1996 жылы ҚР Парламенті Сенаты депутаттығына сайланды. Сөйтіп, Сенатта ҚР Халықаралық байланыс пен қауіпсіздік комитетінің мүшесі болды. ҚР Парламенті палаталарының Сынақ полигондары жөніндегі бірлескен комиссияның төрағасы қызметін атқарды. «Капустин Яр» полигонындағы әскери сынақты жабуға күш жұмсап, радиацияға шалдыққан және туған өлкеден өзге аймақтарға көшірілген жандардың мүддесін қорғады. Талай биік мінберлерден батыл ұсыныстар айтқан болмысы дара жан, – деді Шолпан Сағатқызы.
Энгельс Ғаббасов 2006 жылы РФ-ның шекаралас облыстарының халықаралық форумы болғанда РФ Президенті Владимир Путинге ашық хат жолдап, сынақ алаңының зияны туралы нақты ақпараттар ұсынған. Содан кейін РОСКОСМОС агенттігінің басшысы А. Лопатин ракеталарды сынақтан өткізу барысында жіберілген қателерді мойындап, хатына жауап берген.
Э. Ғаббасұлының жазушылық өнерін де жұртшылық жақсы біледі. Оның соғыс тақырыбында жазған «Соқпақ үзілмейді», «Аман бол, жаным, аман бол», «Неміс қызы» деген секілді повестері бар. Шолпан Сағатқызының айтуынша, Э. Ғаббасовтың алдағы жылдардағы ауа райына жасаған болжамы дұрыс келеді екен. Тіпті ауыл тұрғындары ол кісіден қай уақытта шөп шабу керектігін, қыс қай уақытта түсетінін, көктем қай уақытта шығатынын сұрайды екен. Тоқсаныншы жылдары құрғақшылық болып, астық ору мәселесі бірінші сатыда тұрған. Ел Президентіне Солтүстік Қазақстана егін жақсы шығатынын зор сеніммен айтқан. Болжамы орындалғанда Нұрсұлтан Назарбаев оған риза болып, қолындағы алтын сағатын сыйға берген. Қаламгер бағалы бұйымын Казталов ауданындағы Көктерек мектебінің музейіне табыстаған. Қазір ол жәдігер облыстық тарихи өлкетану музейіндегі алғашқы Президент залында сақтаулы тұр. Шолпан Сағатқызы Орал қаласының көшелерінің біріне Э. Ғаббасовтың есімін беріп, оның тұрған үйінде ескерткіш тақта орнату керектігін айтты.
Іс-шара соңында студенттер ел азаматына арналған өлеңдерді оқып, пікір алмасты.
Нұрым Ғұмар,
«Орал өңірі»