Орал қаласындағы М.Ықсанов атындағы №36 орта мектепте көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Мұстақым Ықсановтың туғанына 97 жыл толуына орай «Ер есімі – ел есінде» атты еске алу іс-шарасы өтті.

Оған шақырылған меймандар, аталған мектептің мұғалімдері мен оқушылар және қаладағы сегіз мектептің директорлары қатысты. Жиын аталған мектеп алдындағы қайраткердің ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен басталды. Бұдан соң мектептің барлық сынып кабинетінде «М.Ықсанов – біртуар жан, асқақ тұлға» атты танымдық сағат өткізілді.

Мысалы, 8-сынып жетекшісі Самал Бақтығалиқызы өткізген тәрбие сағатында «Бала Мұстақым» деп аталатын оқушылар сахналаған тарихи-танымдық көріністе қайраткердің жасөспірім шағындағы жұртшылықтың есінде қаларлық жайттар айтылса, «Аға Мұстақым» атты бөлімде М.Ықсановтың есейіп, ересек тартқан кезінде қоғамдық қызметке, саясатқа белсене араласқаны баяндалды. Сынып сағатында, сондай-ақ қайраткердің өмірі мен қызметіне байланысты оқушыларға танымдық сұрақтар қойылып, оған тұшымды жауаптар қайтарылды. Іс-шараға қатысушылар мектептегі қайраткерге арналып жасақталған музейді аралап, ондағы жәдігерлермен танысты.
Мемлекет және қоғам қайраткері М.Ықсановты еске алу іс-шарасы бұдан әрі «Жарқын бейне» атты кездесу кешіне ұласты. Танымал тұлғаның адами болмысын, еңбекқорлық қасиетін жас ұрпаққа үлгі ету, насихаттау бағытында өткізілген кешті М.Ықсанов атындағы №36 орта мектептің директоры Ерік Темірғалиев ашып, қайраткердің еліміздің және облысымыздың қоғамдық-саяси және мәдени-рухани өміріне белсене қатысқан бірегей басшы болғанын айтса, кеш меймандары, М.Ықсанов атындағы облыстық қоғамдық қордың төрағасы Асқар Атаев, мәдениет саласының үздігі, еңбек ардагері Айдар Батырханов, білім беру ісінің үздігі, зейнеткер ұстаз Нұржиян Елеуова Мұстақым Біләлұлының адамгершілік қасиетін, кісілік келбетін, ағалық қамқорлығын, Жайық бойын жаңартуға, жаңғыртуға арнаған қарымды да жарқын ісін кеңінен баян етті.
Кеш барысында арман мен мақсатқа ұмтылған бала Мұстақымның дана Мұстақымға айналудағы өмірі мен еңбек жолы арқау болған «Жарқын бейне» атты деректі бейнебаян көрсетілді.
Жиын соңында М.Ықсановты еске алу іс-шарасында мұғалімдер мен оқушылар арасында өткен тоғызқұмалақтан, шахматтан ашық турнир және сурет байқауы қорытындыланып, жүлделі орын алғандарды марапаттау рәсімі өтті.
Нұрым Нұрманов