1.08.2022, 9:30
Оқылды: 20

Қайсар мiнездi Сарман би

Исатай-Махамбет көтерілісі қазақ халқының ұлт-азаттық күрестері қатарындағы ең маңыздылардың бірі болып есептеледі. Ол – шегі көрінбейтін мұхит тәрізді мол дүние. 

InShot_20220801_082823922

...Көтерілісшілер жеңіліске ұшырап, қосымша қол жинамақ мақсатпен Кіші жүзді аралап кеткен екі батырдың іс-әрекеттерін тыңшылар қадағалап отырғаны және із қуалап жүргендері белгілі. Батырлардың көзін жойып жіберуге құн да белгіленгені тарихи шындық.

Көтеріліске жаңа серпін беремін деп ұмтылыс жасап жүрген Исатай батырдың тағы бір ерлігі мен көсемдік қасиетін айқындайтын көпке белгілі ерекше тарихи оқиғаға келесі жылы 175 жыл толады. Ол Исатай батырдың Адай-Кете текетіресіне төрелік жасап, тоқтатудағы табандылығы. Бұл оқиғаны белгілі жазушы, тарихшы Әнес Сарай «Исатай және Махамбет» атты зерттеу кітабында анық-қанығын айқындап, жақсы баяндаған. Және ақын-жырау Ығылман Шөрекұлының дастанында айтылады дейді көнекөз ауыз­екі ақпарат жинақтаушылар. Біріншіден, ел аралап жүріп, Исатай батыр халықтың ақ патшаға, шен-шекпенге сатылып, солардың саясатын жүргізіп отырған хан тұқымына жан-тәнімен қарсы екенін онан әрі терең түсінеді. Сонымен қатар руаралық барымта-сарымталардан бастары өзара бірікпей отырған халықтың өзінің негізгі жауына қарсы «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара» алмай отырғандығы да өкінішті еді. Солардың бірі Адай-Кете арасындағы алты жылдай уақытқа созылып, асқынып тұрған текетірес дау.

Жер мен теңіз арасындағы Қарақұм шабындығын бірде Адайлар, бірде Кетелер қыстап жүретін. Бірақ жер Кетелерге қарасты болған екен. 1834 жылы күзеуде Кетелер әлгі Қарақұмда көп шөп шауып, малға азық болсын деп қысқа дайындалады. Адайлардың да үміті осы жерде қыстау еді. Кетелердің дайындықтарын көріп, олар маяланған шөптерге малын жайып қоя береді. Бұл жағдай арақатынасты шиеленістіретін тағы бір оқиғаға әкеліп соғады. Сойыл сілтескен сойқында Адайдың сыйлы азаматы Құдайберген жан тәсілім қылады. Кетелер Адайларды қыстағына кіргізбейді. Ерегескен Адайлар Кетелердің маялаған шөптерін өртеп кетеді...  Кісі өлімі орын алған оқиға Кетелерді де қатты ойландырады. Қателік болғанын өзара мойындап, екі араны бүтіндеу  үшін бітімгершілік мақсатпен елшілікке кімді жібереміз деп ақылдасып отырған ру ақсақалдарының алдына өз орталарынан Сарман би көтеріліп, елшілікке баруға дайын екенін білдіреді. Әртүрлі күдікті ойлар айтылғанымен, елге белгілі, сөзге шешен, білегі мықты, Адай жұртын етене танитын  батыр Сарман би өзінің  беталысынан қайтпайды. Тіпті Адайларды ыза кернеп отырғанын білетінін айтып, жанына екі жігітті қосуын талап етеді. Бұл лаулап, жанып тұрған отқа оны сөндіремін деп кірумен тең шешім еді... Әлі де кідіре тұрайық деушілер де болған көрінеді, бірақ Сарман би еш сөзге құлақ аспай, жігіттерімен жүріп кетеді... Жол сонша алыс болмағандықтан, Кетелер мазалары қашып, асыға хабар күтеді.

Толық нұсқасын "Орал өңірі" газетінің  №89 нөмірінен оқи аласыздар!

Серікқали Бисақаев,

техника ғылымының докторы,  

ҚР мен ТМД елдері академияларының академигі,

Нұр-Сұлтан қаласы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале