Казталов ауданында «Қаладан – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасы аясында 142 баспана бой көтерген. Бүгінде жас отбасылар көшіп келіп, үйлі болуда. Осының нәтижесінде Талдыапан ауылдық округінде де тұрғындар саны көбейіп келеді. Аталмыш округ әкімі Қайырлы Жұмағалиев бұл жөнінде кеңінен тарқата айтып берді.

– Бүгінде мемлекет ауылдық жерлерде тұрғындар санын арттыру мақсатында жас отбасыларға қолдау-көмек көрсетуде. «Қаладан – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасы – осының бір дәлелі. Талдыапан ауылдық округіне қарасты бірнеше ауыл бар. Олар – Қособа, Бейетерек, Қайшақұдық, Сарықұдық ауылдары. Аталмыш бағдарлама негізінде Сарықұдыққа екі, Қайшақұдық елді мекеніне екі отбасы көшіп келді. Көшіп келген азаматтар тұрақты жұмыспен қамтылып, көпбалалы жанұяларға атаулы әлеуметтік жәрдемақылар берілуде. «Қаладан – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған үйлердің қаражаты 31 млн теңгені құрайды. Бұл үйлер отбасыларға несие ретінде 15 жылға бөліп төлеуге беріледі. Ай сайынғы төлем – 12 916 теңге. Қазіргі таңда аталған бағдарлама бойынша Қайшақұдықта екі пәтерлі бір үйдің құрылысы басталды. Сондай-ақ Қособа, Сарықұдық ауылдарына баспаналар салу жоспарлануда, - деді округ әкімі.
Талдыапан ауылдық округіне қарасты Қайшақұдық ауылында 159 тұрғын, 27 үй бар. 2024 жылы аталмыш бағдарлама негізінде төрт отбасы көшіп келген. Солардың бірі – Аян Бақтыгерей. Қазір ол жанұясымен Казталов ауданына қарасты Талдыапан ауылындағы Қайшақұдық елді мекенінде тұрып жатыр.
– Өткен жылдың тамыз айында «Қаладан – ауылға!» бағдарламасы бойынша Қайшақұдық елді мекеніне көшіп келдік. Оған дейін он екі жылға тарта Орал қаласында пәтер жалдап тұрдық. Бұл ауылда ағайын-туыстарым бар. «Қаладан – ауылға!» бағдарламасы туралы осы жақындарым құлағдар етті. Кейін бұл жөнінде әкімдік қызметкерлеріне хабарласып, анық-қанығын сұрадым. Олар егжей-тегжейлі ақпарат берді. Ауылдағы жаңа баспананы салуға атсалысып, құрылысы аяқталғанша жалақы алдым. Сөйтіп, қазір өзім іргетасын қалаған үйде тұрып жатырмыз. Үйіміздің ауласы кең, жарық және жылу жүйелері жақсы жұмыс істеп тұр. Болашақта балаларыма атакәсібімізге айналған мал шаруашылығын үйреткім келеді. Төрт баламның екеуі мектептің бастауыш сыныбында білім алады. Ауыл азаматтары мен шаруа қожалықтары үш ірі қара, онға жуық қой-ешкі тарту етті. Енді осы жаз мезгілінде қора-қопсыны реттемекпін. Жұбайым ауылдық мектепте аспаз болып жұмысқа орналасса, мен ауыл жанындағы «Ет индустриясы» ЖШС базасында еңбек етудемін. Бұрын вахталық негізде жұмыс істейтін едім. Отбасымның жанында, жайлы баспанама жақын жерде жұмыс істегенге не жетсін! Көпбалалы жас отбасыларға осындай мүмкіндік берген мемлекетке, әркез қолдау-көмегін аямайтын ауыл азаматтарына алғыс айтамын, – деді аталған бағдарламаның игілігін көріп отырған Аян Тұрсынғалиұлы.

Айта кетелік, Талдыапан ауылының маңында «Ет индустриясы» ЖШС мал бордақылайды. Кәсіпорын 2019 жылы салынып, жұмысын бастаған. Бүгінде 50 азаматты жұмыспен қамтып отыр. 37 жұмысшы – ауыл тұрғындары.
Нұрым Ғұмар,
«Орал өңірі»,
Казталов ауданы