Облыста прокуратура құрылымдарымен мемлекетке қайтарылған активтер есебінен әлеуметтік нысандар салына бастады. Соның бір айғағы – Сырым ауданының Бұлдырты ауылындағы жаңа дәрігерлік амбулатория.

Сурет сайт архивінен
Емдеу мекемесінің ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Тілепберген Каюпов, аудан прокуроры Ершат Камбетов, аудан әкімі Жұмакелді Батырниязов және ауыл тұрғындары қатысты.
Бұған дейін ауыл тұрғындарына медициналық қызмет 1968 жылы салынған ескі амбулатория ғимаратында көрсетіліп келген. Уақыт өте келе ғимарат апатты жағдайға жетіп, қазіргі талаптарға сай болмай қалды.
Жаңадан бой көтерген амбулатория бір ауысымда 40 адамды қабылдап, ауыл тұрғындарына сапалы әрі дер кезінде алғашқы медициналық көмек көрсетеді. Бұл – халықтың өмір сүру сапасын арттыру мен денсаулығын нығайту жолындағы маңызды қадам. Медициналық мекеме заманауи құрал-жабдықтармен толық жабдықталған, науқастарды қабылдауға және оларды профилактикалық тексерулерден өткізуге барлық жағдай жасалған.
Жалпы, өңірде қайтарылған активтер есебінен денсаулық сақтау және сумен жабдықтау салаларын қоса алғанда, әлеуметтік нысандарды салу және қайта жаңарту жобалары жүзеге асырылуда.
Гүлсезім Бияшева,
«Орал өңірі»