6.10.2022, 10:16
Оқылды: 429

Қайыржан Хасанов жолы...

«Өзіңнен өзгені әулие сана» деген сөз бар қазақта. Мәнісін түсініңкіремей жүруші едім, шынымды айтсам.

WhatsApp Image 2022-10-06 at 09.44.50

...Бәрі Қаратөбеде өткен айтыс кезінде басталды. Айтыскер ақын, марқұм Александр Қауеновтың 70 жылдығына арналған жыр аламанының үстінде Ақ Жайық сайыскерлерінің көшбасшысы Бауыржан Халиоллаға залдан сәлем жетеді «Алда Алматы айтысына жол жүргелі отыр екенсіздер,  айтыскерлердің біреуіне демеуші болайын» деген. «Қамшы салдырмай», сұратпай  мырзалық танытып отырған жігіт – Қаратөбе топырағында туып-өскен Хасанов Ержан Қайыржанұлы екен. Бауыржан сол жерде кері «сообщение» жазады: «Алла разы болсын.  Ал әкеңіз Қайыржан ағаның 80 жылдығына бір айтыс жасамаймыз ба?». Іле «Жасайық...» деген жауап келеді.

WhatsApp Image 2022-10-06 at 09.44.43

«Темірді қызған кезінде соқ» дегендей, үшбу әңгімені Бауыржан сол жерде, Қаратөбе Мәдениет сарайының төрінде тұрып жариялап жібергені! Жариялағанда жай жариялау емес,  аяғында «Қайыржандай  ағаның еңбек жолы мен өмірін дәріптеу бір ғана облыс көлеміндегі айтысқа сыймайды,  меніңше,  республикалық айтыс жасауымыз керек деген ұсыныс айтамын және ұсынысым бәріңізден қолдау табады деп ойлаймын»  деп қосып қойды. Дүр етіп қол соқты Ел!

Арада аз уақыт өтіп, сол Бауыржан Халиолла әлеуметтік желідегі парақшасына «ЕЛІМ ДЕЙТІН ЕР ТУСА...» деген пост салды.

«...Сөздің қысқасы, бүгін бір ұлтжанды азаматпен, тектінің тұяғымен ұзақ әңгімелесіп, қыркүйектің орта шенінде дүркіреген республикалық айтыс өткізетін болып келістік. Барлық ауыртпалықты ел өнері үшін көтеремін деген уәдесін берді. Бюджеттің қаржысы түсінікті, басыңа жамылсаң, башпайың шығып жатады. Оның үстіне, қаншама машақаты бар.

Жергілікті билік қолдаудан кенде емес. Бірақ өзіміз де талпыныс жасап көрейік. Ал әзірге ол азаматтың аты-жөнін құпия сақтағанды жөн көрдім. Өзі де дабыралатып жарияламауды өтінді. Жақындағанда бәрін естисіздер, құлағдар боласыздар.

WhatsApp Image 2022-10-06 at 09.44.46

Сонымен, ел азаматтары оянды. Алда Жайық толқынын тулатып, жағасын шулататын жыр жәрмеңкесі, ақындар айтысы, арқалы  жүйріктер аламаны басталады. Жүрсін Ерман бастаған өнер көші келеді!» делінген онда.

Қайыржан ағаның көзін көре қалсақ та, өлкетанушылық еңбектерінен (бір ғана ауданның шежіресінен 140-тай кітап жазып қалдырған!) біраз хабардар болсақ та,  ол кісінің  тегі, әулеті туралы түк те білмейді екенбіз. Түк те!  Егер  бұрынғылардың «Өзіңнен өзгені әулие сана» дегеніне сайып, Қайыржан Хасановтың осыншама елжандылығының, жаяулап жүріп ел тарихын дестелеп жинаған жанкештілігінің сырына үңілер едік. Үңілер едік те,  ол кісінің туған атасы Төлеген Иманғазиев деген адамның тау тұлғасымен танысар едік. Тау тұлға деуімізге негіз бар,  ол кісі Ахмет Байтұрсыновтың өзімен Орынбор семинариясында  бірге оқыған! Сол жерде сегіз жыл қызмет еткен сосын! Алаштың сиездеріне қатысқан. Аумалы-төкпелі,  алмағайып заманда болыс та болған, Алаштың милицияларына сабақ та береді. Алаш тараған соң түрлі қызметтер атқарады. Қаратөбе ауданының Саралжын ауылдық округіндегі Сәуле атты шағын ауылдың Жақсыбай мектебінде көп жыл қызмет еткен. Қазақтан шыққан тұңғыш мұғалімдердің бірі – Төлеген Иманғазиев. 1918 жылы Қаратөбеде өткен Күнбатыс Алашорданың  І сиезіне және одан кейінгі  сиездеріне де қатысқаны үшін 1938 жылы «халық жауы» ретінде Орал түрмесінде атылып кетіпті. Сол Сәуле ауылында, сол үйде 1942 жылы Төлеген атаның Құспан деген ұлының баласы дүниеге келеді. Қайыржан деп қояды атын! Әке ұсталып, артында Хасан, Құспан, Әсет, Қали деген перзенттері құлазып қалған қара шаңырақта туған ұлға бұл есімнің қалай беріліп тұрғаны енді  түсінікті  болар?

Қолы – байлауда, тісі – қайрауда, арманда кеткен  асыл әкенің орнына «Алланың Қайырып бергені болғай» деген үмітшіл тілек, ырым ғой сол.  Қайыржанның әкесі Құспан 1942 жылы соғыста қаза табады. Ал  жас сәби Қайыржанды  әкесіз жетім атандырмау үшін Құспанның ағасы Хасан өз атына жаздырып, қамқорлап өсіреді.

Қилы-қилы заманды басынан өткерген қазақ шаңырақтары не қиынды кешпеді дейсіз... Сол Төлегендей текті атасының атына немересін жаздырудан да, жасқанған заманның бір куәсі ғой  бұл да. Ержеткен соң Қайыржан ағамыз құжатта тегі жазылмаса да, өз аты-жөніне «Төлегенұлы» деп қосады екен атасының атын. Журналист ретіндегі псевдонимі де – Қ. Иманғазиев болыпты!

«Шұғаның – қиығы да шұға»  дегендей,  бұл әулет ұрпақтарына түп-түгел ҰСТАЗ мамандығының сәулесі дарыған. Төлеген атадан бастап оның бала­лары – Әсет, Хасан, Қали  үшеуі де мұғалім болған. Хасан балалары – Қайыржан, Ыбырай, Айданай – мұғалімдер. Хасанұлы Сұлтаннан, Ыбырайдан, Айданайдан көрінген немере-жиендер де мұғалімдер. Қали Төлегенұлының қыздары Рая, Таңсұлу да мұғалімдер. Қайыржан немерелері ішінде де мұғалімдер бар. Қайыржанның балалары Ғабит, Сәбит, Сәтжан, Ержан, Нұржан – барлығы ұстаздар. Соның ішінде Ғабит Қайыржанұлы – филология ғылымдарының докторы. Сәбиттің, Сәтжанның ғана жолдастары дәрігер, қалғандары – ұстаз! Алланың қайырғаны, есесін толтырғаны деген осы емес пе? Әрине, осы!  Жә,  айтпағым – мамандық емес.  Енді манағы айтыстан басталған әңгімеге қайта  оралайық.

Сонымен, біздің өлкеде бірінші рет әкелеріне айтыс арқылы ас берген  әдемі күн өтті. Алматыдан Жүрсін Ерман бастаған Алты Алашқа аттары белгілі азаматтар, азулы ақындар  келді оған. Облыс әкімшілігінің өзі қи­налып кететін айтыстың шығындарын түп-түгел ұрпақтары, оның ішінде Ержан мен Нұржан көтеріп алғанын естігенде, басқаны білмеймін, өз басым таңырқадым. Таңырқадым да бұл екі жігіттің есіміне үңілдім.

М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың түлегі Ержан Қайыржанұлы еңбек жолын Қаратөбе аудандық білім бөлімінде мектеп инспекторы болып бастапты. Сол кезде білім саласына келген жас мамандардан «Жас ұстаз» ассоциациясын құрып, жаңаша тыныс, тың ізденістердің көзін ашқан.

Серпіліс берген. 2003 жылы  «Мағжан» атты жеке кәсіпкерлік компаниясын құрады. Кәсібі өрлеп, бүгінде ісі қанатын кеңге жайған іскер азаматтар қатарында елдің өркендеуіне дендеп үлес қосып жүр екен. Ал  Нұржан болса, 2014 жылы мұнай-газ саласындағы шетелдік корпорацияның шақыруымен Дубай қаласына көшіп, сатып алуды қамтамасыз ету және мердігерлерді басқару бөлімінің бастығы  лауазымына  тағайындалады. 2015 жылдан қазірге дейін шетел­дік мұнай-газ корпорациясында бөлім бастығы қызметін атқарып жүр.   «Ақсұңқар құстың баласы бауырына басып жемейді, жан-жағына шашып жейді» дегеннің шынайы  үлгісін мен осы екі жігіттің  тындырып жүрген істерінен көрдім. Қараңызшы,  Ержан қанатының астына алып,  құрылтайшысы болып отырған  Орал инновациялық білім лицейі, Астана қаласындағы дарынды қыздар лицейі, Алматы,  Атырау медреселерінің шәкірттері – бәрі осы  Қаратөбеден шыққан ұстаздар әулетінің шапағатына бөленулі.  Ел басына күн туған пандемияның кезінде  2 000 000 теңгеге індетпен күреске қажетті құрал-жабдық сатып алып таратқан. Қаратөбеге жақындай бергенде  алыстан «Қош келдіңіз!» деп қол бұлғап қарсы алатын еңселі қақпа да Ержанның  туған ауданның 90 жылдығына жасаған тартуы.Ержан 2021 жылдың желтоқсан айында Павлодар қаласында өткен республикалық «Жомарт жүрек» сыйлығының «Туған өлке» номинациясы бойынша жеңімпаз атанып, Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрімен туған өлкемізді дамыту туралы жиында кездескен. Нұржан Қайыржанұлы болса, 1,6 млн теңге қаржы жұмсап, Сәуле ауылына балалар ойнайтын арнаулы алаңқай  салдырыпты. 2019 жылы Қаратөбе ауданы бойынша өткен «Жомарт жүрек» жерлес-меценаттар жиынына қатысып, қоғамдық белсенділігі үшін «Жыл тұлғасы» атанған Нұржан бұл!

Марқұм Қайыржан ағаның өзі «ана бір науқан» кезінде «Біз баяғыда рухани жаңғырып кеткенбіз» деп күледі екен. Десе, дегендей, бұл әулет – Қайыржан аға бастап, кейін ұлдары жалғастырып, Сәуле ауылындағы мектепті 2013 жылдан бері үзбей қамқорлап келеді. Ол қамқорлықтың ішінде бәрі де бар. «Балдырған»,  «Ұлан», «Ақ желкен» журналдарына  жаздырып беру, мектептің терезе жапқыштарын толық жалюзиге ауыстыру... Бірінші сыныпқа баратын балаларды түгел оқу-құралдарымен қамтамасыз етудің дәстүрге айналғаны сонша, бүлдіршіндер оқу жылы жақындаған сайын жол қарап, күтіп жүретін көрінеді Төлеген Иманғазиевтің ұрпақтарын. Соны білген Хасановтардың қалай да біреуі барып, сый-сияпатын үлестіріп кетеді екен. Биыл Сәбит келіпті. Қыздарға – қызыл, ұлдарға – көк рюкзактан бастап, ішіне салатын керек-жарақ, оған қоса спорттық киімдер алып келген. Балаларды қуантқан үлкен жүрек иелерінің өздерін көргенде, мүлдем сондай Қазақстанға әйгілі адамдар деп ойламайсың. Қарапайым. Кішіпейіл. Жүздерінен нұр, жанарларынан шуақ төгілген екі жігіт. Амандасулары бөлек! «Қазақстанның жаңа есімдері» қатарында жарқырап, меценат атанып жүрген жерлестердің түк мақтаныш, титтей мардамсудың ұшқыны жоқ бітім-болмыстарына еріксіз  риза  боласың.

Үндерінен – бір адами сарын,  мінездерінен – бәрібір, сол ұстазға тән этикет-қалыпты байқайсың. Ойлаңызшы, Қаратөбенің қақ ортасынан, бұрынғы сол Алашорданың І сиезі өткен үйдің орнынан 100 миллион теңгеге  келістіріп тұрып өлке және Алаш тарихына арналған мемориалдық музей салып берген және оны ауданға сыйға тартқан осы Ержан мен Нұржан (суретте). Ол музей «Алаш және Қайыржан  Хасановтың өлкетану музейі»  деп аталады. «Атадан ұл тусайшы, Атаның жолын қусайшы» (Махамбет) дегеннің үлгісі ме? Үлгісі. Енді ол музейдің директоры болып Сәбит Қайыржанұлы әке ісін  әрі  қарай  жалғастырмақ.

Айтып кетсең, ұлағатты істер тізбегі көп-ақ. Айта да бергің келеді, бірақ газет көлемі көтермейді ғой... Ержанның ұлдарының аты – Мағжан,  Әлихан!  Нұржанның бір қызының есімі – Айнамкөз. Сал Мұхиттың «Айнамкөзі!». Қайыржан ағаның өмірлік серігі – Ырысты апай да ұстаз.  Тарих пәнінің мұғалімі. Аналарының көзіне қарап, айтқызбай түсінетін бес ұлды қалай тәрбиелегеніне еріксіз сүйсінесің.

Ұстаз бақыты – үйінен басталады екен-ау... Сол музейді тапсыру, қабылдап алу сәтінде Ержанға Қаратөбе ауданының құрметті азаматы деген атақ берілді.   Толқынысты сәт.  Лайықты құрмет. «Атамекен»  мәдениет  пен өнер сарайында өткен  республикалық айтыста Қайыржан Төлегенұлы Хасановтың есімі жарқырап,  жыр болып төгілді. Ұстаздар әулетінің тағы бір ұлағатты, өнегелі ісі  осы болды, міне.

Сөзімнің басында айтқан «Өзіңнен өзгені әулие сана» дегеннің мәнісі – «Адамды таны, таны да құрметте!» деген сөз бе деп түйдім. Түйдім де төмендегі  жыр  жолдарын  арнадым:

Жидашы,  ғалым да өзі, ақын да өзі,

Қаттаған туған жерге нақылды өзі.

Қарайды Қаратөбе биігінен

Қайыржан Хасановтың  Ақыл Көзі.

Сөйлетіп шежірелі дастандарын,

Көмілген жұмбағының ашқан бәрін.

Қайыржан Хасановтай кім түсінді

Түгелдер асылды – кез басталғанын?

Түгендеп ақтаңдақта атылғанын,

Түгендеп, боздақтарын,  ғапылдарын

Құмдағы Құныскерей ізін шалды,

Үн қосар, батыр болмай, батырға кім!

Түгелдеп бұлбұлын да даласының,

Бір-бірлеп сомдап өткен сан асылын

Берсінші, «Менмін!» деген  перзенттерге –

Қайыржан Хасановтың жарасымын.

Жымиып жылулықпен айналаға,

Білгенін жеткізетін майда ғана.

Ұлдары Қаратөбе құмдарының

Дараға осылайша айнала ма?!.

Жидашы. Ғалым да өзі. Ақын да өзі,

Бұл күнде алыс та өзі. Жақын да өзі.

Қарап тұр Қаратөбе биігінен

Қайыржан Хасановтың Ақыл Көзі.

  1. S. 2013 жылдың күзінде Сәуле ауылындағы мектептің сыртына Төлеген Иманғазиевке ескерткіш тақта ілінген. Ал келер жылдың көктемінде  дәл сол тақтаның астынан, іргетас түбінен шыбық өсіп шығыпты. Қазір жапырағын жайған бәйтерек.

... «Әулие» демей, не дерсің!

Дариға Мұштанова, 

«Үзіліс» арнайы бетінің қоғамдық редакторы,

Ы. Алтынсарин белгісінің иегері,

ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері,

ҚР Мәдениет саласының үздігі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале