8.04.2025, 12:15
Оқылды: 215

Қала көркейіп, саябақтар жаңғыртылады

Орал қаласының әкімі Мұрат Байменов жергілікті  бұқаралық  ақпарат  құралдарының  өкілдерімен  кездесіп,  баспасөз  мәслихатын  өткізді. Журналистердің сұрақтарына  жауап  берді.

DSC04548

– Менің бұл қызметке тағайындалғаныма бес айға жуық уақыт өтіпті. Шаһарда атқарылып жатқан жұмыс та көп, алға қойған жоспар да аз емес. Былтыр оңай жыл болған жоқ. Тұрғындар су тасқынынан зардап шегіп, барлық күш-қуат апаттың зардабын жоюға бағытталды. Қаланың дамуына қарастырылған қаржының көп мөлшері осы мақсатта жұмсалды. Биыл күзде Орал қаласында Қазақстан мен Ресей арасындағы өңірлік ынтымақтастық форумы өтеді. Қос елдің Президенттері келмек. Соңғы рет мұндай жиын шаһарда 2006 жылы ұйымдастырылды. Осы айтулы іс-шара  қарсаңында қала көркейтіліп, абаттандырылады. Форумға дайындық барысында 22 көшеге жөндеу жүргізіледі. С. Датов көшесінен, яғни «Батыс су арнасы» ЖШС-дан бастап, Асан ауылына дейінгі көше жарықтандырылады. Қаланың орталық көшесіндегі үйлердің қасбеттері қалпына келтіріліп, ескі шатырлар жаңартылады. Әрине, форум қарсаңында атқарылатын жұмыстың бәрі тұрғындардың игілігі үшін де маңызды. Қалада көптеген дүңгіршек (киоск) заңдастырылмай қойылған. Қазір арнайы жұмыс тобы бұл нысандарды алып тастаумен айналысып жатыр. Себебі олардың иелерінде жерге қажетті құжаттары жоқ, салық та төлемей отыр. Кәсіпкерлерге дүңгіршектерді ай сайын өтетін аукцион арқылы сатып алуға болатыны түсіндіріліп келеді, – деп сөзін бір қайырған шаһар әкімі Мұрат Болатұлы одан әрі сұрақтарға жауап  берді.

Жер кезегінде  – 103  мың  тұрғын

Алғашқы қойылған сауал: «Жайықтың жағалауы мен қалалық мәдениет және демалыс саябағында қандай жұмыс  атқарылады?».

– Биыл Жайықтың жағалауы жөнделеді. Жобалау-сметалық құжаттама бар. Жобаның құны – 1,3 млн теңге. Бұл жер толықтай жаңартылып, тұрғындардың емін-еркін қыдырып, демалуына жағдай жасалады. Мердігер компания жағалауды жасыл аймаққа айналдырып, ағаш пен гүл егуді ұсынып отыр. Балаларға арналған ойын алаңы болады. Мен мердігерге әуен ойнатып қоюды, бейнебақылау камерасын орнатуды  ұсындым. Қалалық мәдениет және демалыс саябағы да қайта құруды қажет етеді. Ол үшін жобалау-сметалық құжаттама қажет. Мен қалалық мәслихаттың депутаттарына саябақта жұмыс істейтін кәсіпкерлермен кездесуді ұсындым. Біздің бірнеше ұсынысымыз бен талаптарымыз бар. Олар айналаны таза ұстап, ағаш пен гүлдер отырғызса дейміз. Сонымен бірге көрсететін қызметтерінің бағаларын тексереміз,  –  деді  шаһар  әкімі.

Баспасөз мәслихатында шаһар басшысына «Аталған саябақты ұдайы ауысып отыратын директорлары емес, жерді жалға алып тұрған кәсіпкерлер басқаратынын байқадыңыз ба?»  деген сауал қойылды. Бұған әкім: «Кез келген мәселенің кешенді шешу жолын қарастыру керек. Яғни мен саябақтың жобалау-сметалық құжаттамасын жасағанда қоғам өкілдерін, журналистерді қатысуға шақырамын. Әрине, саябақта жерді жалға алып, кәсіп жүргізіп отырғандар бар. Мұнда тұрғындар отбасымен демалады. Ата-ана мен балалар, жастар уақытты тиімді өткізетіндей жағдай жасалуы керек. Ойын алаңдары, тамақ ішетін орындар болғаны жөн. Сондықтан саябақты тек қыдырып жүруге арналған аймақ жасап қою жеткіліксіз. Онда келушілердің жас ерекшеліктеріне, сұранысына сай қызмет көрсетілуі керек», – деп жауап берді әкім.

DSC04550

Шаһар басшысы 2004 жылдың сәуір айынан кейін жеке тұрғын үй салу үшін жер кезегінде тұрған азаматтарға жер берілмейді деді. Себебі қалада жер жоқ. Тұрғындарға жер беру үшін тағы да Орал қаласының аумағындай жер керек. Бүгінде шаһарда 103 мың адам жер кезегінде   тұр.

Жуырда сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет құрылымдары қалалық әкімдіктің қала құрылысы және жерге қатысты заңнамаларды орындауына қатысты жүргізілген тексерістің қорытындысын жариялады. Онда бұл саладағы кемшіліктер анықталған. Журналистер шаһар басшысынан осы мәселеге қатысты пікірін  де  сұрады.

– Мен әкімдіктің бұрынғы қызметкерлерімен бірге жұмыс істемедім. Сондықтан оларға сипаттама бере алмаймын. Қалада салынған кейбір ғимараттардың мәселесі сотта қаралуда. Сот қандай шешім шығарса, сол орындалады. Мысалы, кәсіпкер М. Мәметова көшесінде бес қабатты үйдің орнына жеті қабатты үй салған. Соның үстіңгі екі қабатын алып тастайды. Арнайы мониторинг тобы күн сайын қаладағы құрылыс нысандарын аралайды. Құрылысшының жоспарымен танысады. Архитектор тиісінше кеңестер береді. Тұрғын үй салатын мердігерлерге көлік қоятын орын мен балалар ойын алаңын салуға, ағаш егуге талап қойылуда, – деді әкім. Шаһар басшысының сөзін орынбасары Азамат Халелов былайша толықтырды: «Қаланың бас жоспары 2016 жылы жасалған. Содан бері өзгеріс енгізілмеген. Тек егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы жасалып келеді. Қазір қалада осындай 20 жоба бар. Бүгінде шаһардың бас жоспарына өзгерістер енгізілуде. Бұрын құрылысшы жоспарды өзгертуге  өтініш жазатын. Жергілікті атқарушы құрылым келісімін беріп, бекітетін еді. Яғни бұл рәсім өте қарапайым болды. Былтырғы маусымнан бастап ереже қатаңдатылды. Сол кезден бері тек бір егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы реттелді. Ал 2023-2024 жылы осындай 30 шақты түзету болды. Бұл жайт осы саладағы заңнаманың қатаңдатылғанын көрсетеді. Қазір кез келген егжей-тегжейлі жоспарлау жобасының (ЕТЖ) ауторы қоғамдық тыңдау өткізуі тиіс. Бұл туралы баспасөз беттерінде, интернет порталдарда жариялайды. Осыдан соң ЕТЖ бұрынғыдай жеке мекеменің емес, мемлекеттік сараптамадан өтеді. Осылайша бас жоспарға сәйкестігі тексеріледі. Географиялық орналасуына байланысты қаланың аумағын құрылыс нысандарымен ұлғайтуға мүмкіндік жоқ. Сондықтан биік үйлер салынып, олардың төменгі қабаттарында коммерциялық нысандар орналасады. Бұл – қалыпты құбылыс».

Жп Орал

Әр аулаға бейнекамералар орнатылады

Қазіргі таңда Жеңіс алаңын ағымдағы жөндеу басталған. Бұл жұмысты 1 мамырға дейін аяқтау жоспарланған. Журналистер тұрғын үй аулаларын абаттандыру ісін де назардан тыс қалдырмады. Кейбір аулалардағы балалар ойын алаңдарын бүлдіріп, ойыншықтарды сындырып кетіп жатыр. Осыларға қатысты қолға алынып жатқан іс-шаралар бар ма? Бұл сауалға  жауап берген Мұрат Болатұлы  қаланы абаттандыру жалғаса беретінін және әр аулаға бейнебақылау камераларын орнату жоспарда бар екенін айтты. Себебі ол бұл құрылғыны орнатпай тәртіпке шақыру қиын дейді. Сосын әрбір аулаға учаскелік полиция қызметкерін «байлап» қою да мүмкін емес. Негізі, әрбір тұрғын үйде жеке пәтер иелері кооперативі, меншік иелерінің бірлестігі немесе жай серіктестік болуы керек. Олар аулаларға мүлік ретінде қарап, күтіп ұстаулары тиіс. Орал қаласы әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиевтің сөзінше, биыл былтыр басталған 24 ауланың абаттандыру жұмысы аяқталады. Олардың арасындағы екі-үш ауланың тұрғындары бейнебақылау камераларын өздері орнатып қойған. Аулаларды абаттандыру жөнінде тұрғындардан түскен 80 өтініштің арасынан белсенді тұрғындары бар тағы 30 аула таңдап алыныпты. Енді осы аулалардың тұрғындарымен кездесу өтіп, ұсыныстары тыңдалады. Көлеміне қарай бір ауланы абаттандыруға шамамен 40-50 млн теңге кетеді. Мәселен, биыл «Автопарк» аталатын шағынауданда Урдинский көшесі 27, Жамбыл көшесі 215, Алматы көшесі 194 мекенжайларындағы аулаларды абаттандыру жоспарда бар. Соған сәйкес балалар ойын алаңы салынады  әрі  жасыл  желек  егіледі.

орал

Жаңа көпір қажет пе?

– Ақжайық шағынауданында көпір салынуы керек. Қазір онда құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Болашақта 35-40 мың адам тұрады. Иелері жаңа баспаналарға қоныстана бастады. Бүгінде шағынауданда аутобос қатынасы жолға қойылды. Шағынаудан өскен сайын, жаңа көпірдің қажет екені біліне бастады. Біз бір халықаралық компаниямен меморандумға қол қойдық. Ол көпір құрылысының қанша тұратынын өз қаражатына есептеуге міндеттенді. Бұл көпір Зашағандағы жүктемені жеңілдетеді. Барлығы есептелгеннен кейін ұқсас нұсқалар зерттеледі. Көпірді салу үшін көп қаражат қажет, – деп жауап берді әкім «Жаңа көпір салына  ма?»  деген  сауалға.

Қала басшысының мәліметінше, қаладағы аутопарктер 20-25 пайызға тозған. Жыл сайын жаңа көліктермен толықтырылуда. Жолаушы тасымалдаушы компаниялар индустриялық даму қорынан жеңілдетілген несие алады. Әсіресе, қарбалас сағаттарда, яғни таңертең және кеште жолаушылардың саны артады. Шаһар басшылығы жолаушы тасымалдаушы компанияларға осы уақыттарда бір не екі қосымша маршрут шығару керектігін айтқан. Бүгінде тұрғындарға алты компания, яғни күн сайын 280 аутобос қызмет көрсетеді. Алайда әлі 40 аутобостай қажет. Биыл әкімдік маршруттарды оңтайландыру жобасын қолға алмақ. Ол үшін арнайы лицензиясы бар ұйымды іздестіріп жатыр. Яғни мұндай ұйым қай маршруттарды оңтайландыру қажет екенін анықтауы  тиіс.

Журналистер жолда көп жүретіндіктен, қаладағы қай жолдың халі нешік екенін біледі. Сондықтан шұрық тесік жолдардың  қашан жөнделетінін сұрады. Мысалы, осы айда Жәңгір хан көшесін орташа жөндеу басталады. Ескі әуежай шағынауданында биыл алты көше жөнделмек. Негізі, бұл ауданда жөнделмеген 30-дан астам көше бар. Орал қаласындағы аутомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 690,3 шақырым. Оның ішінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың ұзындығы – 439,6 шақырым (жолдардың жалпы ұзындығының 63,7%-ы), топырақ жабынды жолдардың ұзындығы – 250,7 шақырым (жолдардың жалпы ұзындығының 36,3%-ы). 2023 жылы 68,6 шақырым жол жөнделген. Былтыр ұзындығы 56,1 шақырым 41 көше жөнделіпті. Өткен жылы басталып, ауыспалы кезеңмен биыл жалғасатын бірнеше жоба бар. Оның ішінде 4 жоба – шағын аудандардың ішкі орам жолдары, 6 жоба – орташа жөндеу, 7 жоба – күрделі жөндеу және реконструкция. 2025-2026 жылдарға ұзындығы 73,08 шақырым болатын 47 жоба дайындалған. Қажетті қаражат  –  10,1  млрд  теңге.

Орал

Әкімдіктің бұралқы итпен «күресуге», олардың санын шектеуге қатысты қандай тиімді шаралар қабылдайтыны да сұралды. Әкім бұл мәселенің күн тәртібінде күйіп тұрғанын айтты. «Менің білуімше, облыстық ветеринария басқармасы 600 итке арналған питомниктің құрылысына арналған жобаға тапсырыс берген. Алайда қалада 600 емес, 10 мыңнан астам ит бар. Сондықтан питомник сала берумен мәселе  шешілмейді. Тұрғындардың иттерін тегін зарарсыздандыруға қатысты сұрақты қарастырып көрейік. Алайда оралдықтардың бәрі бірдей бұл тәсілді пайдаланады деп ойламаймын. Бұралқы иттердің көбеюіне тұрғындардың өздері кінәлі. Саналы адам итін ауладан шығармай ұстайды. Зооқорғаушылар зарарсыздандырылған иттерді қорғаштап жүр. Алайда бұралқы жануарлардың бәрін тамақтандыру, күтіп ұстау мүмкін емес», – деді қала әкімі Мұрат Байменов. Кездесуде сондай-ақ электр желісінің тозуы, ағаш отырғызу, қала орталығындағы гараждар, таза ауыз суға қатысты сұрақтар  қойылды.

Ясипа Рабаева,

 «Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале